
Депутаттар облыс әкімінің жұмысын оң бағалады
Биылдың алғашқы 6 айында Түркістан облысының жалпыөңірлік ішкі өнімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,8 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімі 5,1 пайызға көбейсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласындағы өнім 4,7 пайызға көбейді. Ал, кен өндіру 5,3 пайызға молайса, электрмен жабдықтау 19 пайызға артты.
Бұл туралы алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырық бірінші сессиясында өзіне жүктелген міндеттердің орындалуы жөнінде есеп берген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты.
– Түркістан өңірінде шағын және орта кәсіпкерлік саласы жақсы дамып келе жатыр. Облыста 137 800 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш бойынша біз республикада Алматы қаласынан кейінгі екінші орындамыз. Аталған салада облыста 204 мың адам жұмыс істейді. Яғни облыста еңбекке жарамды халықтың 25 пайызы осы салада тер төгіп жүр деген сөз. Шағын және орта бизнес өкілдері өндірген өнім көлемі биылғы бірінші жартыжылдықта 29 пайызға өсті, – деді Өмірзақ Естайұлы.
Өңір басшысының айтуынша, есепті кезеңде облысқа тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39 пайызға өскен. Алайда, облыс әкімі бұған Түркістан қаласында басталған құрылыс жұмыстары әсер еткенін, сондықтан облыс экономикасына инвестиция тарту жұмысын әлі де күшейте түсу қажеттігін атап өтті.
– Түркістан – жаңадан құрылып, енді ғана дамып келе жатқан облыс. Оның экономикасы өркендеуі үшін барлық салаларға ірі көлемде капитал құйылуы тиіс. Сондықтан біз облыстың барлық аудан, қалаларында болсын, Түркістан қаласының өзінде болсын инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек. Осы мақсатта облыста жаңадан арнайы экономикалық аймақтар ашылып жатыр. Аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат үздіксіз жұмыс істейтін фронт-офис аштық. «Түркістан инвест» компаниясы да «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істеуде, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, облыс әкімдігі қазір 79 инвестициялық жобаны назарға алып отыр. Бұл жобалардың жалпы құны 1 триллион теңгеден асады. Оның ішінде шетелдік инвесторлармен бірлесіп 972 миллиард теңгенің 32 жобасын жүзеге асыру жоспарланған.
Облыс әкімдігі өңірдің туристік әлеуетін ескере отырып, туризм саласын дамытуға баса назар аударып отыр. Алдағы уақытта осы салада жалпы құны 20 миллиард теңгеден астам бірқатар жоба жүзеге асатынын, атап айтқанда, этнотуризм мен экологиялық туризмге, оның ішінде тау шаңғысы бағытына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Бұл бағыттағы ең басты мақсат – 2025 жылға дейін облысқа келетін туристердің жалпы санын жылына кемінде 4 миллион адамға жеткізу.
Облыс басшысы Түркістан өңірі экономикасының локомотиві ауыл шаруашылығы саласы екенін атап өтті. Сондықтан бүгінде агросектордың дамуына айрықша назар аударылуда. Соның нәтижесінде осы жылдың алғашқы 6 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4 пайызға ұлғайған.
Мемлекет бүгінде ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға көңіл бөліп отыр. Түркістан облысында бұл бағытта тамаша табыстарға қол жетті. Нақтырақ айтар болсақ, есепті мерзімде облыстан шет мемлекеттерге экспортталған ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 65 пайызға өскен.
– Бүгінде Түркістан қаласының маңайында арнайы азық-түлік белдеуі құрылуда. Осыған байланысты пилоттық жоба ретінде 1370 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісін енгіздік. Жалпы, бүгінде облыста тамшылатып суару әдісі қолданылатын алқаптың көлемі 11 мың гектардан асты. Болашақта Түркістан азық-түлік белдеуінің көлемі 15 мың гектарға дейін жетеді. Онда тамшылатып суару әдісін қолданудың арқасында ағын су 5 еседей үнемделіп, көкөністің өнімділігін 3 есеге, жеміс пен жүзімнің өнімділігін 1,5 есеге, мақтаның өнімділігін 2,5 есеге арттыру көзделген, — деді Ө.Шөкеев.
Өмірзақ Естайұлы облыста мал шаруашылығы саласының қарқындап дами бастағанын айтты. Мұны облыстан ет өнімдерінің шет мемлекеттерге көптеп экспорттала бастағанынан-ақ байқауға болады. Мәселен, өткен жылы бүкіл республикадан 18 мың тонна ірі қара еті экспортталса, биыл 6 айдың өзінде бір ғана Түркістан облысынан шекараның арғы жағына 10500 тонна ірі қара еті жөнелтілген. Мұнан бөлек облыс шаруалары шет мемлекеттердің нарықтарына 2 500 тонна қой етін шығарған. Сондықтан, Түркістан облысы ет экспорты бойынша биыл да республикада көш бастап келеді.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы сынды маңызды саланың өзекті мәселелерін де айналып өтпеді. Өңірдегі диқандардың ең өзекті мәселелерінің бірі – ағын су тапшылығы. Ө.Шөкеевтің айтуынша, облыста осы проблеманы шешу мақсатында 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның жиынтық құны 29 миллиард 300 миллион теңгені құрайды. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы ағын су тапшылығын 189 миллион текше метрге қысқартуға болады. Бұл өңірдегі егістік алқабын кеңейтуге, өнімділікті арттыруға, сол арқылы жаңадан 1 500 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарының барысы жөнінде де айтып өтті.
– Бүгінде Түркістан қаласында 27 нысанның құрылысы облыс әкімдіктерінің және ұлттық компаниялардың қаржыландыруымен жүріп жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталықта 16 нысан салынуда, оның жетеуі биыл пайдалануға беріледі. Ал, рухани–мәдени орталықта 11 нысанның құрылысы жүріп жатыр, оның төртеуі биыл келушілерге есігін айқара ашады. Сондай-ақ, биыл Түркістан қаласында 52 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Сессияда сөйлеген сөзінде облыс әкімі Ө.Шөкеев Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарын, сондай-ақ, облыстың білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салалары мен инфрақұрылымды дамыту, табиғи газбен, таза ауызсумен, сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету және жолдарды жақсарту бағыттарында атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоба-жоспарларымен бөлісті.
Мұнан кейін облыстық мәслихаттың депутаты, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Әбілқасым Досболов сөз алып, әріптестерінің атынан облыс әкімінің жұмысына оң баға берді. Сессияда бірқатар мәслихат депутаттары, ардагерлер, кәсіпкерлер мен мұғалімдер сөз сөйлеп, Түркістан облысының дамуына қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Пікіріңізді қалдырыңыз