
Құданың хаты
немесе қос енесіне құлдай қызмет еткен келіншектің сыры
Бірде көрші
Ибадулла інімнің үйіндегі келінге қан қысымын өлшетуге кірдім. Өлшеді.
– Аға, қан
қысымыңыз көтеріліп кетіпті. Басыңыздың ауырып, күш-қуатыңыз кеміп, қалжырап
жүргеніңіз содан болар, – деді Гүлазия келін.
– Қарағым, қай
институтты бітірген едің? – деп сұрадым.
– Қайдағы
институт, аға, ондай дәурен қайдан бұйырсын біздей қарапайым жандарға.
Ленгірдегі медучилищеге қол жеткеніне де шүкіршілік еттік қой кезінде.
– Келін, оқу
орнын бітірісімен мамандығыңыз бойынша қай мекемеде қызмет атқардыңыз? – дедім.
Шынын айтсам, туған елге келген сайын ауылдас келін үйдің таусылмас, өнбес
күйбең тіршілігінен бір босамайтын. Белгілі бір емхана не ауруханада қызметте
деп естіген емеспін.
– Училищені
бітірген жылы ініңізге тұрмысқа шықтым. Келіншек болып табалдырық аттағанымда
қос кемпірдің қолына түскенімді өзіңіз білесіз. Үлкен әже енемнің енесі де, ал
кіші енем – Ибадулланың анасы. Әжеміз сексеннің о жақ, бұ жағында болса,
ініңіздің анасы алпысты майдалаған шағы. Обалдары не керек, төбемнен бұлт
ұшырмай алақандарына салумен болды. Еркелігімді көтерді. Жақсымды асырып,
жаманымды жасырып дегендей, мәпелеп бақты. Бірі от жақса, бірі қазан көтерді.
Сәтті істеріме балаша қуанды, білмегенімді білдірді. Бір сөзбен айтқанда, өз
қыздарынан артық көрмесе, кем көрмеді. О дүниелері жарық болғыр жарықтықтардың
«мұның не?» дегенін естімедім.
«Жұмысқа
кіргізіңдер. Дипломым күйіп кетпесін» дедім. Екеулеп «ойбай-ау, қарсылығымыз
жоқ. Істегің келсе рұқсат, қатарыңнан қалма» десті олар.
Шаңырақ
көтергенімізге бір ай толар-толмас Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт елді
мекеніндегі ауруханаға медбике болып орналастым. Жұмыс орнына жақын жерден
пәтер жалдап, ініңіз екеуміз уайым-қайғысыз тұрып жаттық. Училищеде теориялық
білімді ойдағыдай игергендіктен болар, медбикелік кәсіби икемділікті – ине
шаншуды, система құюды тез әрі мүлтіксіз орындауды меңгеріп алдым. Науқастар
қабілетіме ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырып жатты. Ұжым алдында да
абыройым арта түсті. Бұл мені одан сайын қанаттандырды.
Өмір шіркін
осылайша өте берер ме еді, қайтер еді, егер үйге Рахматулла (Ибадулланың ағасы)
аға бармақ басындай хат-қағаз алып келмегенде.
Жұмыстан
кештетіп қайттым. Күнде жарқылдап қарсы алатын Ибекеңнің неге екенін қайдам,
ұнжырғасы түсіп, кірпідей жиырылып қалыпты. Мұндай кейпін тұңғыш рет көруім.
Алла-ай... «Жақсылық болғай» дедім іштей секем алып.
– Ә, жігіт,
асылыңнан көз жазып қалғандай көңілсізсің ғой. Не жазып қалдық? – дедім
көңілімде ешнәрсе жоқ, әзіл-шынын араластырып.
– Мә, оқы, –
деп тілдей қағазды ұстата салды.
Көтеріңкі
көңілім су сепкендей басылды. Небір жаман ойлар жан дүниемді шарпып өтті. Кең
дүние тарылып, белгісіздік батпағы бойына белуардан батырып барады.
«Сәлем хат»
деп басталыпты зәремді ұшырған бір жапырақ қағаз. Әкемнің қолтаңбасын тани
кеттім.
«Алтыннан
ардақты, күмістен салмақты күйеу балам Ибадулла мен жағамдағы құндызым Гүлазия.
Алла Тағала бұйыртқан уәзипаларыңды абыроймен орындау уәжіп екенін мен
ескертпей-ақ білерсіңдер деп үміттенем. Қазақта «қолдың қимылынан, көңілдің
пиғылынан» деген уәжді сөз бар. Адам бойындағы бұл пәтуалы қасиеттер тек
имандылық пен әділдік сапында көрінсе ғана құнды да мәнді.
Ал, сендердің
әрекеттерің менің пәсімді басып, кірбің түсірген кінаратты құзырларыңа жеткізу
пенделік парызым деп білемін. Демегім басына ғаріптік түскен тістері сары
қайрақ болған, тауаны таусылуға айналған, байпағынан басқа сүйенері жоқ қос
мұңлықты тағдырдың тәлкегіне тастап кеткендерің кешірілмес күнә. Өз қолы өз
аузына жеткен перзенттің, меніңше, ең басты парызы – ата-анасына арқасүйер
сүйеніш болу, қамқорлық жасау. Ал, мына қылықтарыңа не деп мәміле жасарымды
білмей далмын.
Қызым Гүлазия,
пәленшенің қызы өзі түгілі байын да соңынан ертіп, жетім кемпірлерді
жетімсіретіп тастап кетіпті деген қаңқу сөзге қалдырғаныңа пүшайман болып
отырған жағдайым бар. Егер менің перзентім екендігің рас болса, бұ хабар қолыңа
тиісімен жасаған қателігіңді түзетіп, пұшайман жандардың бақайларын сазға тигізбей
қамқор болады деген сенімдемін. Сонда ғана мен саған екі дүниеде де риза
боларым хақ. Көргенсіз әулеттің қызы екен дегізбе, қарағым.
Сәлеммен үшбу
хат-хабар жолдаушы он сегіз мың әлемді жаратушы аса мейірімді де қамқор Алла
Тағаланың жұмыр басты пендесі, соңғы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмбеті
Қалтай деп білерсіздер» деп аяқталыпты әкемнің хаты.
Оң-солымызды
танығаннан бастап әкеміздің шындық үшін шырылдап, ақиқат үшін арпалысатынын
білетінбіз. Мына «Сәлем хатында» да содан танбапты. Өзінен бұрын өзгенің қамын
жеген, ұят деген ұлы қасиеттің парқын білген қайран әкем. Тұла бойынан
қазақылықтың лебі есетін қайран әкем-ай.
Ата-баба
салт-дәстүріне берік қазақтың бар әкесі сіздей болсайшы! Сонда салауатты
төріміз бүтін, бұлағымыз лайланбас еді-ау!
Дәстүр қалауы,
асқар таудай әке қалауы сол екен, жұмыстан құжаттарымды да алмай, түнделетіп
көштік те кеттік. Келгенімізге енем мен енемнің енесінің жүректері жарыла
қуанғанын айтсаңшы! Отырғызарға жер таппай көпке дейін балаларынан гөрі мені
айналып-толғанумен болды. Қос мұңлықты шаттыққа бөлегенімізге біз де қуандық.
Асып-төгілген көңіл-күй саябыр тапқан кезде нендей жағдай болғанын сұрадық.
Енемнің
енесінің әңгімесі. «Екінді мезгілде «құдайы қонақпыз» деп Қалтай құдамыз аттан
түсіп жатты. Жалғыз өзіммін. Сәтен келін болса тауық фермасында жұмыстан әлі
келмеген. Сыйлы қонаққа дастарқан жайып, оған қояр тәтті-пәттінің, май-шайдың
қайда екенін білмей күйбеңдедім де қалдым. Табақ-аяқтан суып қалған қол епке
көнсейші. Әйтеуір сүрініп-қабынып жүріп шай әкелдім. Сәтен жұмыстан келгенше
дайындап қояйын деп қатқан-құтқан сүйек-саяқты салып қазан көтердім.
Кеш кеуім
тартты. Күнде бұл мезгілде келін келіп қалатын еді, қасақана бұ қараңқалғыр
қара көрсетсейші!
Қамыр илеуге
кірістім. Икемі кеткен шіркін қолдар иліксейші. Су терге малшынып, әбігерге
түстім.
Өлдім-талдым
дегенде, ебіл-дебілі шығып Сәтен де келді-ау фермасынан.
Өз енемнің
айтқаны:
Қасақана сол
күні фермаға мал дәрігері келіп, тауықтарға жұқпа ауруларға қарсы екпе
жұмыстарын жүргізгендіктен сілікпем шығып үйге келсем, енем сыртта қарсы алып:
– Әй, не
болды, Құдай тілеуіңді бергір. «Әншейінде би аға түйе ауғанда қайда едің»
демекші, алба-далбам шығып жатқанымда сонша кешіккенің не? – деді кейісті
үнмен. Әбіржіп кеткен, үсті-басында ұн жағылмаған жері жоқ.
– Алба-далба
болатындай не болып қалды, енем-ау, – дедім таңданысымды жасыра алмай.
– Қалайша
әбіржімейін, үйге қадірлі қонақ келіп жатса, – деді.
Үйге кірдім.
Төрде Қалтай құда жападан жалғыз күбірлеп тәсбих аударып отыр екен. Енем астына
жөнді көрпеше салуды да ұмытып кетіпті.
Құрақ көрпеше
салып жүріп, құда-құдағилардың аман-есендігін сұрап болған соң:
– Құдағиыңызға
ас-су әзірлеуге қолғабыс етейін, – деп рұқсат сұрап сыртқа шықтым.
– Ал, ене,
құдаңыздың қасына барып, әңгімелесіп отырыңыз. Жалғызсыратып қойғанымыз ұят-ты.
Қалған тіршілікті өзім-ақ тындырамын, – дедім де іске кірістім. Тоқсан ауыз
сөздің тобықтай түйіні екі кемпір жабылып жүріп қадірлі қонақты әзер күтіп
алдық.
Негізгі астан
соңғы шай үстінде әз тұтқан құдамыз:
– Құдағилар,
жаңа түскен келіндеріңіз қайда осы? Көрінбейді ғой, – деп сұрады.
– Шаңырақ
көтеру тойы өтісімен-ақ, баламыз: «Келіндеріңіз дипломым күйіп кетпесін,
жұмысқа орналастырыңыздар деп сіздерден рұқсат сұрап жатыр» дегенде, біз не
дейік, жас келіннің меселін қайтармайық деген оймен қарсылық етпедік. «Әркімнің
қолы өз аузына жақын демекші», оқыған қызымызды үй күзеттіріп қойғандары
қалай?» деп ренжи ме деп сіздерден де ұялдық. Баламыз жүгіріп жүріп көрші
Сайрам ауданындағы Қарамұрт елді мекеніндегі ауруханаға орналастырды. Сіздер естімеген
екенсіздер ғой. Қазір екі айдың жүзі болды. Қалай жалғыз өзін жібереміз,
қосағымен қоса ағарсын деп баламызға да батамызды бердік. Ерлі-зайыптылар болып
тұрып жатыр. «Ел – аман, жұрт – тынышта» бізді Құдай алмас, енеміз екеуміз
әлім-берім күнелтудеміз, құда, – депті өз енем.
– О бастан
жалғасқан дәстүр бойынша ата-баба зәузатының міндеті көтерген шаңырағының
берекесі мен ынтымағын күйттеу емес пе еді. Жаңа түскен келін баланың іс істеп,
дүние табу орнына ата-ененің алдын кеспей, сыйлап, талбесік тербетіп, бесік
жырын жырлау емес пе еді, – деді құда ренжи сөйлеп.
– Бүгінгі
жастардың не қылса да еркі ғой, құда, – деді әжелерің.
– Жоқ, құдағи,
сіздерді қара күйелеш етіп, жұртта қалдыруы ел таразысын аңдамаған албырт
жастардың шалалығы деп білемін. Ел-жұрт не дейді? Пәленшенің қызы, тәрбие
көрмеген көргенсіз екен, төрінен көрі жақын екі кемпірді жұртта қалдырып,
күйеуін де соңынан ертіп тайып тұрды, – деп әузе еспей ме? Сонда түптің түбінде
нала кімді табады?..Кімді?.. Жоқ, бұған пәрмен беруге болмайды, – деді де
Қалтай құда қалам-қағаз сұратып алып, сіздерге хат жазды да «мынаны әулекіге
ауылдас болғандарға ертерек жеткізіңдер» деді жарықтық.
Ал, хаттың
мазмұнын өзіңіз білесіз. Сол-сол екен, көз майын тауысып алған диплом адыра
қалып, абдыраға түсті. Шамамыз келгенше қос кейуананы төрге төрт қабат құрақ
көрпеге отырғызып, үсті-бастарына кір жуытпауға тырыстық. Қабақтарына кірбің
түсірмей, қалауын табуға әрекет еттік. Олар да әзір асқа аяқ ала жүгірмеді,
шамалары келгенше үй тірлігіне қолғабыс етумен болды. Әсіресе, бала басты
болғанымда бірі оң жағыма шығып, екіншісі сол жағымның сүйеніші болғанын күні
бүгінге дейін ризашылықпен еске аламын. Құда-жекжаттарға қыдырыстап келгенде
алып келген тәтті-пәттіні немерелерінен бұрын менің аузыма тосатынын айтсаңшы,
жарықтықтардың. Сонау жылғы осы үйдің табалдырығын аттар-аттамас асыл жандарды
тағдырдың тәлкегіне қалдырып кеткеніміз есіме түссе, ұяттан жерге қараймын.
Құдайдың мұнысына мың да бір шүкір, қатарымыздан озбасақ та, көштен қалғанымыз
жоқ. Қара азыққа қарнымыз тоқ болды, киер киімге зар болмадық. Жаратқанның
жақсылығы шығар, ұлды да, қызды да етті. Балаларымыз өз арбаларын өздері
сүйретіп жүрген жағдайлары бар. Ең бастысы, адалынан берді.
Байлауы жоқ үш
күндік бұл жалғанға кім тұлға болар дейсіз? Талқаны таусылған шақта балаларым
әжелерін бірінен соң бірін ақ жуып, арулап жөнелтті.
Мына жалғаннан
баз кешерде енем, енемнің енесі қастарына шақырып алып, қалтыраған әлжуаз,
дәрменсіз қолдарымен маңдайымнан сипап тұрып:
– Баламыздың
соңынан ерген ұл-қызына ана болған, қос мұңлықтың жел жағына пана болған
қарағым, бұ пәниде жасаған қамқорлығың мен еткен қызметіңе екі дүниеде де
ризамыз. Өмір жасың ұзақ болып, өсіріп отырған перзенттеріңнің игілігін көр, –
деп бата-алғыстарын айтқанда, бүкіл жан дүнием босап, көз жасыма ерік бердім.
Бұл өмірде мен үшін бұдан артық құрмет, бұдан асқан мадақ-марапат бар деп
ойламаймын. Ата жоралғысы, әке жолын мұрат тұтқаныма өкінбеймін, – деп аяқтады
көргенді Гүлазия келін өз сөзін.
Бегман ЫСҚАҚ, ХГТУ
профессоры.
Пікіріңізді қалдырыңыз