Рухани жаңғыру 0 пікір 3552 лайк

Тарихқа үңілмей, сананы жаңғырту мүмкін емес

Сәуір 16 / 2019

 

«Қазақ халқы ғасырлар бойы жаңғырып келеді. Әр дәуірдің өзіндік белесін сол дәуірдің идеологиясымен және әлемдік деңгейдегі үрдістерімен сабақтастыра қарастыру шарт» дейді филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанов.

 

Біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан басқа ұлттардың көптеген көрнекті тұлғалары Қазақстан тарихын жасауға, еліміздің өркениетін қалыптастыруға өз үлестерін қосқанын жоққа шығара алмаймыз. Осы орайда, тілге тиек болғалы отырған Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауылындағы «Шұбар» жалпы орта мектебінің тарихы туралы сөз қозғасақ.

Тарихи деректерге сүйенсек, патша өкіметінің қоныстандыру саясаты бойынша 1886-1892 жылдар аралығында Шұбар елді мекеніне Ресейден алғаш 18 әулет көшіп келген. 1886 жылы маусымда «Түркістан өлкесін басқару және онда жер-салық өзгерістерін енгізу туралы» ереже шығады. Ережеге сәйкес облыстарда статистикалық комитеттер ұйымдастырылып, халықтың сауатын көтеруге бағытталған бірқатар ізгі істер атқарылады. Халықты сауаттандыру кезінде білімді, сауатты адамдардан ынталы топ құрылып, сол топтың құрамында Шұбардың тұрғындары Василий Никитович Сарафанов пен Андрей Пантелеевич Кравченко болған. Ынталы топ мүшелері Түркістан өлкесіндегі Шымкент уезінің бастығынан мектеп, аурухана салып беруді өтінеді. Топ мүшелерінің өтініштері қанағаттандырылып, бірнеше селоларда қарқынды құрылыс жұмыстары басталған. Шұбардағы мектеп құрылысы 1898 жылы басталып, 1903 жылы қолдануға берілген екен. Мектептің салынуына зор еңбек сіңірген В.Н.Сарафанов мектептің ең алғашқы директоры да, бастауыш сынып мұғалімі де болды. Алайда, сол кезеңдегі идеология бойынша алғашында 4 кластық білім беретін мектеп ретінде ашылған оқу орнында тек орыс балалары ғана білім алған. «Бұратана» болып есептелген қазақтардың балалары білім алуға құқығы болмады. Тек 1921-1932 жылдары ғана мектепте қазақ сыныптары ашылған. 1932-1938 жылдары мектеп жетіжылдық қазақ-орыс мектебіне айналады.

Талай қиын кезеңдер мен жаймашуақ күндердің куәсі болған бұл мектеп ғимаратынан 21 ғалым, әдебиет, баспасөз, медицина, педагогика саласында Қазақстанға еңбегі сіңген белгілі тұлғалар білім алып, тәрбиеленіп шықты. Күйдірілген қыштан соғылған мектеп үйінің құрылысы сол кездегі сәулетшілердің жобасымен салынған. Ғасырдан астам ғұмыры бар ғимараттың бүгінгі күйі мәз емес. Ішкі бөлмелері сыз тартып, терезелері шағылған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында біздің жерімізде пайда болған мәдени жетістіктер, ұлттық тарих көкжиегінің бағалануы мен зерттелуінің уақыты келгенін атап айтады. «Шұбар» жалпы орта мектебінің мұрағатында өткен тарихымыз бен тұрмыс-тіршілігімізден сыр шертетін 50-60 шақты көне заттар бар. Ескі мектеп ғимаратын өлкетану музейі ретінде пайдалансақ, сол арқылы оқушылардың санасына ұлт тарихын сіңірсек деген мақсатымыз бар.

Нұрсұлтан Әбішұлы «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялату, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс» деп атап көрсетті. Төл тарихын білетін, бағалайтын ұрпағы бар халықтың болашағы зор болатыны анық. Алайда, мәдени негізге назар аудармай сананы жаңғырту мүмкін емес. Сол себепті, жүз жылдан астам тарихы бар ғимаратты бүгінде облыстық мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі орталығының қарауына өткізу туралы ұсыныс жасалып отыр.

Айнұр ОРЫНБАЙ, «Шұбар» жалпы орта мектебінің мұғалімі. Ордабасы ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ