Өткенінен бейхабар ұлттың болашағы жоқ

Сәуір 16 / 2019

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық тарихты терең зерттеу мен ұлықтауға қатысты бірқатар жобаларды ұсынған болатын. Аталған жобалар бұл күндері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде жүзеге асырылуда.

Ұлт Көшбасшысы өз мақаласында «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деп атап өткен еді.

Еліміздің Тұңғыш Президенті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Отан тарихын зерттеуге, оның халқымызға кеңінен насихатталуына үнемі баса назар аударып келді. Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында шет мемлекеттердің архивтерінде сақталған қазақ тарихына қатысты қаншама құнды қолжазбалар, маңызды деректер жинақталып, баспа жүзін көрді. Сондай-ақ, «Халық тарих толқынында» атты жалпыхалықтық жоба да ұлттық тарихымызды тереңірек тануымызға жол ашты. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау халқымыздың рухын асқақтатып, мерейін тасытқан шараға айналды.

Өткенін танымаған халықтың болашағы бұлыңғыр. Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлт тарихының ең маңызды парақтарына айрықша тоқталып, біздің ұлы бабаларымыздың адамзат өркениетіне қосқан үлесін кеңінен көрсетіп берді. Әрі халықтың тарихи көкжиегі кейбір ғалымдар айтып жүрген кезеңнен әріде, сонау мыңжылдықтардың қойнауында жатқанын паш етті.

Өзінің төл тарихын тану, сол жасампаз бабалардың, мәдениеті бай, рухы асқақ халықтың ұрпағы екенін сезіну бүгінгі буынның бойына жасампаздық ұрығын себеді.

Демек, мемлекетіміздің ендігі жаңа басшылары да Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегін насихаттап, онда айтылған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруы керек. Мұның өзі халықтың бойындағы бұла күштің көзін ашып, оның санасына түпкілікті өзгеріс әкелер еді.

Нұрәлі ӨТКЕЛБАЕВ, профессор. Шымкент қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ