Түркiстан өлкесiнде туризмдi қалай дамытуға болады?

Сәуір 16 / 2019

 

Адамзат тарихында өркениет биігіне әр ел әртүрлі жолмен, өзіндік білік-ұстанымымен жетіп жатады. Соның ішінде уақыт сынынан өтіп, талай елдің молшылыққа деген үмітін ақтаған ең сенімді жолдың бірі – туризм. Бүгінде туризмді жақсы жолға қоюының арқасында әлемнің біраз елі қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, шалқып-тасып өмір сүріп жатқан жайы бар. Сондықтан өркениеттің ұлы көшіне ілескен біз үшін де туризмді мықтап қолға алу керек. Өйткені, бізде туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар. Көрген жұртты тамсандыратын таулы-далалы, өзен-көлді, құмды-шөлді өңірлеріміз қаншама?! Талай ғасырдан тылсым сыр шертер қасиетті жерлер болса да жеткілікті.

 

Серуеншілерге төмендегідей бағдарламалар ұсынар едік. Бір Түркістан, бір Арыстан баб пен Отырарды қанша әспеттеп көркейткенмен, шетелдік қонақ біздің бір күндік, не екі күндік сапарымызға бола ит арқасы қияннан ат арытып келмейді. Туристік сапар кемі бір апталық, не он-он екі күндік болуы керек. Туристерді елге көптеп тарту үшін өлкедегі тарихи орындар мен көрікті жерлерді бір маршрутқа біріктіріп, келушілер қызығатын үлкен кешенді жоспар жасағанымыз тиімді. Шамамен он-он екі күнге созылатын сапар туристерге қазақ елі туралы үлкен әсер ғана емес, көп мағлұмат та берер еді. Сондай-ақ, осы орайда айта кететін бір мәселе, біздің жеріміз өте кең әрі табиғи, тарихи орындарымыз бір-бірінен өте алшақ жатқандықтан, әуе қатынасы – тікұшақты пайдалану қызықты да тиімді.

Қонақтар әуелі пойыз немесе ұшақпен Шымкентке келіп түседі. Қонақүйге жайғасып, қаланың көрікті жерлерін аралап, танысады. Кешірек қонақүйден тамақтанып, серуенге шығады. Театр, тағы басқа ойын-сауық ошақтарында болады. Ертесіне автобустарға отырып, Түркістанға сапар шегеді. Осы жол бағытын өзгертуге неге болмасқа?! Шымкенттен Бәйдібек даңғылы арқылы шығып, жолай Домалақ ана, Бәйдібек би кесенелері мен Ақмешіт жер асты мешітінде аялдау туристерге үлкен әсер берері сөзсіз. Олар Түркістанға жеткен соң тағы да қонақүйге жайғасады. Бірер сағат тынығады. Одан соң қаланы тамашалауға шығады. Қ.А.Ясауи кесенесі, хандар қорымы, этнографиялық мұражай мен қолөнер шеберлерінің қалашығында болады. Одан кешкілік қала театрында немесе туристерге арнайы ұйымдастырылатын ойын-сауықтарды тамашалайды. Ал, ертесіне Сауран, Үкаша ата бағыттарына жолға шығып, табиғатпен танысады. Мұнан соң келушілерді Сырдария көпірінен өткізіп, Маяқұм қойнауындағы Құмқалаға неге бастамасқа?! Құмқала – ортағасырлық Орта Азия қалалары үлгісінде салынған шағын қалашық (Бұл қала әзірге салынған жоқ. Біздің қиялымыз. Б.Р.). Мұнда да асхана, қонақүй, ойын-сауық отаулары болады. Құмқала айналасындағы құм іші мемлекет қарамағына алынған табиғи қорық болуға тиіс. Онда құм табиғатының бәрі: тоғай болады, жан-жануарлар дүниесі қаз-қалпында сақталуы керек. Қонақтар мұнда келген соң шығыс үлгісіндегі моншамен, құм табиғатымен танысады. Кешкілік қазақтың ұлттық дастарқанынан дәм татып, шығыстың салт-дәстүріне негізделген ойын-сауықтық шараларға қатысады. Ал, ертесіне 40 шақты түйе керуенімен құмды өлкенің табиғи көріністерімен танысуға шығады.

Құм табиғатын көрмеген жан үшін қоңыраулатқан түйе керуенімен жүрудің өзі бір ғанибет емес пе?! Қонақтар құмды өлкенің өсімдіктер дүниесін, жан-жануарлар әлемін суретке түсіріп, Құмқалаға қайта оралады. Осыдан соң Сырдария өзеніне шомылса. Мұнда да туристерге арнайы дайындаған су бассейндері бар жағажай салынуы тиіс. Шағын кемелерге немесе моторлы қайықтарға отырып өзенді бойлап Көксарай су қоймасына өтеді. Мұнан соң автобустарға отырып, Арыстанбаб кесенесіне келеді. Отырар төбе мен көне кент орнымен, Отырар тарихи мұражайымен танысады.

Мұнан соң тікұшаққа отырып, Қазығұрт тауына беттейді. «Кемеқалған» биігінде, Қазығұрт ұлттық паркінде, «Қырық қыз» бен «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» сынды киелі орындарды аралайды. Осы маңда арнайы жасақталған киіз үйлер көптеп тігілсе, нұр үстіне нұр.

Киелі таудан аттанған туристер Төлеби ауданындагы «Біркөлік», «Тау шаңғысы», «Алатау» сықылды демалыс аймақтарына аялдайды. Сосын Түлкібас ауданына өтіп, «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік қорығының демалыс базасына кідіреді. Осы жерде екі күндей болып, қорықтың сан алуан табиғатын тамашалайды. Тау жорықтарына қатысып, ондағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесімен танысады. Екінші күні Ташкентке өтер қақпа «Жібек жолы» шекара бекетіне кеп түседі. Одан әрі Самарқанға, Бұқараға жол тартады. Автобуспен Ташкентке өтеді. Қаланы аралап, этно-мәдени ошақтарымен танысады, көрікті жерлерін көреді. Өзбекстанның үш қаласын аралаған туристер Шардара су қоймасының демалыс аймағынан бір-ақ шығады. «Алтын жағалауға» өтіп, демалыс аймағында болады. Суға шомылып, катерлерге отырып, сейіл құрады.

Міне, біз айтқан бағытпен жүрген жолаушылар ұмытылмастай әсермен елдеріне аттанар еді.

Біздіңше, Түркістан облысында туризмді дамытудың, тез арада гүлдендірудің нақты бір іс-шарасы, міне, осы.

Бердалы РЫСБЕКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Келес ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ