Рухани жаңғыру 0 пікір 3550 лайк

Түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы

Сәуір 16 / 2019

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы 12 сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселенің қажеттігін неғұрлым терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген болатын. Жасыратыны жоқ, Елбасы латын әліпбиіне көшу жайлы алғаш бастама көтергенде бұл қазаққа не береді деген сауалдың тіл ұшына оралғаны рас. Ал, шынтуайтында, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі ең алдымен Қазақстанның түркі халықтарымен жақындасуына мүмкіндік береді. Бұл – өз кезегінде Қазақстанның мәдениетін және ұлттық құндылықтарын нығайтуға септігін тигізеді деген сөз.

Бұрынғы Кеңес Одағы құрамында біздің елмен бірге болған Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан елдері бүгінде латын графикасына толықтай көшіп үлгерді. Себебі, латын графикасына көшу – заман талабы, тілді рухани байытатын және әлемдік тәжірибені игеруге, табысты ел болуымызға кепіл болатын қосымша серпіліс.

Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық еңбегінде қоғам мүшелерінің екі қағидатты түсініп, байыбына барудың қажеттігі баса көрсетілген: «Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Ұлттық болмыс пен ұлттық кодты сақтаудың дара жолының ең маңыздысы – қазақ әліпбиіне реформа жасау керектігі айтылды. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі кемел келешек жолында жасалып жатқан ауқымды іс екені белгілі. Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі, латын әліпбиі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT технологиялардың тілі. Латын әліпбиі – рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртып, түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы.

Латын әліпбиіне негізделген жазу бүкіл әлемде жаңа техникалық өрлеумен тығыз байланысты. Бұл негізде бүкіл домендік атаулар мен электронды пошта мекенжайлары жазылады. Бұл бүкіл әлем әрі сөйлеп, әрі жазатын ағылшын тілін қазақ балаларының тез игеруіне де септігін тигізеді. Оны бұған ертерек көшкен Түркия сияқты елдерден де көріп отырмыз. Ал, ағылшын тілінсіз қай бағытты алсақ та алға жылжу қиындық туғызатыны белгілі. Сондықтан латын графикасына көшу – елімізді бүкіләлемдік алдыңғы қатарлы жетістіктерге жетуге және өмірдің әртүрлі салаларын тиімді дамытуымызға үлкен әсерін тигізеді.

М.БАЛАУБЕКОВ, Түркістан облыстық прокуратурасының іс жүргізу инспекторы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ