«Екі жүрек сөйлесе, тіл не керек?!»

Сәуір 16 / 2019

 

1972 жылы «Жазушы» баспасынан Асқар Тоқмағамбетовтің «Шағалалы шалқар» және Қалижан Бекхожиннің «Шардара» атты өлеңдер жинағы жарық көрген болатын. Қос ақынның қаламына арқау болған тақырып – Қызылқұм өңірін игеру жолындағы сол кездегі коммунистік партияның жетістіктері, сан ұлттардан құралған құрылысшылардың ерен еңбектері. Ал, екі кітаптағы да басты кейіпкерлер – ерлі-зайыпты Тәңірберді Ағманұлы мен Райхан Әбдірахманқызы.

 

Тәңірберді Ағманұлы Шардараны игеру басталған күннен-ақ құрылыс саласында жұмыс істеді. Стратегиялық маңызы зор Шардара су электр стансасы мен су қоймасының құрылысына бастан-аяқ қатысты. Жаңадан ашылып жатқан кеңшарлардың егістік танаптарын дайындаудың басы-қасында жүрді. «Шардарақұрылыс» басқармасына жергілікті азаматтардың ішінен басшы боп тағайындалған бірден-бір азамат та осы Тәкең. Қызылдың құмына тіршілік нәрін берген күретамыр іспетті «Қызылқұм» су жүйелері шаруашылығын басқарды. Зейнетке шыққан соң да қарап отырмай аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесіне басшылық жасады. Ол кісінің зайыбы Райхан Әбдірахманқызы ауданның ең бірінші акушер-гинекологы. Денсаулық сақтау саласына өзіндік үлес қосқан ардагерлердің бірі. Шардарамен біте қайнасып, бар саналы ғұмырын шағалалы өңірдің өсіп-өркендеуіне арнаған ерлі-зайыптылардың жастық шақтары мен еңбектегі ерліктерін ақындар үлкен шабытпен жырлаған.

«Радио хабарлап тұр «Шардара» деп,

Баяғы құм суырған «шаң дала» жоқ.

Бейне бір гүлге оранған сұлу қыздай,

Орнапты Оңтүстікке бір қала кеп.

Сөйлеп тұр тіл біткендей тастарына,

Оранған гүлдің шоғын бастарына.

Әнші жел әндетеді ертелі-кеш,

Қуаныш күнде әкеліп дос-жарына...

...Ән де, сыр да айтылды ашығырақ,

Қашықтағы жылысты жақынырақ.

Екі жүрек сөйлессе тіл не керек,

Бір арнаға құйғандай екі бұлақ.

Бірі инженер, біреуі дәрігер қыз,

Қозғамай-ақ қояйық әріден біз.

Екі бұлақ махаббат дариясынан,

Қосылғандай боп кетті екі теңіз...» – деп Асқар Тоқмағамбетов жырласа, Қалижан Бекхожин:

«Төменде, жағалауда Темір жүрді,

Дария толқын ойын тебіндірді.

Ойпаттан сонау жатқан елестеді,

Абаттай нуы тұнық, теңіз нұрлы.

«Жайнаса сол алқаптан шалқып теңіз,

Ежелгі жұтаң қырды сәнді етеміз.

Иә, сонда Алмагүлмен жүзіп бірге,

Бетінде көк айдынның әндетеміз...»

Инженер оймен талай таңды атырған,

Толғанып туар іске алда тұрған.

Осында келген еді бұрнағы жыл,

Дипломын алған жігіт Алматыдан.

Осы маң – бесік жері бабасының,

Бұл құмға сүті тамған анасының.

Туса да бұл өңірден аулағырақ,

Жасынан біліп өсті дала сырын...» – деп толғанады.

Екі поэманың да прототиптері Тәңірберді аға мен Райхан апай еді. Олар қазір Шардара қаласында ғұмыр кешеді.

– Екпінді құрылыс алаңына айналған Қызылқұм массивін игеруде КСРО-ны мекендеген орыс, украин, татар, ұйғыр, грек, кәріс, тағы басқа этнос өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті еңбек етті. Асқар ағамыздың да, Қалижан ағамыздың да кітаптарында осынау алтын қолды құрылысшылардың ерен еңбектері паш етіледі. Мен ол кезде «Шардарақұрылыс» басқармасында бас инженер болып қызмет атқаратын едім, – дейді «Құрмет» орденінің иегері Тәңірберді Ағманұлы.

Атағы дүркіреп тұрған қаламгерлер Тәкеңнің отбасында бірінен кейін бірі болып, Шардара су қоймасы мен су электр стансасының құрылысына, Жаушықұм мен Қызылқұмның тарихына терең қанығады. Тәкеңнің әкесі Ағман ақсақал бірнеше колхозда басқарма төрағасы болып еңбек еткен, жұртқа сыйлы қария еді (қазіргі таңда Мақтаарал өңіріндегі бір ауыл Ағман атаның атымен аталады). Шежіре қартпен әңгімесі жарасқан қаламгерлер таңды таңға ұрып сұхбаттасады екен.

– Ақын ағалардың қарапайымдылықтарына тәнті болатын едік. Үйімізде талай қонды, ас-суларын әзірлеп береміз де жұмысымызға кетеміз. Көбіне-көп қайынатаммен әңгіме қылатын. Асқар Тоқмағамбетов біздің аты-жөнімізді өзгертпей, барлық оқиғаны дәлме-дәл суреттесе, Қалижан Бекхожин көркемдеп, мүлде басқа сарынмен жырлапты. Басқа сарын деп отырғаным, қайынатамды Ағабек, менің әкемді Садыр деп, екеуін екі таптың өкілі етіп суреттейді. Яғни Ағабек коммунист болса, Садыр саудамен айналысады. Екеуі Сырдың бойында өмір бақи арпалысып өтеді. Ақырында екі жастың арқасында екеуі бітімге келіп, татуласады. Кітап шыққанда «Садыр деген кім? Менің әке-шешем Аягөзде өмір сүрген шаруа кісілер емес пе?» деп түсінбей қалғанмын. Кейін Қалижан аға өзі хабарласып, «айналайындар, көркем әдебиет болған соң осылай болады, негізгі мазмұн сақталғанмен, сендердің өмір тарихтарыңды өзгертіп алдым, ол үшін ренжімеңдер» деп ағынан жарылды, – дейді денсаулық сақтау саласының ардагері Райхан Әбдірахманқызы.

Қос ақынның кітаптарынан бөлек Серік Байхонов пен Әбдікерім Ахметов бірлесіп жазған «Шежірелі Шардара» кітабында да Тәңірберді ағаның өмір жолы кеңінен қамтылады. Осыдан біраз жыл бұрын «Шаттық шуағын шашқан шаңырақ» кітабы жарық көрді. Отағасы мен отанасының отандасқандарына 50 жыл толған мерейтойларына орай топтастырылған бұл естеліктер жинағына А.Тоқмағамбетов, Қ.Бекхожин, С.Байхонов, Ә.Ахметовтің кітаптарынан үзінділер енгізілген.

Тәңірберді ағамыз бен Райхан апайымыз абырой-атаққа, құрмет-беделге бір күнде немесе бір жылда жете салған жоқ. Қажымай-талмай жұмыс істеді. Туған жерге деген зор махаббаттың, ерен еңбектің арқасында биікке көтерілді. Өздері қолмен құрған мекемелерге, ғимараттарға қуана қарап, бақытты өмір сүріп отырған ерлі-зайыпты еңбек ардагерлері алдағы жазда 80 жасқа толады.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ. Шардара ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ