Экономика 0 пікір 3547 лайк

Бозайда түйеқұс өсiрмек

Сәуір 16 / 2019

 

Келес жақта жұрттың бәрі егін салып, бау-бақша өсіре бермейді. Күнкөрісі тек малға қараған ауылдар да бар. Сондай ауылдардың бірі – Бозай. Мұнда дәл қазір «қой қоздап, түйе боздап, қорада шу» болып жатыр. Жазы ыстық әрі құрғақ болып келетіндіктен, малшы қауымның көктен тілегені – жауын-шашынның молдығы, қара оттың бітік өскендігі.

 

Бозайда төрт түлікті түгел өргізіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген фермерлік қожалықтардың бірі – «Құт-Береке». Қожалық еліміздегі мал шаруашылығын қолдауға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр. «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға» бағдарламаларымен несие алып, мал басын одан әрі көбейтіп, бордақылап сатып та жүр. Былтыр көршілес Өзбекстан Республикасына тірі салмақта 1119,5 тонна ірі қара мал етін экспорттады. 60 млн. Теңге  несие алып, малды асылдандыру бағытын қолға алды.

Қожалық енді сүт өнімдерін қайта өңдеуге қатысты жаңа жобаны жүзеге асыруға кірісті. Ол үшін 960 млн. теңге несие алып отыр. Мұнда айран, сүт, қаймақ, балалар йогурты, сүзбе, ірімшік жасалмақ. Бұл үшін Жамбыл облысының «Олжа», «Дулат» шаруа қожалықтарымен келісімшартқа тұрып, 5 мың уақ мал, 5 мың ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмысшылар санын 50 адамға жеткізбек. Қазір шаруа қожалығында 15 адам жұмыс істейді.

Шөлейтті аймаққа жататын Бозайдың жазы өте ыстық келеді, ауа температурасы 45-50 градусқа дейін көтеріледі. Мұндай климат түйеқұс өсіруге ыңғайлы екен. Шаруа қожалығының төрағасы Амангелді Сопбеков енді Бозай даласында түйеқұс өсіріп көрмек. Өйткені, көршілес мемлекеттерде оның етіне сұраныс жоғары. Сол үшін шаруасын бастапқыда 100 түйеқұс алудан бастамақ.

Әрқашан қиналған жанға қол ұшын созуға дайын тұратын Амангелді ауылдастары арасында үлкен құрметке ие. Есте болса, 2008 жылы Бозай маңындағы Ащыкөл, Қарақалпақ ауылдары су астында қалған болатын. Табиғи апаттан зардап шеккен жұрт оның сол кездегі көмегін, қызыл суды тоқтатудағы еңбегін әлі ұмытқан жоқ.

Ұлттық спортты дамытуда да ол атқарған істер аз емес. Ауыл сыртындағы жазыққа көкпар тамашалауға келген көрермендерге арнап жазда сая, жауын-шашында пана болар шартақ орнатты. Бос жүрген ауыл жастарын ат бағу мен көкпар шабуға баулып, мерекелік іс-шараларда оларға ата-ананы, үлкенді сыйлау, жаман әдет, жат қылықтан аулақ болу секілді ұлағатты әңгімелерін айтып отырғанын көзіміз талай көрді. Оның демеушілігі жеке әңгіме.

Ауыл әкімі М.Қошуақовтың айтуынша, ауыл округінің «2016-2022 жылдарға арналған экономикалық даму жоспары» түзілген. Оған сүт өнімдерін өндіріп саудаға шығару, мал жүнін өңдеп, жіп иіру дейтін жобаларды іске асыру енгізілген. Өйткені, округте 54 мыңнан астам уақ мал бар. Қойдың жүні мен терісін кәдеге жарата алмай отырмыз. Ал, даму жоспарында шикізатты өңдеп, саудаға шығару жағы қаралған. Осы бағытта жұмыс істеуге кіріскен шаруа қожалықтардың арасында «Құт-Береке» де бар.

– Ауылдық округте 2500 тұрғын тіркелген. Олардың 90 пайызының күнкөрісі мал шаруашылығына тәуелді. Сол себепті шаруалардың мал басын көбейтуі, қолдағы малды мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес асылдандырып отыру, ауыл жастарын тұрақты жұмыспен қамту бірінші кезектегі мәселелер, – дейді ауыл әкімі.

Облыс, аудан орталықтарынан шалғайда жатқан ауылда осындай тірліктер жасалуда. Сондықтан да төскейінен төрт түлік өріп, көсегесі көгерген ауыл халқының қазаны майлы, тұрмысы жайлы.

Рахым ЖАНҚОЗИЕВ, Бозай ауыл округінің медиаторы. Келес ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ