Аспан асты, жер үсті 0 пікір 3546 лайк

«Ғылым таппай мақтанба...»

Сәуір 16 / 2019

 

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Жастар жылына орай «Жастар жаңалығы» атты тақырыпта республикалық байқау жариялаған болатын.

 

Дарынды жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараның жүлде қоры 28 млн. теңгені құрайды. Оған еліміздің барлық жоғары оқу орындарынан, колледждер мен мектептерден 80-нен астам үміткер қатысты. Нәтижесінде үздік деп танылған 7 ғылыми жұмыс «Рухани жаңғыру – қазақ өркениетінің жаңа дәуірі және жастар» атты студенттердің дәстүрлі республикалық VІІІ ғылыми-тәжірибелік конференциясының қорытынды мәжілісіне ұсынылды.

Айта кетейік, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің студенттері Жангелді Тоқтамұратов пен Нұрай Ғазизов «Абай мен Әлихан кездескен бе?», Қазақ Ұлттық аграрлық университеті ветеринария факультетінің студенті Анар Сылдырбаева «Иттерде жиі кездесетін қатерлі ісіктер», «Сырдария» университетінің студенті Алғабас Төлентаев «Фотохимия-лық жолмен қондырылған металл қабықшаларының бактерицидті қасиеттерін зерттеу», Ақтөбе облысындағы Баишев атындағы университет студенті Таңшолпан Кереева «Қазақстандағы жүн өңдеу кәсібін дамыту мәселелерін шешу жолдары», Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ұлмекен Дошан «Қазақ фольклорындағы жылқыға қатысты деректер мен олардың маңызы» атты тақырыптарда баяндамалар жасады.

Байқауға келіп түскен баяндамалардың тақырыбы әртүрлі болғанымен, қатысушылардың ұстанған мақсаты біреу-ақ. Ол – еліміздің алға дамуына жас ғалым ретінде үлес қосу. Осы орайда ОҚМПУ-дың жаратылыстану факультеті химия кафедрасының студенті Нұрболат Тоқтамыстың «Емдік алоэ өсімдігінің адам ағзасына тигізер пайдасын зерттеу, оны өсіру және пайдалану» атты тақырыпта жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысы көпшіліктің көңілінен шыққанын ерекше айта кеткіміз келіп отыр. Бұл мәселенің өзектілігін шетел ғалымдары да растаған болатын. Өз жобасын үш тілде қорғаған Нұрболат аудиторияның назарын бірден өзіне аударды. Баяндау барысында оған сұрақтар көптеп қойылды.

Байқау қорытындысы бойынша Нұрболат Тоқтамыс бірінші орынды жеңіп алып, 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай сый-сияпатқа ие болды. Ал, Жанкелді Тоқтамұратов, Нұрай Ғазизов және Анар Сылдырбаева екінші орыннан көрініп, оларға 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар берілді. Таңшолпан Керееваға үшінші орын (50 мың теңге) бұйырды.

Шымкенттегі бірқатар білім ошақтарының оқушылары да сайыстан құр алақан қайтқан жоқ. Мәселен, №29 жалпы орта мектептің оқушысы Ислам Әлиев пен ОҚМПУ-дың студенті Ақжар Ахмет «Үздік жоба», химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Аяулым Беркінбаева мен Мерей Бейсенбаева «Жыл жаңалығы», Кенесары Қасымұлы атындағы №33 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Аружан Әлімбаева мен Г.Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясының оқушысы Руслан Репин «Ең жас ғалым», химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Камила Қождан мен «Сырдария» университетінің студенті Нұрбала Мұса «Үздік презентация» номинациясымен марапатталды. Әр аталым иегеріне 30 мың теңгеден сыйақы берілді.

Шараға қатысқан жастардың болашақта отандық ғылым көшін өрге сүйрейтініне кәміл сенеміз.

Рауан БЕГАЛИЕВА, ОҚМПУ-дің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ