Арнайы беттер 0 пікір 0 лайк

Бұл науқанды жек көрсе, қазақ ұл-қызына Сайлаубек, Сайлаукүл деп ат қоймас еді!

Сәуір 13 / 2019

 

Сайлау – қазаққа жат емес. Кешегі хан сайлау, би сайлау, сұлтандар мен болыстарды сайлауды айтпағанда кеңес заманында да сайлау науқандарына барынша ұйымшылдықпен атсалысқан бұл қазақ. Себебі, аға ұрпақ сайлаудың өз таңдауын жасауына мүмкіндік екенін жақсы түсінген.

 

Біздің ағайын сайлау науқанына әлі де бей-жай қарамайды. Дауыс беруге асығып тұрады. Тіпті, қатар өскен құрдас-құрбылар бір-бірімен жарысып, сайлауға ең бірінші болып баруға талпынатыны да содан. Олар өздерінің осынау әрекетін таңдау жасау арқылы өз ұрпағының, өз елінің тыныштығы мен ынтымағына үлес қосатын құқықты пайдалану деп біледі.

Сайлауға деген қызығушылық қазаққа соншалықты сіңісті екенінің айғағы болар, сайлау күні туған ұл-қызына қазақ «қуанышты күні дүниеге келді, сайлауға барған күні туды ғой...» деп ырымдап Сайлаубек, Сайлау, Сайлаукүл деп ат қойған. Мұның өзі жарқын болашаққа деген сенімнің, үміттің дәлелі.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Үндеуін мұқият тыңдай отырып, Қазақстанда Президент сайлауы мерзімінің белгіленуі қоғамның тұрақтылығы мен ауызбіршілігін одан әрі бекемдей түсуге арналған негізгі қадам екенін айтпай-ақ түсіндім.

Оның үстіне бұл сайлауды өткізуде Президент Қ.Тоқаев конституциялық кеңеспен ақылдаса отырып, қос палаталы Парламент спикерлерімен кеңесе шешім қабылдағанын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын 2019 жылдың 9 маусым күні өтетін сайлауға жауапкершілікпен қарауға шақырды. «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қоя отырып, Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терeң сезінемін» деді Қ.Тоқаев.

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген халық даналығын Президент тектен-текке алға тартып отырған жоқ. Халық болып жұмылып, ұлт болып ұйысып бірлікті ту етсек алынбайтын қамал жоқ. Президент сайлауы – елдегі демократия мен заң талаптарын бұзбай, тұрғындардың өз белсенділігін көрсететін саяси шара. Олай болса, сайлауға бір кісідей атсалысайық дегім келеді.

Әміреқұл ӘБУОВ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің проректоры, филология ғылымдарының докторы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ