Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Елбасының сыныптастарымен кездестi

Сәуір 13 / 2019

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Биыл – Жастар жылы. Осыған орай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сыныптастары Шымкент қаласының жастарымен кездесті. Тұңғыш Президенттің өмірбаяны, мемлекеттік-саяси қызметтегі жолы, жұмысының ауқымы, өмірдегі ұстанымдары жайында мектепте бірге оқып, жастық шақтарын бірге өткізген сыныптастары Едіге Жүнісбеков, Рауза Мәтеқызы, Күләш Әмірова естеліктер айтып, ақтарыла сыр шертті.

 

— 1958 жылы 10 класты 42 бала бітірген едік, содан бүгінде бары – 28. Оның ішінде Елбасы да бар. Жақында ғана бәріміз кездесу ұйымдастырдық.

1996 жылы үлкен бабамыз Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығында басымызды қосып, мені сыныптастардың басшысы етіп тағайындады. Содан бері жыл сайын бір рет, наурыз айында кездесіп тұрамыз. Қуаныш пен қайғымызды бір-бірімізбен бөлісіп, ағайын-туыстай болып кеткенбіз. Біздің арамыздан Елбасы шығып, еліміздің Тұңғыш Президенті болуы біз үшін үлкен абырой. Қазақстанды бүкіл дүние жүзіне танытқан ірі тұлға біздің кластасымыз екенін мақтаныш тұтамыз. Әрқайсысына «біз бетегеден биік, жусаннан аласа болайық. Өзімізді өзгелерге жақсы қырымыздан көрсетейік» деп үнемі айтып отырамын.

Әлі есімде, Нұрекең алғаш Президент болып сайланған жылы Мәскеуден деректі фильм түсіретін бір орыс жігіті келді. Ол менен Нұрсұлтан Әбішұлының бойында қандай ерекшелік барын сұрады. Бірінші күні ештеңе айта алмадым. Түні бойы өткен жылдарды ой сарабынан өткіздім. Сонда бағамдағаным, ол бізден гөрі әлдеқайда ақылды, сол уақыттың өзінде қайратты болған екен. Бала емеспіз бе, кейде бір-бірімізбен төбелесіп те қалатынбыз. Ал, Нұрсұлтан ешкіммен араздаспайтын, ешкімнен бөлініп кетпейтін. Сабағын да жақсы оқыды, – деді сыныптасы Едіге Исатұлы.

Сөзінің соңында «сыныптастардың басшысы» қала әкімі Ғ.Әбдірахымовқа алғысын жеткізуді сұрады. «Бізді өздеріңмен кездесуге, әулиелі жерлерді аралатуға арнайы шақырғаны үшін үлкен рахметімізді айтамыз» деді ол.

Кездесу барысында «Ұлттың ұлы тұлғасы – Елбасы» бейнефильмінің көрсетілімі өтті. Сонымен қатар, Шымкент қаласының өнерпаз жастары қонақтар алдында әуелете ән шырқап, кештің көркін қыздырды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ