Руханият 0 пікір 3520 лайк

Майраның махаббаты

Сәуір 13 / 2019

 

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театрының актрисасы Майра МАҚҰЛБЕКОВАНЫ өнерге әкелген күш – оның бойындағы ерекше махаббаты. Өнерге деген махаббаты! Театрға деген сол ынтызарлық болмағанда Сіздің бүгін сүйікті актрисаңызға айналған Майраңыз бір мекемеде бухгалтер болып жүрер ме еді?!

 

Қане, бәрін басынан бастайықшы...

Майра 1975 жылы 4 маусымда Отырар ауданындағы Қоғам ауылында дүниеге келген. Әкесі Баймахан – дәрігер, анасы Таңсұлу тарих пәнінің мұғалімі еді. Ата-анасы оны өскенде не мұғалім, не дәрігер болар деп ойлайтын. Тіпті, өзі де солай ойлайтын... «Біз жеті ағайындымыз. Мен үйдің тұңғышымын. Мен де ауыл балалары секілді қой бағып, қозы-лақ қайырып өстім. Қойды өрістетіп жіберіп, оңашада ойға шоматынбыз, армандайтынбыз. Біздің ауылдың балалары шетінен өнерлі еді. Психологтардың пайымдауынша, баланың болашақта кім болатынын болжау үшін кішкентайында оның не ойнағанына зер салу керек екен. Ал, мен бала кезімде тек әртіс болып ойнайтынмын. Көрші-қолаң мені «Әртіс қыз» деп атайтын. Анам шашымды өріп, қуыршақтай етіп киіндіріп қоятын. Сол кездің өзінде қазақы бөрік, қамзол киетінмін» дейді ол. Осылай өскен қыз...мектеп бітіргеннен кейін бухгалтер мамандығын таңдайды. Дипломын алған соң білімін жоғарылату үшін 1996 жылы Түркістанға келгенімен, оқуға түсе алмайды.

«Ауылға қайтпақшы болып көлікке отырғанымда қасымдағы өзім құралпы қыз «оқуға түсе алмай қалдың ба?» деп сұрады. Үнсіз басымды изедім. «Не деген сұлусың өзің... Шашың да ұзын. Мұнда жаңадан «Өнер» факультеті ашылыпты. Оқуға түсе алмағандар сонда барып бағын сынап көріп жатыр екен. Бірге барайық!» деді ол. Мен қуана келістім. Емтиханды театр тарланы Райымбек Сейтметовтің өзі қабылдады. Маған сан түрлі сұрақтар қойып, әбден електен өткізген соң «қызым, ата-анаң әртіс болуыңа рұқсат ете ме? Егер рұқсат етсе, оқуға кел!» деді. Үзілген үмітім қайта жалғанғандай. Алып-ұшып ауылға барып, мән-жайды айттым. Ағайын-туыс кейістік танытқанмен, анам қатты қуанды» дейді Майра өткен шақты ой елегінен өткізіп. Сол Майра 2000 жылы оқуды қызыл дипломмен аяқтапты.

Студент кезінде өзінен бір курс жоғары оқитын Мұрат Құрманбековпен шаңырақ көтерді. Содан бері олардың өмірде де, өнерде де жұптары жазылған емес. Дипломын алған соң қолында алты айлық ұлы бар, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрына (ол кезде сазды драма театр) жұмысқа орналасты. Сол жылы режиссер Иманәлі Сапаровтың сахналауындағы Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасындағы» Изольданы сомдайды. «Әлі есімде спектакль кезінде алты айлық сәбиімді әртістер кезек-кезек көтеріп жүретін» деп еске алады ол. Баспаналары болмағандықтан театрдың бір бөлмесін паналаған. Изольданың образын нанымды сомдап, көрермендердің ілтипатына бөленген актрисаның қойылым сайын шеберлігі шыңдала түседі. Талабы биік, талғамы жоғары режиссер Ерғали Оразымбетов Мұхтар Әуезовтің «Еңлік–Кебегі» мен Ғабит Мүсіреповтің «Қозы көрпеш–Баян сұлуында» бас кейіпкерлер – Еңлік пен Баянды сомдауды Майраға сеніп тапсырады. Майра да тынымсыз ізденіп, сенім үдесінен шығуға тырысты. Шанин театрындағы үш жылын ол әлі күнге дейін сағынышпен еске алады.

2003 жылы Майраны ұстазы Райымбек Сейтметов Түркістан театрына шақырады. Ұстазының бір ауыз сөзін жерге тастағысы келмеген үздік шәкірт өзі білім алған шаңыраққа қайта оралады. Түркістан театрында Б.Вахапзаденің «Көк Түріктеріндегі» Сияңшының, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарындағы» Зайкүлдің, Д.Исабековтің «Құстар фестиваліндегі» тауықтың рөлін сомдап, көрермендер көзайымына айналды. Соңғы бес- алты жылда кинода да жиі бақ сынап жүр.

«Тағдыр жазып Түркістанның топырағына қайта оралдық. Қайда барсаң да көрермен қарапайым халық қой. Бұл жақта да әр әртістің өз көрермені бар» дейді Майра. Бүгінде көрерменінің көз қуанышы, үш ұл-қызының ардақты анасы, аяулы жар, адал дос Майра театрға осылай келген. Бәрі сол театр өнеріне деген сәби шақтағы махаббаттан басталды емес пе?!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ