Заң-заман 0 пікір 3518 лайк

Қарақшы қыздар

Сәуір 13 / 2019

Кезекті еңбек демалысына шыққан Асқар оның алғашқы бес-алты күнін Шымкентте өткізбек болып кешқұрым қалаға қарай бет алды. Ауылда бала оқытып тапқан ақшасына алдымен жөні түзу телефон сатып алып, сосын көптен көрмеген ағайын-туыс, жора-жолдасты аралап, мауқын баспақ. Таксиден түскен бойда Республика даңғылымен жоғары өрлеп, «Акация» маңына жақындаған кезде көше бойында сылқ-сылқ күліп бара жатқан қыздарды көрді. Қапелінде аузына сөз түспей:

– Қыздар, ұялы телефон сатасыңдар ма? – деп еді, олардың бірі:

– Қалаған нәрсеңіздің бәрін сатамыз, – деп жылы жымиды. Асқардың ақылын жоғалтып алуына осы жымиыстың өзі жетіп жатыр еді. Лезде дегбірі қашқан ол әңгімені төтесінен тартты.

– Қанша ақыға жұмыс істейсіңдер? – деді нәпсісін тізгіндей алмай.

– Тым көп емес, сағатына алты-ақ мың теңге, – деді екі қыздың ішіндегі сәл егделеуі жанындағы сүйкімді бойжеткенді иегімен нұсқап. Онымен де қоймай:

– Қалай? – деп көзін қысып қойды.

Асқар да көп саудаласқан жоқ, қалтасына қол жүгіртіп, бүйірі бұлтиған әмиянынан алты мың теңгені суырып берді. Бойжеткендерді саудалап жүрген Алмагүл үркектеген Балқияны Асқардың қасына қалдырып, өзі бұлардың шаруаларын ыңғайластырып, Оспанның көлігіне отырды. Орнынан лып етіп жеңіл қозғалған машина қалың нөпірдің арасына сіңіп, лезде көзден ғайып болды. Алайда, Алмагүлдің көңілі әлі де орныға қоймаған еді. Ұялы телефоны безілдеп қоя берген кезде ғана алдын-ала ойластырылған жобаның жүзеге асар сәті алыс емес екендігін ұқты. Телефонның ар жағынан даусы дірілдеген Балқияның «мені алып кетіңдер» деген үрейлі үнін естіген. Шартты белгінің өзі де осы еді. Бұлар жедел жеткен кезде Балқия білегінен ұстаған Асқардың икеміне көнбей, тартыншақтап тұрған еді. Алмагүл екеуін көлікке отырғызып алып, жүріп кеткен. Өзіне таныс маңайдан ұзап, белгісіз бағытқа кетіп бара жатқанын аңдап қалған Асқар:

– Қайда барамыз? – деп еді, көліктің тізгінінде отырған Оспан:

– Уайымдама, бауырым, сендерді оңаша жерге апарамыз, – деді.

Көлік сырт көзге тасалау жерге келіп тоқтағанда алдымен Асқар, одан кейін Оспан түскен. Еңгезердей Оспан көп ойланып жатпады, ұрымтал тұс осы деп қаннен-қаперсіз келе жатқан Асқарды қарақұстан бір-ақ ұрып сұлатты. Одан кейін Алмагүл мен Балқия және Оспан үшеуі есінен танып қалған Асқардың қалтасын тінтіп, ішінде 250 мыңнан аса теңгесі мен банкомат карточкалары бар әмиянын және ұялы телефонын алып тайып тұрған.

Қарақшы қыздардың жорықтары мұнымен аяқталмаған еді. Алмагүл Т.Айбергенов көшесінде өзіне бейтаныс Розаға күш қолданып, бойжеткеннің 50 мың теңге тұратын ұялы телефонын тартып алған. Іле-шала оқиға орнына Розаның шақыртуымен суыт жеткен оның жігіті Ержан да 80 мың теңгелік ұялы телефонынан айырылып, сымпиып шыға келген.

Жеңіл жүрісті қыздарды іздеп Республика даңғылына келе қалған Берік Өксікбаев та табан астында барынан айырылып, пәлеге жолығамын деп ойламаған еді. Ол да көше бойында тұрған бойжеткеннің жанына таяп келіп:

– Ақыларың қанша? – деді. Алмагүл құлағына сыбырлап еді, бойжеткеннің ыстық демі Беріктің тұла бойын балқытып жіберді:

– Артық-кемі жоқ 10 мың теңге. Пәтер өзімізден.

Берік қалтасына қол салып, есеп айырысқысы келіп еді, Алмагүл «кейін» дегендей ишара білдірді. Содан көлікке Алмагүлден басқа Балқия, Оспан үшеуі өздерін арнайы тосып тұрған көлікке Берікті отырғызып, «Қазығұрт» шағынауданына алып келеді. Алдын-ала келісілген уағда бойынша Алмагүл мен Берік екеуі көліктен бірге түседі. Олар ұзай берген шақта Оспан Беріктің ту сыртынан жабыса кетіп, мойнын білегімен айқастыра қысып тұншықтырады. Демі бітіп, есінен танып қалған Беріктің қалталары қас-қағым сәтте ақтарылып, 130 мың теңгесі мен ұялы телефоны қарақшылардың қолында кетті. Бірақ, Шымкент көшелерін емін-еркін сайрандаған қарақшы қыздардың қызықтары ұзаққа бармады.

Қарақшылықпен айналысқан өрімдей қыз-жігіттердің үстінен қозғалған қылмыстық іс Абай аудандық сотында қаралып, үшеуінің бірдей мүлкі тәркіленіп, әрқайсысы 5 жылға абақтыға кесілді.

Д.ЖҮСІП.

(Оқиға кейіпкерлерінің аты-жөндері өзгертіліп алынды).

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ