Өсиетхатты қалай бұздыруға болады?

Сәуір 13 / 2019

Он ағайындымыз. Әкем бірнеше шаруашылық ұстайтын дәулетті кісі болғанымен, кейінгі кездері сал ауруына ұшырап, төсек тартып жатып қалды. Қолыма кездейсоқта оның жақында ғана нотариатта куәландырған өсиетхаты түсті. Жиған-тергенінің біразын балаларына, басқасын біз танитын-танымайтын біреулерге өсиеттеп қойғанын көріп, таңғалдым әрі ренжідім. Қалам ұстауға әлі келмей жатқан кісінің өсиетхатқа қалай қол қоюы мүмкін? Осы құжатты сотқа беріп, бұздыра аламын ба?

Арнұр Ескендіров. Жетісай ауданы.

 

Оқырман сауалына Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық заң консультациясының адвокаты Баян Сырханова жауап береді:

Өсиетхат – азамат қайтыс болған жағдайда өзіне тиесілі мүлікке егелік ету жөнінде өз ықтиярын білдіруі. Яғни өсиетхаттың тек адам қайтыс болғаннан кейін ғана заңды күші болады. Сондықтан сұрақ қоюшы азамат оны сотқа беріп даулай алмайды. Бірақ, өсиетхат қалдырушы өзі жасаған өсиеттің кез келген уақытта күшін жоюға немесе оны өзгертуге құқылы. Егер бұрын өзі жасаған өсиеттің толық күшін жою туралы нотариат кеңсесіне өтініш берсе немесе жаңа өсиетті қайта түзгісі келсе, бұрынғы өсиетхаттың күші жойылуы мүмкін. Мұра қалдырушы өсиетті жасағаннан кейін кез келген уақытта оның күшін жоюға және өзгертуге ерікті. Сондықтан кез келген нотариусқа арыз беру арқылы әкеңіз сол өсиетхаттың күшін жоя алады. Егер әкеңіз сал ауруына шалдықса, нотариусты үйге шақыруға да болады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ