Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Шекарада саңылау көп, полицияда пәрмен жоқ...

Сәуір 13 / 2019

 

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Бүгінде адамзат баласы үшін аса қатерлі мәселелердің бірі – нашақорлық. Қаншама ұрпақтың өмірін жалмаған осынау аждаһамен күрес қанша жерден күшейтіліп жатса да, өкінішке қарай, дес берер емес. Есірткі таратуға қарсы жаза қатайса да, есірткімен күресті күшейту үшін Үкімет тарапынан қомақты қаржы бөлінсе де, нашақорлардың саны азаяр емес. Заңдылықты қадағалау органдары өкілдерінің сөзіне сенсек, есірткі тамырының тереңге бойлауының ең басты себептерінің бірі – мұның артында үлкен қаржы бар.

 

Таяуда есірткімен күрес мәселесіне орай Түркістан облыстық прокуратурасында алқа мәжілісі өтіп, есірткі бизнесін ауыздықтай алмай отырған полиция, кеден және шекара қызметтерінің пәрменсіздігі сынға алынды. Мәселен, өткен жылы есірткі заттарының айналымы бойынша 680 қылмыстық іс тіркелсе, әрбір екінші дерек ақталатын негіздермен қысқартылып келген. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, анықтау көрсеткіштерін жасанды түрде жоғарылату үшін полицейлердің осындай әрекетке барғаны белгілі болған. Ең сорақысы, облыс аймағынан өткен 5 азамат Ресейде ұсталғанына қарамастан, өткен жылы полиция героин контрабандасы бойынша бірде-бір деректі анықтамаған.

Қалай десек те, есірткімен күрес күрмеуі қиын мәселеге айналып отырғаны шындық. Есірткі бизнесі табысты болғандықтан, мұндай ірі көлемдегі табыс, тіпті, мұнай саласында да бола бермейді екен. Сондықтан бұдан пайда табатындар қанша жасырын жүргізсе де, тұтынушыларын жыл санап молайтып келеді. Алқа мәжілісінің қорытындысында осындай қылмыстық топтардың қызметіне тосқауыл қоюға нақты тапсырмалар берілді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ