Не бел, не белбеу кетедi!

Сәуір 13 / 2019

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Бүгінде қазақ боксы десе көз алдымызға әуесқой бокс пен кәсіпқой бокс қатар елестейтін болды. Ел ішінде мұхит асып, былғары қолғап арқылы нәсібін теріп жүргендер көбейгелі осы спортқа жаны құмар спортшылардың да, жанкүйерлердің де қатары күн санап артып келеді. Кезінде Ермахан Ибраимов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев секілді боксшыларға еліктейтіндер қатарында бүгінде кәсіпқой боксқа әуесі кетіп жүргендер де табылады. Құм толы қапшықты құлаштай ұратын қара домалақтардың саны артса, оны ұлт спортының келешек жеңісі деп білеміз.

16-26 сәуір күндері Тайланд астанасы Бангкокте бокстан Азия чемпионаты жалауын көтермек. Ғалымбек Кенжебаев баптайтын біздің құрама Алматы облысындағы оқу-жаттығу базасында байрақты бәсеке алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтауда. Боксшыларымыз Индонезияда өткен Азиададағы ұятты жеңілістен кейін (өз тарихында тұңғыш рет Азия ойындарында біздің құрама бірде-бір алтын ала алған жоқ) естерін жинап, Тайландтағы турнирден олжалы қайтады деп үміттенеміз. Әзірше Тайландтағы ұлттық құраманың мүмкіндіктерін бірге саралап көрейік.

Кенжебаевтың көрінер кезі

Азия ойындарынан кейін ұлттық құраманың бас бапкерлік міндеті Геннадий Головкиннің алғашқы жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаевқа сеніп тапсырылды. Ол бұған дейін Қазақстан жастар құрамасын баптап келген еді. Бұл Азия чемпионаты Ғалымбек Қалиұлына берілген үлкен мүмкіндік десек, қателеспеспіз. Осы жылдың қаңтар айынан бастап құрама тізгінін ұстаған коуч бірнеше халықаралық турнирге де барып үлгерді. Алайда, бұл турнирлерден Қазақстан боксшылары ауыз толтырып айтарлықтай жеңістерге жете алмады. Дегенмен, жолдастық кездесу іспетті өткен турнирлерге қарап жаттықтырушыға баға бергеніміз жараспас. Оның үстіне Болгария мен Венгриядағы турнирге кілең жас боксшыларымыз қатысқанын да ескеру қажет.

 

Жастық пен тәжірибе

Тайландтағы бәсекеге өз салмақ дәрежелеріндегі кіл мықтылар аттанбақ. Олай деуімізге себеп жоқ емес. Бангкокке баратын 10 боксшының 8-і соңғы өткен ел чемпионатында республикада өздеріне тең келер қарсыластың жоқ екенін дәлелдеген. Ел чемпиондары арасында тек Болгариядағы турнирде жарақат алған Абылайхан Жүсіпов пен Әбілхан Аманқұл ғана ұлттық құрамаға ілінбеді. Енді Тайландқа кімдер барады деген сұраққа жауап іздейік. Ең жеңіл салмақта (49 келі) Теміртас Жүсіповке Қазақстанда тең келер боксшы табылмай тұр. Әлем чемпионатының қола жүлдегері Жомарт Ержанның Тайландқа бара алмауының өзі бұл салмақтағы бәсекелестіктің жоғары екендігін аңғартса керек. 52 келі салмақ дәрежесінде бапкерлер талдықорғандық Анвар Музапаровқа сенім артып отыр. Теміртас осыған дейін Азия чемпионатында олжа салып үлгерсе, Анвар әзірге ондай жетістіктерімен мақтана алмайды. Есесіне елімізде бұл салмақ дәрежесінде оған лайықты қарсылас жоқтың қасы.

56 келіде ел намысын кімнің қорғайтыны айтпаса да түсінікті шығар?! Әлем чемпионы атанған Қайрат Ералиевтен ел Азия чемпионатының алтынын күтеді. 2015, 2017 жылдары Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған боксшының «сары құрлық» шыңын бағындыратын кезі жеткен сияқты.

60 келіде Закир Сафиуллинге Кенжебаев көп үміт артып отыр. 4 жыл бұрын Азия ойындарында жүлдеге ілінген боксшы білгенінен жаңылмаса осы жылы да үздік үштіктен көрінуі тиіс. 64 келі салмақ дәрежесінде жүлдеге іліну қиынға тиетін секілді. Себебі, бұл салмақта ұлттық құрамадағы ең жас спортшы Санатәлі Төлтаев өнер көрсетпек. Бұл – маңғыстаулық спортшының ересектер арасындағы алғашқы ірі жарысы. 20 жасында ұлттық құрамада өз салмағында №1 боксшы атанған спортшы үшін бұл бәсеке үлкен сынақ болмақ. «Қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келіде Асланбек Шымбергенов ел намысын қорғайды. Жоғарыда айтқандай, бұл салмақтағы көшбасшымыз Абылайхан Жүсіпов жарақатына байланысты орнын Асланбекке босатқан. Осы салмақ бойынша ел чемпионатындағы бәсекелестікті ескерсек Асланбек те Абылайханнан кем түспейтін шығар деген ойдамыз.

75 келіде Әбілхан Аманқұлдың орнына Тайландқа Тұрсынбай Құлахмет аттанады. Азия чемпионатының күміс жүлдегері, тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрген маңғыстаулық Ерік Әлжановты алмай, Тұрсынбайға сенім артқан ұлттық құрама бапкерлерінің бір білгені бар шығар?! 81 келіде тағы бір жас спортшы, түркістандық Бек Нұрмағанбет бағын сынап көрмек. Ұлттық құрама бапкерлері жиі мақтайтын боксшының шабысын осы жарыста байқайтын боламыз. Ал, жоғары салмақта Бангкокке тәжірибелі боксшылар бара жатыр. Күрзі жұдырық иелері Василий Левит пен Қамшыбек Қоңқабаев түрлі жарыстарда әбден ысылған боксшылар.

Футболдан ұлттық құрамамыздың жеңісі сенсацияға, жеңілісі үйреншікті жағдайға айналған. Ал, бокстан ұлттық құрамамыздың байрақты бәсекеден жеңіліп келуі «кіші трагедия» саналады. Джакартадан жерге қарап келген боксшылардың еңсесін тіктейтін кезі ғой. «Не бел, не белбеу кетеді» деген осындайда айтылса керек. Ендеше, Тайландтың төрінен табылуы тиіс боксшыларымызға табыс тілейік, ағайын!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ