«Өрнек» өңiрдi әлемге насихаттайды

Сәуір 13 / 2019

 

Дилара Бименова, «Ońtústik Qazaqstan».

Ежелгі адамдар өздерінің арман-қиялдарын тасқа, үңгірлердегі қабырғаларға өрнектеп ойып түсіріп отырған. «Бүгінде бұлардың өзінен ғажайып тарих жасауға болады» дейді ұзақ жылдардан бері экотуризм саласында еңбек етіп жүрген Қайрат Кәрібаев. Кейіпкерімізді өңіріміздегі «Өрнек» (өңірдің рекреациясын насихаттайтын еріктілер клубы) деп аталатын еріктілер клубының негізін қалаушы деп таныстырсақ артық кетпеспіз.

 

Айта кетейік, «рекреация» латын тілінен аударғанда ертедегі дүниелерді қалпына келтіру деген мағынаны білдіреді. Осындай мәдени мұраларымызды қайта жаңғыртып, зерттеуге үлес қосуды көздеген бұл клубтың бүгінде 8 тұрақты мүшесі бар. Олар бірін-бірі толықтырып отырады. Мәселен, туризм саласының маманы Ғани Назарбек белгілі бір объектіде туризм саласын қалай дамытуға болатынын зерттесе, фотограф Мақсат Шағырбаев өлкенің әсем табиғатын суретке түсіріп, жарнамалауға атсалысады. Клуб құрамына журналистер Нұршат Төкен, Жәнібек Нұрыш, блогер Асхат Шотаев, өлкетанушы Сейдалы Дүйсебайұлы мен Ерлан Сыздық та енген.

Өткен жылы еріктілер өз қаржыларына Қазығұрт тауына, Ысмайыл ата кесенесіне, Кемеқалған монументіне, Яссы қалашығына, Қазығұрт және Әзірет-Сұлтан тарихи-мәдени қорық мұражайларына барып, «Сырдария–Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде орналасқан Байқалмақ және «Сайрам–Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі Сарыайғыр шатқалдарына шығып қайтты.

– Ең алғашқы жорықты Қазығұрт тауынан бастадық. Логотипімізге Кемеқалған монументінің бейнесін соған байланысты енгізген болатынбыз. Сол жорықта бізге тың бір идея келді. Маңғыстаудағы Оқпантауда жыл сайын 14 наурызда барша батысқазақ-стандықтар Көрісу күнін атап өтеді. «Біздің облыс жұртшылығы да Наурызды неге адамзаттың бесігі, жер кіндігі атанған қасиетті Қазығұрттан бастамасқа?!» деген ой ортаға тасталды. Оны іске асыру үшін әлеуметтік желіде «Наурыз Қазығұрттан басталады» деген хэштег арқылы елдің назарын осыған көбірек аударуға тырыстық. Посттар жаздық. Нәтижесінде, бұл ұсынысымыз облыс әкімдігі тарапынан қолдау тауып, былтыр Ұлыстың ұлы күні Қазығұрт тауының бөктерінде аталып өтті, – дейді Қайрат Сүлейменұлы.

Жалпы, өңірімізде жер-су, тау-тас, шың мен шатқалдарда Кеңес Одағының кезінде қойылған орысша атаулар әлі күнге дейін сайрап тұр. Еріктілер бүгінде соларды қазақыландыруға да өз үлестерін қосуда. Мәселен, олардың «Сайрам–Өгем» МҰТП аумағында Өзбекстан Республикасымен шекаралас жатқан «Студенты», «Кергели-Узловая», «Рощина» деп аталатын үш шыңға үш бидің, яғни Әйтеке би, Қазыбек би және Төле бидің есімдерін қоюға ұсыныс тастағанын айтуға болады. 3750, 3787 және 3860 метрлік биіктіктерді бағындыруға Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан келген альпинистер де атсалысып, аталған шыңдардың басына арнайы белгітастар орнатты. Кейіпкеріміз ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға арналған шараны ұйымдастыруға облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы да қызығушылық танытып, бюджеттен 1,5 млн. теңгенің бөлінуіне ықпал еткенін айтады.

Қазыналы өлкеміздің бұдан да басқа кереметтерін паш ету мақсатында еріктілер жақында ғана қойнауы құтқа толы қарт Қаратау мен оның теріскей жағында орналасқан Келіншектаудан бастап, Созақ ауданы Қарақұр ауылындағы Раң ата шатқалына дейінгі аумақтағы петроглифтерге зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Арыстағы «Дастарбасы» деп аталатын таңбалы жартастың ежелгі адамдардың тұрағы болғанына да көз жеткізіпті.

– Мұнан кейін саяхатымыз Ұясу шатқалы мен Көктен ата шипалы бұлағы бағытына қарай жалғасты. Жалпы, Қазығұрт тауы тамылжыған табиғатымен туристерді өзіне тарта түсері анық. Онда Батыс Тянь-Шань тау жүйесінің Қаржантау, Өгемтау жоталары бар. Олар сылдырлай аққан өзендері мен орман-тоғайлы өлкесімен кім-кімді де тамсандырады. Қаржантаудағы Ұясу шатқалында петроглифтерді көптеп кездестіруге болады. Бұл шатқалдың ең қызықтыратын орны – Көктен ата шипалы бұлағы. Қураған ағаш діңгегі арасынан тұп-тұнық бұлақ сылдырлай ағуда. Оның тастай суын бір ұрттасаңыз, шыжыған күннің астында шаршап жеткеніңізді әп-сәтте ұмытасыз. Бұлақ даусы да жанды тыныштандырып, жүйкені тынықтыратындай әсерге бөлейді, – дейді кейіпкеріміз.

Еріктілер тобы өңірімізде ішкі туризмнің қарқынды дамымауының бір себебі ақпараттың аздығынан дейді. Міне, сондықтан олар осы мәселеге баса көңіл бөледі. Екінің бірінің табаны тие бермейтін осындай тау, тастардағы таңбалар жайлы әлеуметтік желіде үнемі материалдар жариялап отырады. Оқу орнының студенттерімен және мектеп оқушыларымен кездесулер өткізеді. Оларға көрген-білгендерін айтып, тауға шыққанда өздерімен бірге қандай заттарды алып шығу, қауіпсіздік ережелерін қалай сақтау керектігі жөнінде мағлұматтар береді.

Енді біздің кейіпкерлеріміз ағаш егу акциясын бастамақ ниетте. Оны да өз қаржылары есебінен іске асырмақшы. Егер де әрбір адам өз қаржысына осы еріктілер секілді бір көшеттен отырғызса, біз қанша болсақ, айналамызда сонша ағаш жайқалып тұратынын ұмытпайық.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ