Заң-заман 0 пікір 0 лайк

АТА ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРҒАНДАР

Сәуір 11 / 2019

 

Кез келген отбасының іргетасы мызғымас махаббаттың күшімен тұрғызылады. Оның әрбір қаланған кірпішіне асқан төзімділік пен татулық ұялап, арасы мейірімділікпен нығыздалады. Әке мен ананың сүйіспеншілігінен құралған отбасының іргесі берік, ынтымағы ырысты болмақ.

Біз сөз еткелі отырған Диханбаевтар әулетінде бес бірдей азамат ата жолын жалғастырып келеді. Тохта атамыз сонау сұм соғыстың қайнаған тұсында ішкі істер органына қабылданып, Отанның амандығы үшін біршама іргелі істерді атқарған азамат. Ол 1940-1945 жылдары Ақтөбе қаласы Ырғыз ҚПБ, 1945-1948 жылдары Сарыағаш АПБ, 1948-1951 жылдары Шәуілдір АПБ, 1951-1953 жылдары ОҚО (қазіргі Түркістан) Бостандық АПБ, 1953-1956 жылдары Келес АПБ басқарған білікті басшылардың бірі. Бүгінгі таңда Тохта Диханбаев құрметті еңбек демалысында. Еңбегі еленіп, бейнетінің зейнетін көріп жатқан зерелі зейнеткер бүгінде өткеннің ұлағатын немерелеріне айтудан жалықпайтын ақылы толысқан ата, ұл-қыздарын бар мейірімімен мәпелеп өсірген асқар тау әке атанып отыр.

 

Тохтаның ізін жалғастырушы ұлы Әмірхан Диханбаевтың есімі өңірде құрметпен аталады. Әмірхан 1970 жылы Қарағанды ІІМ-нің жоғары мектебінде білімін шыңдап, 1974 жылы еңбек жолын Сарыағаш АПБ-де жедел уәкіл болып бастады. Бала күннен әкесіне еліктеп өскен ұл оның салған жолын жалғастырды. Қызмет барысында тапсырылған тапсырмаларды тиянақты орындап, қауіпті қызметінде қырағылығымен танылды. Әмірханның уақыт өткен сайын тәжірибесі де толысып, Қазығұрт, Сарыағаш аудандық полиция бөлімдерінде білікті басшы атанды.

Әмірхан қазіргі уақытта құрметті еңбек демалысында. Жұбайы Күлпаршын екеуі Арман, Азамат, Асқар және Әйгерім атты қызды мәпелеп өсіріп, олары атасы мен әкесіне қарап бой түзеді. «Өскенде мен де полицей боламын» деген Арман мен Азаматы ақыры полиция формасын киіп, Диханбаевтар әулетінің дара жолын жалғастыруға бел буды. Әмірханның ағасы Темірхан да полиция қызметінде полковник шенін алған, бірқатар аудандарда басшылық қызметтерде болған азамат. Алайда, ардақты азамат  дүниеден ерте озды.

Ата жолын жалғастырған Әмірханның ұлы Арман Диханбаев та аға тергеуші, жедел уәкіл, қаржы полициясының полицейі, Штаб басқармасының орынбасары секілді қызметтерді атқарған беделді полицей. Ал, әулеттің төртінші полицейі Азамат Диханбаев бүгінгі таңда Сарыағаш аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметінің инспекторы. Ата аманатын арқалаған майор шенді Азамат атасы Тохтаның, әкесі Әмірханның, ағасы Арманның жолын жалғастырушы. Азаматты әңгімеге тартқанымызда әкесі Әмірханның: «Қылмыскер полициядан қорқуы тиіс,  себебі, ол азаматтардың қауіпсіздігіне жауапты бірден бір адам» деген сөздерін үнемі есінде сақтап жүретіндігін айтады. Ал, өз кезегінде Азаматтың жары Маржан: «Әйел еркектен бір саты төмен тұруы тиіс. Ерін сыйлап, оның қызметіне құрметпен қарағаны жөн. Аллаға шүкіршілік етемін, отбасымызда ақылы мен кеңесін үнемі бізге айтып, тура жолға салып отыратын ата-анамыз бар. Өсіріп отырған балаларымыздың қарнының тоқтығы, киімінің бүтіндігі ерім Азаматтың арқасы», -  дейді. Төрт бүлдіршінді дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған Маржанның әкесі Абдулла да ІІО-да елеулі еңбек сіңірген полицей. Ардақты әке, қызметте майталман мамандардың бірі.

Шындығында, бір әулеттен төрт бірдей полиция қызметкерлерінің шығуы сирек кездесетін жағдай. Себебі, адам баласының арман-мұраты өз отбасында қалыптасады. Қазақ «Атаға қарап, ұл өсер...» дейді. Өйткені, отбасындағы бала әке-шешенің үлгі-өнегесін көріп өседі. Бұл тұрғыдан келгенде, Диханбаевтар династиясын бақыты тасқан әулет деуімізге толық негіз бар.

 

Гүлнар АБДУЖАППАРОВА,

Түркістан облыстық полиция

 департаментінің баспасөз маманы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ