«Nur Otan» партиясы алдағы сайлау науқанына белсендi қатысуы керек

Сәуір 11 / 2019

ҚазАқпарат. «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілерімен кеңес өткізді» деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі.

Кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде болған соңғы саяси оқиғаларға байланысты партияның алдында стратегиялық маңызы бар бірқатар міндет тұрғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуге байланысты «Nur Otan» партиясы алдағы сайлау науқанына белсенді қатысуға тиіс екенін айтты.

– Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің заңды құқығын пайдаланып, Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл сайлау биліктің заңдылығын одан әрі нығайтып, елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Енді бізге партияның съезін өткізіп, ел президенттігіне кандидат ұсынуымыз керек. Партияның аппараты съезді өткізу үшін қажетті жұмыстардың бәрін жылдам іске асыруға тиіс. Партиямыздың атынан кандидатура ұсынғаннан кейін Қоғамдық сайлау штабының жұмысын ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыспен менің бірінші орынбасарым Мәулен Әшімбаев айналысады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев сайлауды толығымен ел заңнамасына сәйкес және барлық демократиялық нормалар мен рәсімдерді сақтай отырып өткізу қажеттігіне назар аударды.

Кеңес барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев сайлау штабын ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев М.Әшімбаевтың ақпаратын назарға алып, партияның орталық аппараты мен филиалдары алдағы іс-шараларды ұйымдастыру үшін жылдам әрі үйлесімді жұмыс істеуге тиіс екеніне тоқталды.

Сондай-ақ, Елбасы партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын іске асыру үшін нақты іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ