67,7 мың көп балалы отбасы әлеуметтiк картаға енгiзiлдi

Сәуір 11 / 2019

Қайрат Зайнишев, «Ońtústik Qazaqstan».

ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған делегация жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. «Nur Otan» партиясының XVIII кезекті съезінде Елбасы тапсырған жаңа әлеуметтік шараларды жүзеге асыруды түсіндіруді мақсат еткен делегация мүшелері облыс тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, ИИДМ Құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов және облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мәдениет сарайында көп балалы және аз қамтылған отбасылармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, жалпы облыс жұртшылығымен жүздесті.

Жиынды ашқан облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы делегация мүшелерін өңірдегі әлеуметтік аз қамтылғандар мен көп балалы аналар жайында және оларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен кең көлемде таныстырып өтті.

– Облыста жалпы 86,6 мың көп балалы отбасы бар. Бұл республикалық көрсеткіштің 25,4 пайызын құрайды. Олардың 19 мыңы аз қамтылған көп балалы отбасылардың қатарында. Облыста арнайы штаб құрылып, әрбір отбасыға әлеуметтік карта жасалды. Үйме-үй аралау жұмыстарының нәтижесінде 67,7 мың көп балалы отбасы әлеуметтік картаға енгізілді, – деді облыс әкімі.

Жалпы, жергілікті бюджет есебінен 34,3 мың көп балалы отбасыларға қаржылай және заттай материалдық көмек көрсетілген.

Ал, Гүлшара Әбдіхалықова көпшілікті Түркістан қаласының жаңа облыс орталығы статусына ие болуымен құттықтап, көне шаһар болашақта еліміздің ең дамыған қаласының біріне айналатындығына сенім білдірді. Сондай-ақ, сапардың мақсаты мен маңызын түсіндіріп өтті. Вице-министр аталған бағдарлама аясында еліміздің бірқатар облыстарында болғанын және тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың бәрі жинақталып, оларға ретімен жауап берілетінін жеткізді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көп балалы аз қамтылған отбасыларға берілетін көмек жайында кеңінен түсіндірді. Қандай құжаттар дайындау қажеттігін, көлемі және ережелерін айтып өтті.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова алдағы үш жылда елімізде 190 мектеп салынатындығын жеткізді. Оның 20-сы Түркістан облысында, 9-ы Шымкент қаласында бой көтеріп, ең алдымен үш ауысымды, апатты білім ордаларының орнын толтырмақ. Ал, биылғы жылы облыс аумағында 6 мектеп пайдалануға беріледі.

Күләш Ноғатайқызы оқушыларды үш тілде оқыту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісіне де арнайы тоқталды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева медицина саласындағы қызметкерлердің жалақысы жоғарылайтындығын және елімізде салынатын ауруханалар мен емханалар жайы бойынша мәлімет берді. Ал, ИИДМ Құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов өңірде бой көтеретін тұрғын үйлер бойынша айтып, халықты тұрғын үймен қамту жайын сөз етті.

Жиын сұрақ-жауаппен жалғасын тапты. Тұрғындар әлеуметтік көмекті алу, тұрғын үй кезегіне тұру, балаларға екпе егу және өзге де қойылған сұрақтарға қанағаттанарлық жауап алды.

Кездесуді қорытындылаған Гүлшара Әбдіхалықова әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мәселесін басқа тұрғыда шешу керектігін айтты. Атап айтқанда, оларды жұмыспен қамту немесе кәсіпке баулу арқылы тығырықтан шығаруға болатынын жеткізді.

Премьер-министрдің орынбасары облыстық әкімдікте ЮНЕСКО өкілдерімен кездесіп «Әзірет Сұлтан» мұражай қорығының аумағын қалпына келтіру бойынша кеңесті. Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай қорығында және Күлтөбе қалашығында болды.

Бұдан кейін министрлер өз салалары бойынша қаладағы тиісті мекемелерге барып, ондағы жұмыстарды көрді. Түркістан облысы әкімдігінің ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Ал, Б.Сапарбаев Түркістан қаласындағы аз қамтылған отбасына барды. Мұнан соң қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысып, тұрғындармен тілдесті. Орталық заманауи техникалық жабдықтармен қамтылған. Жұмыссыздардың құжаттарын қабылдау жаңа электрондық кезек стандарты бойынша жүзеге асырылады.

Делегацияның жұмыс сапары Кентау қаласында жалғасты. Делегация мүшелері «Кентау трансформатор зауыты» АҚ жұмысымен танысты. Зауыттың мәжіліс залында қала және аудан әкімдерімен, өнеркәсіп кәсіпорындарының, бизнес-құрылымдардың, кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ