Экономика 0 пікір 3502 лайк

Бизнестiң бағын ашқан Елбасы

Сәуір 11 / 2019

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің дамуын іске асырып қана қоймай, оны бүкіл әлемге танытып, тәуелсіздігімізді баянды еткен ірі тұлға ретінде тарихта мәңгі қалары сөзсіз. Бұл сөзіме мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, өзім басқаратын «Ордабасы құс» холдингі Президент қабылдаған Үдемелі-индустриалды инновациялық даму бағдарламасымен ашылғанын елдің бәрі біледі. 2010 жылдың 21 желтоқсанында тікелей телекөпір арқылы Елбасы күркетауық етін өндіретін кәсіпорынның тұсауын кескен еді. Арада тоғыз жылдай уақыт өтсе де сол бір қуанышты да жауапты сәттер әлі есімнен кетер емес. Сонда сөйлеген сөздерім, Елбасының тілегі дәл бүгінгідей есімде, сол күннің әрбір сәті жүрегімде сақтаулы.

 

– Аса құрметті Президент мырза, өзіңіздің қолдауыңызбен жоба әлемдегі ең алдыңғы қатарлы израильдік технологиямен салынды. Жобаның ерекшелігі – толық циклда қалдықсыз барлық өнімді өңдеуінде. Облыста өндірілген жүгері, бидай, арпа өнімдеріне тұрақты сұраныс пайда болды. Шетелдерден тасымалданатын күркетауық етін бәсекеге қабілетті, 20-30 пайызға арзан отандық өнім алмастырады. Аймақтағы елді мекендерден 500-ге жуық адам жұмысқа тартылады. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, алғашқы 70 мың күркетауық балапанын бордақылауға жіберіп, кәсіпорынды іске қосуға рұқсат беруіңізді сұраймыз, – деген едім.

Сонда Елбасы әдемі әзілімен сөз бастап: «Қойдың етін жеп үйренген қазақ енді күркетауық етін жейтін болды. Өздерің ғана емес, мына жаңа жылдың қарсаңында Астанаға да біразын жіберіңдер» деген болатын.

2011 жылдың 10 наурызында Президент өңірге жасаған іссапары барысында «Ордабасы құс» жоғары технологиялы құс фабрикасының жұмысымен танысты. «Ордабасы құс» – Қазақстандағы және Орта Азиядағы күркетауық етін өндіретін алғашқы жоба, ал, ТМД кеңістігінде ең мықты кәсіпорындардың бірі. Бүгінде компания одан әрі даму үстінде. Ордабасы ауданына қарасты Бадам, Бөржар ауыл округтерінен 400-ден астам жұмысшы осында келіп жұмыс істейді. Елбасы тапсырмасына сәйкес бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін мойнымызға алып, осы салаға көп көңіл бөліп жатырмыз. 2011 жылы 2300 тонна ет өндірілсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 10 мың тоннаға жетті. Ал, жалпы 2011-2018 жылдар аралығында 60 мың тоннадан астам күркетауық еті өндірілді. Тауар ассортименттерін қазақ халқының ұлттық тағам дәстүріне сай ет деликатестерімен байытып жатырмыз.

Елбасының халыққа жасаған жақсылығын, қамқорлығын ел ұмытпайды, әсіресе кәсіпкерлер Президенттің қолдауын көп көрді. Нұрсұлтан Әбіш-ұлы ел тізгінін қолына алған сәттен бастап жеке кәсіпкерлікке кең жол ашып берді. Шағын және орта бизнестің өркендеуіне бар жағдайды жасады. Соның ішінде әкімшілік кедергілерді алып тастау үшін қатаң заң талаптарын қабылдады. Шетелден инвесторлар тартып, тоқтап қалған кәсіпорындарды қайта іске қосты. Соның арқасында елімізде жұмыссыздар саны азайып, әлеуметтік күрделі жағдайлар оң шешімін таба бастады. Жер асты байлығын әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік әперді. Келешек ұрпақтың қамын ойлап Ұлттық қор құрды. «Қара алтыннан» түскен артық табыстар сонда сақталып, әлемде орын алған қаржылық дағдарыс кезінде осы Қор «қауіпсіздік белбеуінің» рөлін атқарды. Сол тұста көп елдерде адамдар жұмысынан айырылып, күнін көре алмай қиналып жатқанда Қазақстанда жолдар, мектептер, ауруханалар салынып, жұмыс қайнап жатты. Осының бәрі де Елбасының көреген саясатының арқасында жүзеге асқаны белгілі. Президенттің идеясымен Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, отандық кәсіпкерлер үлкен нарыққа шықты. Соның арқасында қазір кәсіпкерлер өз тауарларын одаққа мүше мемлекеттерде, әсіресе, Ресейде емін-еркін саудалауға мүмкіндік алды. Экономикалық одақтың тағы бір пайдасы, отандық нарықта тұтынылатын тауар түрлері көбейді. Бұл шетел өнімдерімен бәсекелестікті арттыруға және тиімді баға саясатын ұстануға жол ашып берді.

Елбасының ең негізгі жетістігі Арқа төсінен жаңа елорда салдырды. Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының) әлемге танылуына көп еңбек сіңірді. Шетелден дүние жүзіне танымал сәулетшілерді шақырып, солармен бірге жаңа елорданың келбетін қалыптастырды. Ерен еңбектің нәтижесінде ел астанасы әлемдегі сұлу шаһарлардың біріне айналды. Аз уақыттың ішінде ескі қаланың орнында зәулім үйлер, ғажайып ғимараттар, стилі ерекше түрлі сәулеттік нысандар пайда болды. Елорда Қазақстанның әкімшілік орталығы ғана емес, ғаламдық басқосулар, халықаралық жиындар мен шаралардың алаңына айналып үлгерді. Әсіресе, әлем назарын өзіне аударған экономикалық, саяси форумдар мен келіссөздер Нұр-Сұлтан қаласында өтуде. Бұған Астана экономикалық форумын, әлемдік және дәстүрлі діндер съезін, Сириядағы күштерді бітімгершілікке шақыруға бағытталған Астана процесін жатқызуға болады. Ел тарихында қалған ең ауқымды шаралардың бірі болашақтың энергиясы тақырыбына арналған мамандандырылған халықаралық ЭКСПО көрмесі де біздің елдің астанасында ұйымдастырылды. Елбасының әлемдік саясат сахнасында ықпалы мен мәртебесі биік болғандығы әрі оны дүние жүзіндегі ірі саясаткерлер мен қайраткерлер ерекше құрмет тұтатындығы үшін астанамызда талай халықаралық іс-шаралар атқарылып, соның арқасында аты әлемге кең тарады. Әділдігін айтсақ, елорданы алғашқы кірпішінен бастап қалап, бүгінгідей дәрежеге жеткізген – Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан астанаға Елбасы есімін беруге қатысты қабылданған шешімге толықтай қосыламын және Президент есімі астананың атауына әбден лайықты деп білемін.

Әрине, Елбасының өз өкілеттігін тоқтату туралы шешімін қинала қабылдадық, дегенмен, Президент қандай шешімге келсе де бәріне сыйластықпен қараймыз. Ал, бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы жұмыстарына сәттілік тілей отырып, Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына қосу бағытында аянбай тер төгетініне сенім білдіреміз.

Елбасы Қазақстанның экономикалық саласына ғана емес, руханиятына да ерекше көңіл бөлді. Тәуелсіздікпен бірге еліміздегі мәдениет, өнер салалары да дүр сілкінді. Салт-дәстүріміз, дініміз жаңғырып, қазақ тілі өзінің мәртебесін алып, бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың көсегесі көгерді. Ауылда жабылып қалған мәдениет үйлері қайта ашылып, кітапханалар жөнделіп, олардың қоры жаңа кітаптармен толығып, рухани қазынамыз артты. Ұлт мәдениетін асқақтату мақсатында Елбасы тың бастамалар көтеріп, мазмұнды бағдарламалар қабылдады және осы бағытқа орай жазылған бірнеше еңбектерін жариялады. Ол – «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» туындылары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары.

Президент тұтас ұлт бәсекеге қабілетті болуы керек дегенді жиі айтады. Көштен қалып кетпеу үшін әлемдегі технологиялық өзгерістер мен жаңалықтарды тез үйреніп, тұрмысымызды соған сәйкес бейімдеп, ғылымдағы жаңа төңкерістерге дайын отыруға тиіс болуымызды ескертеді. Осыған байланысты елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, барлық сала сандық жүйеге өте бастады. Медицинада қазір науқастар электронды түрде алдын-ала дәрігерге жазылуда. Білім беруде мұғалімдер мен оқушылар қағаз, қаламды планшетке алмастырып жатыр. Елбасының тағы бір ерекше қыры, әрдайым жастарға арқа сүйейді. Солардың қамын ойлап «Болашақ» бағдарламасын өмірге әкелді. Осы бағдарлама бойынша қаншама жас шетелдің маңдайалды жоғары оқу орындарында оқып, білім алып келді. Бүгінде олардың көпшілігі жауапты салаларда қызмет атқарып, елімізді көркейту жолында тер төгіп жүр.

Жоғарыда айтқанымдай, Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру бағдарламасының нәтижесінде Қазақстанда бұрын болмаған, инновациялық өнімдер шығаратын көптеген кәсіпорындар ашылды. Солардың бірі – біздің «Ордабасы құс» холдингі. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүргізілген дұрыс саясаттың арқасында кәсіпорын қуаттылығын арттырып, аясын кеңейтіп отыр. «Ордабасы құс» қазір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен жоғарылап, холдингке айналды. Компаниямыз тек күркетауық етін өндірмейді, сонымен қатар, қарқынды бау шаруашылығын да жүргізіп, алынған өнімді сақтаумен және қайта өңдеумен айналысады.

Тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті–Елбасы салып берген сара жолдан таймасақ, осы кезге дейін белгілеп кеткен жоспарлары мен мақсатын түгел орындасақ, аңсаған арманымызға сүрінбей жететінімізге, тарих сахнасына қайта көтерілген Ұлы дала елінің енді жұлдызы мәңгі жарқырайтынына кәміл сенемін.

Мұрат ТАҒАЕВ, «Ордабасы құс» холдингінің бас директоры, Ордабасы және Қазығұрт аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ