Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Кандидаттарды ұсыну 10 сәуiрде басталып, 28 сәуiрде аяқталады

Сәуір 11 / 2019

 

ҚазАқпарат. Ағымдағы жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді.

 

«Науқанның жекелеген кезеңдерінің ұзақтығын айқындау үшін «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңның 66-1-бабы негізге алынды.

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы жөніндегі іс-шараларды өткізу мерзімдерін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Осы жоспарға сәйкес ҚР Президентінің лауазымына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалғаннан келесі күні, яғни 2019 жылғы 10 сәуірде басталып, ағымдағы жылдың 28 сәуірінде сағат 18.00-де аяқталады» деді К.Петров.

Кандидаттарды тіркеу ағымдағы жылдың 11 мамыры күні сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Кандидат ретінде тіркелу үшін ұсынылған тұлға 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша өзінің және жұбайының кірістері мен мүлік туралы декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, өзінің денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны тапсыруы қажет.

Тапсырылған декларацияларда кандидаттың кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің рас еместігі анықталған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеу күшін жоя алады. Президенттікке кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың кемінде 2/3 бөлігін тең дәрежеде білдіретін сайлаушылардың кем дегенде 1 пайызының қолдарын жинаумен расталады.

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҚР ОСК елімізде дауыс беру құқығы бар 11 814 019 азаматты сайлаушылар тізіміне қосқан. Осылайша әрбір кандидатты қолдау үшін 118 140 сайлаушының түпнұсқалы қолы жиналуы тиіс. Қол жинауды президенттікке кандидаттардың сенім білдірген адамдары ұйымдастырады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға кандидаттар 2 млн. 125 мың теңге сайлау жарнасын төлеуі тиіс.

«Сайлау жарнасы кандидатқа ол лауазымға тағайындалған жағдайда немесе жалпы сайлауда 5 пайыздан астам дауыс жинағанда қайтарылады» деді Константин Петров.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ