Арнайы беттер 0 пікір 0 лайк

Мол үміт, келісті болашақ күтеміз

Сәуір 11 / 2019

Биыл еліміздің саяси өмірі өзгерістерге толы болды. Оның ішінде Елбасының өкілеттігін тоқтату туралы шешімін көпшілік әділ әрі көреген шешім деп бағалады. Неге десеңіз, ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, бағытымызды айқындауда бұл өзгерістің орны ерек. Міне, Президент сайлауын кезекті рет өткізу мәлімдемесі де жарияланды. Біз болашағымызды айқындарда өткенімізге қарауды ұмытпаған елміз. Тәуелсіздік бізге қандай жеңісімен келді? Әлем алдындағы асқақ беделіміз бен еңселі экономикамызды айтпағанның өзінде өткен жылдар қазақ руханияты үшін елеулі оқиғаларға толы болды. Оның ішінде, күллі адамзат, бүкіл дүние жүзінің өркениетті қауымы, барша ел назар аударарлықтай әлемдік деңгейдегі, парасаттың шырқау биігіндегі пайымдар ортаға салынды. Нақты ғылыми деректерге сүйеніп, жаһандық тарихтағы Ұлы Дала елінің, қазақ ұлтының, Қазақстан Республикасының орны мен рөлі жан-жақты айқындалды. Бүкіл байтағымыздың рухани жаңғыру барысында алдағы уақытта қандай мәселелерді қалай жүзеге асыру керектігінің тағлымды тұжырымдамасы жасалды. Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру арқылы күллі түркі жұртының туын төрімізге тікті. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында әл-Фараби мен Ахмет Ясауи бабаларымызға, батырлар жырына, қызғалдақ пен сиверс алмасына дейін айрықша мән берілуі қаламгерлерге қанат бітіреді.

Осындай жарқын кезеңдерді бастан кешіріп отырған еліміз алдағы сайлаудан мол үміт, келісті келешек күтеді. Ол үшін ауызбірлік қағидасы ауадай қажет. Кемеңгер еліміз өз Президентін сайлауда бұл жолы да қателеспейді деп сенеміз.

Мархабат БАЙҒҰТ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ