Төрге түбінде Орынтайлар шығады

Сәуір 11 / 2019

 

Оның өмір дерегі онша бай да емес. Бірақ, ауданға, қала берді облысқа есімі кеңінен танымал азамат. Орынтай Көмеков. Әне, сіз де тани кеттіңіз. Ол 1956 жылы 20 сәуірде Түлкібас ауданы, Мақталы ауылында дүниеге келген. Отбасындағы 2 ұл, 4 қыздың ішіндегі ең кенжесі. Бала кезден шағын елді мекенді қақ жарып ағатын Арыс, Қызыларық, Қарасу деп аталатын өзендерде шомылып, ауылдың борпылдаған ыстық қара топырағын армансыз кешіп, шыбықты ат қылып мініп, титтейінен газет-жорналға құмар болып өсті.

 

«Саларық» сегізжылдық мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрмаханбет Сатыбалдин ағаға еліктеп, тырнақалды өлеңдері мектептің қабырға газетіне жарияланып, әдебиетке әуестігі бала кезінен байқала бастады. Ал, аудандық «Шамшырақ» газетіне алғашқы материалы жетінші сыныпта оқып жүргенде жарық көрді. Сондағы тасқа басылған мақаласын ешкім жоқта қайта-қайта оқып, қуанышы қойнына сыймай жүргені дәл бүгінгідей көз алдында. Осы қуанышынан шабыт алып, «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Оңтүстік Қазақстан» газеттеріне де мақалаларын, суреттемелерін, қысқа хабарларын шығарып үлгерді. Орта білімді Ильинкадағы (қазіргі Керейт ауылы) Киров атындағы (қазіргі О.Ағыбайұлы) мектепте алып, осындағы интернатта жатып оқыды. Сол кезден өлең жазуға ден қоя бастады. Балалығы шығар, әсіресе, кейбір өзіне ұнамайтын мұғалімдерді сын садағына алған өлеңдері тәп-тәуір шығып жүрді. Бір оқушы балалық жасап, оның өлеңдерін сыналған мұғалімдерге беріп қойыпты. Содан айқай-шу басталып, Орынтайды жиналысқа салып, комсомол қатарынан, тіпті, мектептен шығармақшы болып, «бала ақынды» екінші өлең жазбайтындай етіп «сындырып» тастайды. Осы оқиғадан кейін біздің батыр «көпке дейін өлең жазуға зауқым соқпай қалды» деп айтып жүріпті.

– Орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түсуге жағдайым болмады. Тым болмаса жүргізуші куәлігін алайын деп Қарабұлақтағы №108 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға бардым.

Бірақ, ол оқуды бітірмей жатып әскерге алынып, «право» алу маңдайыма жазылмады. Сөйтіп, мен пақырың бірде-бір оқу орнын бітіре алмадым. Германияда әскери борышымды атқарып жүріп, елге деген сағынышым, ауылда қалған сұлу қыздарға деген іңкәрлігім, сол күйінде ақ қағазға қаз-қалпында түсіп, небір сөз маржандарына айналып, әдебиет ауылына жетелей берді. Ауылға оралған соң да жалғыз шешемді тастап кете алмай, ешқайда мойын бұрмай жиырма жылдан астам құрылысшы болып тер төктім. Әйтсе де, сүйікті ісім қалам-қағазды тастамай аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға үзбей жазып тұрдым. 1994 жылы Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетіне қызметке шақырылдым. Міне, содан бері осы басылымның ыстық-суығын бірге көтеріп келемін. Құдайға шүкір, еңбегім жанып, кезінде «Жұдырық», «Айғақ» газеттерінің әр жылдардағы номинациялары бойынша жеңімпаз атандым. Жергілікті баспадан үш сатиралық кітабымды шығардым. Түлкібас ауданының әкімшілігі ұйымдастырған «Жыл адамы» номинациясы бойынша 2006, 2014, 2017 жылдары «Жылдың үздік журналисі» атандым. Осы аралықта «Нұршуақ» атты жеке газет шығарып, оның бас редакторы болдым. Қазақстан Журналистер одағының мүшесімін.

Шынын айтқанда, мінезім тұйықтау. Көп сөйлегенді жақтырмаймын. Кез келген адаммен тез тіл табысып кетуім де қиындау. Шіренген шенеуніктерді суқаным сүймейді. Мақтаншақ, өркөкірек жандардың жанына жоламаймын. Қарапайымдылықты, аз сөйлеп, көп іс тындыратын адамдарды ұнатамын, – дейді ол ағынан жарылып.

Иә, айтса айтқандай, оның жүріс-тұрысы да, адамдармен қарым-қатынасы да, тіпті, киінуі де қарапайымдылығынан хабар беріп тұрады. Жағымпаздануды, мәймөңкелеуді жақтырмайтын Орекеңнің өтірік сөйлеуді білмейтіні де айқын байқалады.

Анахарисистің «Еркін адам дегеніміз – өз қалауымен, өз заңдарымен өмір сүретін адам» деген сөзі біздің кейіпкерімізге дәл келетін сияқты. Тегінде шығармашылықтың адамы солай болу керек қой.

Ғұлама бабамыз әл-Фарабидің «Адамның басына қонған бақыттың тұрақтап қалуы жақсы мінез-құлқына байланысты» деген сөзі Көмековке арналып айтылғандай. Өйткені, салмақты, жайдары мінезімен дипломсыз-ақ, аудандық газеттің білдей қызметкері болып 25 жылдан аса қасиетті шаңырақ-редакцияда тұрақтап қалуы да бір бақыт емес пе?!

Орынтайдың қалам сілтесі сатираға жақын болғанымен, адамның жан дүниесіне әсер ететін, тебіреніске толы, оқырманның жүрегін баурап алар туындылары көп-ақ. Қандай мақала жазса да одан өзіндік қолтаңбасы менмұндалап тұрады. Шағын хабардың өзін жаттанды трафареттікке ұрынбай баяндайды. Сыни мақала жазуға бейім. Бірақ, шындық та саумал сияқты кейбіреулерге жақпайды. Сондықтан, қаттырақ кете алмай жүргенін түсінеміз. Көрсетіп жазып жүргені де аз емес. Көрсетпей жазып жүргендері қаншама?!

Жасыратыны жоқ, біз өздерін өздері мақтайтын өркөкіректер төрге шыққан заманда өмір сүріп жатырмыз. Оны аз десеңіз қорыққанының қолына ғана су құятындар қаншама?! Осындай заманда Орынтай болып өмір сүру расында қиын. Алайда... Алайда, адал еңбек бәрін жеңеді. Біз осы қағидаға сенгіміз келеді. Ендеше, төрге түбінде Орекеңдер шығатын болады. Ал, әзірге кейіпкерімізге пайғамбар жасқа толғаныңыз құтты болсын дейміз.

Байбосын БЕКТҰРСЫНОВ, ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері. Түлкібас ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ