Руханият 0 пікір 3496 лайк

Мүсiнде де мiнез бар...

Сәуір 11 / 2019

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Үлкен, ірі, елге керекті елеулі істерді атқарып жүрсе де көзге түсе бергісі келмейтін, өзін тасада, жұрт көзінен тысқары ұстайтын адамдар арамызда аз емес. Олар жан қалтарысындағы буырқанған сезімдерін, толқынды толғаныстары мен шамырқанған шабыттарын тұмшалап ұстайды. Зәуіде кездестіре қалсаңыз, ішкі құпиясының кілтін қолыңызға оңайлықпен ұстатпайды. Тымық кештердегі тұнық көлдердің беті шым-шым ойнап, әлдебір тұңғиығына батырып, сиқырлы әлемге тартып тұрмайды ма? Суретші, сәулетші һәм мүсінші, Түркістан облысындағы мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін «2018 жылдың ең үздік суретшісі» атанған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Құралбек Қосуақовты кездестіргенде осындай бір әдемі әлемге бой алдырғанымыз бар.

 

Құралбек қандай ерекше үлесі үшін осынау шыңға шықты? Бұл енді әңгімені әріден бастауға жетелейді. Жастық шақ, жақсыға еліктеу, сұлулыққа сұқтану, білмекке, үйренбекке талпыну әркімнің-ақ басынан өтері анық. Алып ұшқан асау жүректің бұлқынысы үлкен сапарға жетелейтін тұма бастау іспетті алға сүйрейді.

Дана қазақта ананың сүтімен, әкенің қанымен балаға өтетін, бойыңа сіңетін дара қасиетті бағзы замандарда-ақ айтып кеткен. Осы ретпен айтсақ, Құралбектің бойына өнер деген құттың қонуы әкесі Арыннан дарыған деуге толық негіз бар. Арекең мектепте ұзақ жыл ұстаздық етті. Ол әрбір сабағын өзі салған суреттер арқылы түсіндіретін. Кітаптағы қасаң теориядан гөрі көз алдындағы сиқырлы суреттер сыры бала санасына оңай сіңетінін Арекең сол кезде-ақ жақсы түйсінді. Ендеше, кешегі бала, бүгінгі дара Құралбектің алғашқы ұстазы – әкесі. Одан кейінгі ұстазы – «Атбұлақ» орта мектебінің мұғалімі Қуанышбай Әбдешов. Ол Құралбектің жүрегіне үміт шамын жағып, биіктерге жетеледі. Өнер саласындағы түрлі жарыстарға қолынан жетелеп жүріп қатыстырды. Мектептің маңдайалды, мақтаулы ең жас суретшісінің бойында өнерге деген сүйіспеншілік осылай тұтанды.

Бала суретші енді айналасындағы құбылыстарға, оқиғаларға, тұма табиғаттың тұнықтығына қалыптан тыс көзқараспен, тылсым бір түйсікпен қарай бастады. Қолынан бояуы түспейтін болды. Бірде анасы баласының балшықтан мүсін жасап отырғанын көріп қалды. Тәп-тәуір қалыпқа келген саз балшық кебе бастағанда жарылып кетеді. Осындайда еңбегінің еш болғанына ызаланған Құралбек күйіп-пісіп жүреді. Дүниеде баланың күйінгенінен жаман не бар? Осы күрсінісінің орнын толтыру үшін әке-шешесі бірде оған ермексаз әкеліп берді. Саз балшыққа қарағанда ермексаз әлдеқайда тиімді болып шықты. Балшықты отқа қақтап қатыра аласыз. Ал, ермексаз қатпағанымен, қалаған мүсініңді жасай аласың әрі ол біреу әдейілеп келіп бүлдірмесе, кескін-келбетін ұзақ уақыт бұзбайды.

Өнер деген жұмбақ өлкенің түпсіз терең тылсымы мен тұңғиығына тәуекел деп тас жұтып түрен салған Құралбек мектепті бітірісімен-ақ Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне құжаттарын алып құстай ұшып жетті. Өтті. Өйткені, талапкердің бойындағы талантты мұндағы көзіқарақты ұстаздар тап басып таныған-ды. Училищеде Нұрлан Шилібаев, Амангелді Тұрсынов, Молдағұл Нарынбетов сынды белгілі қылқалам шеберлерінен, мүсіншілерден дәріс алды. Қазақстан Суретшілер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Шилібаев оның қазір де ұстазы, ақылшы-кеңесшісі. Қазақстанның мәдениет қайраткері, суретші-график Батухан Бәймен екеуі бүгінде шығармашылық бірлікте жаңа жұмысты бастап та кетті.

Рабат ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиев атындағы мектепте сызу және сурет пәнінен сабақ берген Құралбектің ұстаздық өтілі алты-ақ жыл. Неге? Өйткені, оның еркіндік аңсаған жүрегі мектептің үйреншікті қалыбына сыя алмады. Осылайша ол 1988 жылы мектептен қол үзіп, шығармашылық жұмысқа біржолата бет бұрды. Сурет салумен қатар мүсін жасаумен түбегейлі айналысты. Оның туындылары республикалық, облыстық көрмелерде лайықты бағаларын алып жатты. Құралбек өз шығармаларын бастауда ең әуелі болашақ туындысын жүрек сүзгісінен өткеріп алады. Шетсіз де шексіз кеңістік, өлшеулі өмірдің мәні, өнердің тәрбие мен эстетикадағы өзіндік орны, міне, осының барлығы оның эмоционалдық суреттерінде көрініс тауып жатады. Суретшінің әрдайым ізденіс үстінде жүретіні тосын формалы, тың шешімді, терең астарлы туындыларында көрініс тапқан.

Абстракция – бұл әралуандылық, шешімі, түйіні жұмбақ дүние. Құралбектің туындыларында идея, ой бірінші планға шығады.

Біз мақаламыздың басында суретшінің басты ерекшелігі неде, ол осынау шыңға қалай шықты дегенге жауап бермекке тырысқанбыз. Оның «Қазақ ханы» атты биіктігі 4 метрлік ескерткіші Нұр-Сұлтан қаласының төрінде тұр. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай осы еңселі ескерткішті қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков арнайы тапсырыс беріп жасатты.

«Хан қандай болады?» деген сауалдың жауабы қашан да даулы. Біз көбіне көз алдымызға тақта мығым отырған, өз-өзіне аса сенімді әрі жанарынан жалын атқан, тәкаппар, паң, маңғаз, қатыгез жанды келтіреміз. Ал, Құралбек сомдаған хан бейнесінде байсалды, терең ойлы, тебіреністі, жүзінде мейірім шуағы ойнаған, халықтың ертеңін ойлаған алаң көңілді дана да дара жанның шынайы келбеті бар. Осыдан-ақ автордың қиял қуатын, қай туындысын да әуелі жүрек көзінен өткізіп барып халыққа ұсынатынын аңғара аласыз.

Елбасы Жарлығымен жаңа статусқа ие болған киелі Түркістан қаласына кіреберісте Сізді Алатау батырдың еңселі ескерткіші қарсы алады. Ескерткіштің биіктігі – 9 метр, тұғыры – 10 метр. Осы алып ескерткіштен аңғарымпаз адам өжеттіктің, батырлық пен батылдықтың алдаспан ажарын ғана емес, батыр бойындағы бұлқынған, буырқанған бұла сезімдерді, терең тебіреністерді, ұлттық рух пен намысты аңғара алады. Бұдан мүсіншінің бабалар аманатын өнер тілінде бүгінгіге бүтіндей жеткізе алғандығын, суреткердің қиял қуатын салмақтайсыз да тәнті қаласыз.

Мүсінші Құралбек Арынұлы 2013 жылы Шымкентке, 2004 жылы Жетісай қаласына Алпамыс батырдың еңселі ескерткіштерін сыйлады. Екі ескерткіш – бір тұлға. Алайда, ескерткіштердің көркемдік шешімі екі басқа. Шымкент шаһарының Ташкент қаласынан кіреберісіне қойылған ескерткіште батырдың екі жолбарысы бар. Жолбарыс – кие. Жыр алыбы Жамбылда да үнемі өзімен бірге еріп жүретін қызыл жолбарысы болған. Алпамыс батырдың қасына ерткен екі жолбарысы оның ерен күштің, терең ақылдың иесі екенін байқатады. Жетісай қаласындағы ескерткіште жауларына аттанып бара жатқан батырдың алапат сезім арпалысы аңғарылады.

Сарыағаш қаласына қойылған Қазыбек би ескерткіші, облыстың басқа да аудандары мен қалаларына орнатылған Сабыр Рақымов, Қарақозы Әбдәлиев, Махамбет Өтемісұлы, Абай Құнанбаев, Шәмші Қалдаяқов, басқа да қазақтың белгілі тұлғаларына арнаған ескерткіштері мен мүсіндері бөлек-бөлек талдауды талап ететін туындылар.

Негізінен Құралбек өнер туындыларына қажетті материалдарды Ресейден алдырады. Олар, әрине, арзан емес. Суреттерін, картиналарын сатады. Осылайша өзіне-өзі демеушілік жасайды. Құралбек қаржының құлы емес. Шеберханасындағы түрлі пішінді мүсіндерді, кескіндемелерді келушілер қолжетімді бағаға сатып алып, ризашылықтарын білдіріп кетіп жатады. Бұл – суретшінің тағы бір қыры.

– Ескерткіштерге тас тұғыр, жансыз бейне деп сыңаржақ қарауға болмайды. Үңілген, түйсінген адамға әрқайсысының айтар ойы, идеясы бар. Мүсіндерде де мінез болады, ескерткіштерде де ескірмейтін арман-аңсар бар. Мұны сұңғыла суреткер ғана емес, қарапайым адамдар да тани алады, – дейді Құралбек Қосуақов.

Былтыр суретші-мүсінші Құралбек Арынұлы адамзаттың алтын бесігі – Қазығұрт тауына арнап монумент тұрғызды. Биік талғам, ыстық жүрек, мөлдір махаббаттан туған ұлттық нақыштағы осы туынды оған жеңіс сыйлады.

Міне, осындай заңғар биікке көтерілгенімен, Құралбек көп көзіне түсе бермейді. Тылсым тыныштықта өз әлемімен оңаша қалғанды жаны қалайды. Шеберханасында жападан-жалғыз жалқы ойының жетегінде ой-қиялдың шыңырауына шым-шым батып, шексіз де шетсіз галактикада қалықтап бара жатады. Аспан әлемі. Аппақ дүние. Асқақ арман. Осының бәрі – дегдар өнердің тізгінін қағып, кіршіксіз таза дүниені шарқ ұрып іздеп жүрген суретшінің алғаусыз арманы, кәсібіне, мамандығына деген махаббаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ