Еңбегi ескерiлсе екен

Сәуір 11 / 2019

 

Өткен өміріне қайырылып бір қарау өзін парасаттымын деп есептейтін әрбір адам үшін керек қасиет. Бұл орайда күнделік жүргізіп отыру – мәдениеттіліктің бір белгісі болып табылады.

 

Өкініштісі сол, бүгінде күнделік жүргізетін жандарды көп кездестіре бермейсіз. Жуырда кезінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет істеген Ордабек Шаяхметовтің соңында қалған мұраларын ақтарыстырып отырып, қызыл күнделігі қолымызға тиді. Онда Орекең өзінің күнделікті істеген тірліктерін қаз-қалпында дәптеріне түсіріп отырыпты.

Негізінде біз жазушы-журналист Ордабек Шаяхметовтің Кентау қаласына қарасты Қаражон ауылына шырылдап жүріп мектеп салдырғанынан хабардар едік. Қолымыздағы күнделіктен Орекеңнің осы мектепті салдыру үшін қаншама есікті тоздырғанын білдік. Кезінде ауыл жанашырының осынау еңбегін кім жете білді, кім бағалады? Сөйтсек, ағамыз шалғай ауылдан білім ордасын салдыру үшін аз жүгірмепті ғой.

Күнделік өтірік айтпайды. Ол – әр адамның ішкі сыры, жан даусы. Біз күнделікті оқи отырып, Ордабек ағамыздың ұрпақ болашағы үшін шыр-пыры шығып, қалай қиналғанын көз алдымызға елестеттік.

Міне, мына жазулар күнделікке 1983 жылдың 27 қазаны күні түскен. Мұнда күнделік иесі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Әділ Сасбұқаевтың жұмыс орнына арнайы іздеп барып, сөйлескені жазылыпты. Орекең аталмыш мәселе бойынша халық депутаттары Кеңесі облыстық атқару комитеті мен Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жіберілгенін, бірақ мәселе әлі шешімін таппай жатқанын жеткізеді. Әдекең сол жерде ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты күрделі құрылыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Николай Александрович Зинченкоға тапсырма береді.

Арада көп күн өтпей, яғни 31 қазанда Ордабек аға Николай Александровичтің алдына келеді. Ол журналистің өтінішінен кейін телефон арқылы республикалық Мемлекеттік жоспарлау комитетінің тиісті бөлім мамандарымен сөйлеседі. Республикалық деңгейдегі мекеме қызметкерлері мектеп құрылысының келесі жылға қалғанын жеткізеді. Зинченко келесі жылдың жоспарына міндетті түрде енуі керектігін айтып өтініш жасаған.

Дегенмен, мектеп құрылысының құжаттарын дайындау, тағы басқа да мәселелер созбалаңға салынып кетеді. Осы тұста Ордабек ағамыз республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне мақала жолдайды. Бұл – 1984 жылдың 21 наурызы. Газет редакторы Балғабек Қыдырбекұлы облыстық атқару комитетінің төрағасы Ораз Жандосовпен сөйлеседі. О.Жандосов газетке түскен мақала бойынша жұмыс істеуге уәде береді.

1985 жылдың 13 ақпанында Ордабек Шаяхметов «Южгорсельпроект» мекемесіне барып, Қаражон ауылында салынатын мектептің сметалық жоспары жасалған-жасалмағанын, жасалса құрылыс жұмыстары қашан басталатынын сұрап біледі. Осы жылғы 5 қарашада журналистің облыстық архитектура және білім басқармаларына барып, құжаттар сұрастырғаны айтылады. Мұнан соң олар ауыл шаруашылығы басқармасына қайырылып келген. Басқарма бастығының орынбасары Байсейітов Қаражоннан 392 орынды мектеп салу туралы облыстық атқару комитетінің 1984 жылы 21 қыркүйекте қаулысы шығып қойғанын, бұл құжат кеңшар директорына жіберілгенін айтады. Тиісті құжаттарды көрсетеді. Ал, кеңшар басшысы болса... бұл құжатты, онда берілген тапсырманы бүркемелеп келген.

Білек сыбанып бір кіріскен соң жұмысын ақырына дейін жеткізбей тынбайтын Ордабек Шаяхметовтің табандап талап етуі бойынша сол жылы 392 орынды мектептің орнына 192 орынды білім ошағын салу жөнінде қаулы шығады ғой. Бұл екі арада Орекең облыстық атқару комитеті мен ауыл шаруашылығы басқармасының арасын шиырлап көп жүреді. Күнделікте қай күні, қай сағатта қай бөлімге, қандай лауазымды кісіге жолыққаны тайға таңба басқандай сайрап тұр. Сыйымдылықтың 200 орынға кемуі сол кездегі елді мекендегі бала санына қатысты болса керек. Алайда, болашақта ауыл ұлғайып, бала саны артатынын қанша рет айтса да, сол кездегі жағдайға байланысты 230 орынды екі қабатты мектеп құрылысы әйтеуір басталып кетеді. Бұл – 1986 жыл болатын.

Міне, осындай қиындықпен салынған мектепті көргенде Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Ордабек Шаяхметов ағамыз еске түседі. Ауылдағы көнекөз қариялар Орекеңнің осы мектепті жанқиярлықпен салдырғанын күні бүгінге дейін жыр қылып айтып отырады.

Иә, ол кезең өте ауыр еді. Сонда да түрлі кедергілерді бұзып, «Майдамтал» кеңшары орталығынан 6 шақырым қашықтықтағы елді мекенге мектеп салдырған, сөйтіп ауыл балаларын түрлі қиындықтардан құтқарған Ордабек ағамыздың атын ұлықтауымыз керек-ақ. Осы ретте Қаражондағы өзі салынуына мұрындық болған мектеп Ордабек Шаяхметов атын иемденуге сұранып тұр емес пе?

Қаражон ауылы тұрғындары атынан: Бердібек ОМАРБЕКОВ, Көпен ҚОРҒАНБАЕВ, Әбен ӘЛМЕНОВ, Керімбек СОПБЕКОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ