Бір жылдың бір-ақ күнінде ғашық боламыз ба?

Сәуір 11 / 2019

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Адамзаттың өзі – ұлы махаббаттың жемісі. Шыр етіп дүниеге келген сәттен ананың ыстық құшағы мен әкенің мейіріміне бөленсек, балиғат жасына жеткенде осынау ұлы сезім ынтызарлыққа ұласады. Ғашықтық ғаламатымен күн кешеміз. Мейлі ол сырыңды ұқсын, ұқпасын, әр адамның жүрегінде бір жанға деген іңкәр сезімің жатады... Кейде ол дауыл секілді тынышыңды бұзып, жан дүниеңді алай-дүлей етсе, кейде түпсіз терең тұңғиыққа батырады да жібереді. Жүректегі алаулаған отты сөндіру мүмкін емес шығар, сірә. Ол жанды ұмыту былай тұрсын, бір сәт естен шығару мүмкін бе? Ол үшін күндерді күлкісіз, түндерді ұйқысыз өткізу түк те емес...

 

Махаббат – сезiмдердiң патшасы. Сүйiспеншiлiктiң өзi кез келген адамды өзiнiң тереңдiгi мен тебiренiске толы әлемiмен баурайды. «Ғашықтың тілі тілсіз тіл» дейді Абай атамыз. Өрттей шарпыған махаббат оты біреуді шыңырауға шығарса, енді біреуді құрдымға жібереді. Осындай аласұрған сезiмдерден құралған махаббатты тойлау үшiн арнайы күн қажет пе?

Адам баласы ұлы махаббат сезімін ежелден ерекше қадірлеп, қастерлеп келген. Кейбір елдер махаббат мейрамын тойлау үшін бір күнді арнайы белгілеп алған. Оны осынау құдіретті сезімнің бағасын арттырып, бір-біріне деген ыстық ықыластарын білдірудің амалы деп түсіндіреді. Ал, бізге осынау ұлы сезімді қастерлеуге күнтізбенің қажеті бар ма? Баршамыз махаббаттың символы ретінде сақталған Қыз Жібек пен Төлегеннің, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың, Ләйлі мен Мәжнүннің кіршіксіз махаббатын үлгі тұтып есеймедік пе? Ал, олардың махаббаты бір күнмен шектелмеген еді ғой. Олай болса, ұлы ұғымды неге бір күннің шеңберіне тығып қоюға тырысамыз? Тіпті, махаббат күнін мерекелеу арқылы біз кімге не үйретеміз, кімге нені үлгі етеміз? Махаббат – онсыз да Алланың қалауымен, жүректің бұйрығымен адам бойына даритын ең қасиетті ұғым. Ендеше, оны жарнамалау, алаулатып-жалаулату соншалықты қажет дүние ме?

Рас, бұған дейін жастар «Әулие Валентин» күнінің парқына бармай, жапа-тармағай тойлап келді. Бірақ, олардың дақпырты соңғы жылдары бәсеңсіп қалғаны байқалады. Әсіресе, ғашықтық хаттар салатын жәшіктер алынып тасталып, жер-жерде ұйымдастырылатын би кештері мен концерттік бағдарламалар сап тыйылды. Әншейінде 14 ақпанда телефонға толассыз келетін жүрекшелер мен құттықтауларды да биыл көзіміз шалмады. Тіпті, әлеуметтік желілерде де бұл күнге байланысты бірде-бір жазбаны кездестірмедік. Демек, жастар «Қасиетті Валентиннің» қазаққа қатысы жоқтығын ұғынып, ол күнді мерекелеуден тыйылды. Енді «Қасиетті Валентин» күнін ұмыттыру үшін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күнін тойлаудың да қисыны келмейді. Сүю деген – өмір сүру. Олай болса, біздің әр күніміз – махаббат мерекесі. Ендеше, сүйіктіңіздің жүрегін жаулап алатын сиқырлы сөздеріңіз бен сырыңызды, сезім қылын шертетін, махаббатыңызды айшықтайтын сыйлығыңызды тарту еткіңіз келсе, ешқандай ғашықтар күнін күтпей-ақ жақсы көретін адамыңызды күн сайын қуанта түсіңіз. Ал, аты бізге аңыз боп жеткен Қозы мен Баянның рухы сәт сайын қолдап, әр күніңіз есіңізде мәңгілікке сақталып қалуына тілектеспіз!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ