Экономика 0 пікір 3489 лайк

Мемлекеттің көмегі қашан да әзір, тек өзіңді жеңе біл!

Сәуір 11 / 2019

 

Лаура ТАСТАНБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Төлеби ауданындағы Майбұлақ ауылының тұрғыны Мұхаммед Лесбектің жасы – 22-де. Көксәйектегі кәсіптік колледждің ауыл шаруашылығы мамандығын бітірген ол өзінің болашағын туған жерімен ғана байланыстырады. Бие сауып, қымыз баптайтын отбасылық атакәсіптерін одан әрі дамытқысы келеді. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін Ленгір қаласындағы кәсіпкерлік мектебінде оқып жүр. Мұнда 29 жасқа дейінгі алты бірдей талапкерге жиырма күн бойы бизнестің алғашқы негіздері үйретіліп, пайдалы кеңестер беріледі. Бизнес-жоба жасауға көмек көрсетіліп, сертификатқа қол жеткізеді. Мемлекет қолдауымен жүзеге асырылған оқыту курсы тегін, тіпті, үміткердің жолақысы үшін 14 мың теңге жәрдемақы төленеді. Оқып, сертификат алған жас талап ендігі кезекте не істемек?

 

– Жұмысын жүргізу үшін жас кәсіпкерге мемлекеттік бағдарлама бойынша төмен пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша оны аудандарда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Ырыс» микроқаржы ұйымы, жергілікті аудан орталығындағы несие серіктестіктері («Агро», «Төлеби-несие») жүзеге асырады. Бұл несие алты пайызбен, ешқандай мүлік кепілсіз, 2 миллион теңгеге дейін беріледі. Ол үшін талапкердің жасы кәмелетке толуы, банктер базасындағы несие тарихы таза болуы керек. Айлық табысы тұрақты екі туысын кепіл қылады. Болашақ кәсіпкер ең алдымен қаржылық ұйымдарға өзінің бизнес-жобасын қорғай алуы, оны жүзеге асыра алатынына сенімді, қабілетті болуы тиіс. Аудан орталықтарындағы «Ырыс» микроқаржы ұйымдарының өкілдерінен басқа да сұрақтарға жауап алуға болады, – дейді Төлеби аудандық кәсіпкерлік мектебінің директоры Қ.Әшірбеков.

Шымкенттегі Д.Қонаев көшесі мен Түркістан көшесінің қиылысында орналасқан ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры акционерлік қоғамының Түркістан филиалы да жеңілдетілген пайызбен несие береді. «Еңбек» үкіметтік бағдарламасы бойынша бізге несие алудың алғышарттарын несие бөлімінің бас менеджері Асқар Жусабеков түсіндіріп берді.

– Бағдарламаның басты мақсаты – жұмыссыздықпен күрес. Жаңадан кәсіп ашқысы немесе оны ұлғайтқысы келген азамат біздің орталықтан несие ала алады. Несие алты пайызбен 6 миллион теңгеге дейін алпыс айға беріледі. «Еңбек» бағдарламасының ішіндегі «Кәсіпкер» бөлімі құрылыс, жүк тасымалдау қызметін қаржылай қолдаса, «Игілік» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы саласында кез келген мал, құс түрлерін көбейту мақсатына 6,5 жылға алты пайызбен несие беріледі. Жалпы, төмен пайызды несие алкогольді ішімдік пен есірткі бизнесінен басқа барлық мақсаттағы кәсіпке беріледі. Кез келген талапкер біздің орталықтағы менеджерлерге келіп, несие беру шарттарымен толық танысып, мүмкіндіктерін сынап көре алады. Айта кетерлігі, басты талап – кәсіпкерлік мектептің курсын бітіргені туралы сертификаты және бизнес-жобасы болуы керек. Сол арқылы аудан орталықтарындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, жұмыссыз ретінде тіркеліп, арнайы жолдамамен келеді. Ал, құжат жинауға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жергілікті жерлердегі өкілдері көмектеседі, – дейді маман.

Сондай-ақ, Шымкенттегі А.Бай-тұрсынов көшесінде орналасқан «Даму» қоры да кәсіпкер болғысы келетін жасқа төменгі пайызбен несие беру арқылы қолдау көрсетеді. Мұндағы басты талап та – кәсіпкерліктің алғашқы негіздерін оқығаны туралы сертификат. Менеджерлер несие беру шарттары туралы тұтынушыға жан-жақты түсіндіреді.

Сонымен, кәсіпкер болғысы келетін жастарға әзірше мемлекет тарапынан төмен пайызбен несие алу көмегі көрсетіледі. Ал, қайтарымсыз қаржы, яғни грант қарастырылған ба? Былтыр Түркістан облысы бойынша «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында жиырма шақты жас кәсіпкердің әрқайсысы 3 миллион теңге көлемінде грант ұтып алған. Түркістан облыстық кәсіпкерлік басқармасы мамандарының айтуынша, биыл конкурс жазда жарияланады деп күтілуде. Ескеретіні, қайтарымсыз қаржы тек инновациялық мақсаттағы бизнес-жобаларға ғана беріледі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ