Бiздiң қыз

Сәуір 06 / 2019

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

2018 жылдың шілде айында қазақ спорты ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының жүлдегері Денис Теннің өліміне қайғырмаған жанкүйер қалмады. Көк туымызды мұз айдынында желбіретіп, талай байрақты бәсекеде намысымызды жыртқан Денистен айырылып қалғанымызда біреу қолқамызды суырып алғандай күй кешкен едік. Орнында бар оңалады екен ғой. Жақында ғана Жапонияның Сайтама қаласында өткен әлем чемпионатында қазақ қызы Элизабет Тұрсынбаева жүлдеге ілінгенде қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпей қалды.

Жаһан жұрты таңдай қақты

19 жасар қазақ қызының ресейлік, жапониялық атақты мәнерлеп сырғанау шеберлерін сан соқтырып, күміс жүлде алуының өзі қазақ спорты тарихында алтын әріптермен жазылатын оқиға. Ал, оның бәсеке кезінде 4 айналым сальхов элементін орындауы әлемдік спорт мамандары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ие болмағанда ше?! Элизабет Тұрсынбаева – бұл элементті ересектер арасындағы сында орындаған алғашқы спортшы ретінде тарихта қалмақ. Бұған дейін 4 айналым сальхов элементін жапон қызы Мики Андо мүлтіксіз орындаған. Бірақ, ол жасөспірімдер арасындағы бәсеке еді.

Сальхов элементі – мәнерлеп сырғанау спортындағы ең қиын жаттығулардың бірі саналады. Бұл элемент швед елінің атақты мәнерлеп сырғанаушысы Ульрих Сальховтың құрметіне қойылған. Ол бұл жаттығуды 1909 жылы орындаған. Содан кейін ересектер жарысында бұл элементті орындаған спортшы болмапты. Ересектер арасында мұндай тәуекелге барып, элементті мүлтіксіз таза орындаған біздің қыз ғана. Осының өзі Тұрсынбаевадан жоғары деңгейлі спортшының өсіп келе жатқанын аңғартса керек.

Элизабет Мәскеуде дүниеге келген. Әкесі Байтақ Тұрсынбаев заңгер болса, анасы Падишахан Сұлтан-әлиева мамандығы бойынша экономист. Қыздарының есімін атақты актриса Элизабет Тейлордың құрметіне қойған екен.

 

Орсерден Тутберидзеге дейін...

Элизабет Тұрсынбаева 2012-2013 жылдары атақты бапкер Этери Тутберидзенің қол астында жаттықты. Ол Тутберидзеден тәлім алып жүріп, Мәскеу қаласының чемпионы атанады. Содан кейін Канадаға кетіп, Брайан Орсерден тәлім ала бастайды.

2014 жылдан бастап ол халықаралық жарыстарға Қазақстан атынан шығып жүр. Осы уақытқа дейін Лиза ел чемпионатында 4 рет чемпион атанып үлгерген. 2018 жылдан бастап Тұрсынбаева өзінің алғашқы бапкері Этери Тутберидзенің қарамағына қайта оралады. 2019 жылы қысқы Универсиада ойындарында күміс жүлде иеленген. Сондай-ақ, оның еншісінде 2016 жылғы жасөспірімдер арасында өткен қысқы Олимпиада ойындарының, 2017 жылғы қысқы Азия ойындарының медальдары бар.

Жалпы, Этери Тутберидзенің шәкірттері соңғы жылдары ірі халықаралық жарыстарда жиі-жиі топ жарып жүр. Бір ғана мысал келтіре кетейік. Биылғы өткен Сайтамадағы әлем чемпионатында алтын алған Алина Загитова Ресей Федерациясына еңбегі сіңген осы бапкердің шәкірті саналады. Күміс алған Лиза қызымыз жайлы жоғарыда айттық. Сондай-ақ, бұл сында қола медаль иеленген Евгения Медведева да бір жылдары Тутберидзе бапкерден тәлім терген. Осы жеңісі арқылы Алина Загитова мәнерлеп сырғанаудан барлық ірі жарыстарда (Олимпиада ойындары, әлем чемпионаты, әлемдік гран-при жарысы) топ жарған алғашқы спортшы атанды. Тутберидзеден тәлім теретін біздің қызымыздың да осы биіктерді бағындыратын спортшы атанатынына сенім мол, әрине.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ