Экономика 0 пікір 0 лайк

Экспорт ұлғаяды

Сәуір 04 / 2019

 

Қайрат Зайнишев, «Ońtústik Qazaqstan».

Облыс орталығы Түркістан болашақта тек рухани қала ретінде ғана емес, өндірісі өркендеген, шаруашылығы шарықтаған қала ретінде де дамиды. Әсіресе, өңірде өндірілген өнімді экспорттау ісі алдағы уақытта ерекше қарқын алмақ.

 

«Ұлттық экспорттық стратегия» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысының экспортын дамытудың жүйелі мәселелері бойынша кеңес өтті. Онда «KazakhExport» СКК АҚ басқарма төрағасы Р.Ысқақов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Н.Сарыбаев экспорттық әлеуеттің өсуін қамтамасыз ету бойынша бірыңғай саясатты қалыптастыру бағытындағы жұмыс барысымен таныстырды.

Бүгінде өңірдің негізгі импорттаушылары Ресей, Өзбекстан, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Азия елдері болып табылады. Ал, шетелге экспортталатын негізгі тауарларды минералдық өнімдер құрайды. Олардың ішінде төрт түлік пен өсімдік тектес өнімдер, дайын азық-түлік тауарлары, химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері бар. Бақша дақылдары мен мақта, тоқыма өнімдерін экспорттаудан облыс республикада алдыңғы орында. Бұдан басқа жабдықтар, көлік құралдары және түрлі аппараттар экспортталады.

Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Мырзалиев өңірдің сыртқы саудадағы тауар айналымының жағдайына талдау жасап, облыстың экспорттық әлеуетіне оң ықпал ететін географиялық артықшылықтарды атап өтті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға себеп болатындығына тоқталды. Қазіргі кезде облыста еркін экономикалық аймақ құрылып, жұмыс істеуде. Сондай-ақ, индустриалды аймақтардағы жұмыстарды жандандыру ісі де қарқын алып келеді.

Кеңес барысында экспорттық жұмыстар барысында туындайтын мәселелерді шешу жолдары және қызмет түрлерін дамыту үшін мүмкіндіктерді арттыру жайы да талқыланды.

Жиынның қорытындысы бойынша экспортқа өнім шығарушы кәсіпорындарды қолдауда уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен жобалық кеңсе құрылып, жедел әрекет ету үшін Call-орталық ұйымдастырылатын болды. Сондай-ақ, Түркістан облысының өнімдері әлемдік нарыққа кедергісіз шығу үшін сандық сауда платформасы құрылады. Жиында экспорттаушыларға жан-жақты көмек көрсетуді ұйымдастыруда қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ