Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына ант берді

Наурыз 22 / 2019

 

Елордада ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтті.

 

Алдымен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин Қасым-Жомарт Тоқаевтың республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаруға кірісуіне арналған шараның ашық екендігін жария етті. Осыдан кейін бірлескен отырыс өтіп жатқан залға құрметті қарауыл еліміздің туын, Конституциясын әкелді. Келесі кезекте еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша депутаттардың қошеметімен залға кіріп, жоғары орынға отырды.

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент куәлігі, омырауға тағатын белгісі және байрағы, «Алтын қыран» ордені тапсырылды.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Үкімет мүшелерінің қатысуымен Қазақстан халқына ант берді.

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен елімізді қалыптастыруға және өркендетуге, сондай-ақ елордамыз – Астананы тұрғызуға сіңірген зор еңбегіне айрықша тоқталды.

Бүгінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлем тарихына аса көрнекті реформатор ретінде енді. Ол Қазақстанды дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылған заманауи әрі озық мемлекетке айналдыра білді. Оның экономикалық және саяси реформалары мемлекеттік сындарлы саясаттың символы болды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әрі жауапты қызметті атқара отырып, Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыра беретінін айтты.

Рәсім барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын Жұлдыз» айрықша белгісі табыс етілді.

 

ӨМІРБАЯНЫ

ТОҚАЕВ Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылы 17 мамырда туған, қазақ. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, Бейжің лингвистикалық институтын (ҚХР), Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген. Саяси ғылымдар докторы. РФ Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті докторы және профессоры, Женева дипломатия және халықаралық қатынастар институтының құрметті докторы, Бүкіләлемдік Жаратылыстану және гуманитарлық академиясының толық мүшесі. Дипломатиялық дәрежесі – Төтенше және өкілетті елші.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, Мемлекеттік хатшы, Сыртқы істер министрі. Үшінші, төртінші сайланымдағы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздандыру конференциясының Бас хатшысы қызметтерін атқарған.

2013 жылғы 16 қазанда ҚР Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаттығына тағайындалып, Сенат Төрағасы болып сайланды. 2017 жылғы 14 қыркүйекте ҚР Парламенті Сенатының отырысында Президенттің ұсынысы бойынша жасырын дауыс беру арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сенаттың төрағасы болып қайтадан сайланды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ