Дариға Назарбаева Сенат спикерi болып сайланды

Наурыз 22 / 2019

 

ҚазАқпарат. «Дариға Назарбаева жасырын дауыс берудің нәтижесінде ҚР Парламенті Сенатының төрайымы болып сайланды» деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Елді дамыту стратегиясы мен қойылған мақсаттарды заңнамалық қамтамасыз ету – бірінші кезекте адамдардың өмірін жақсартуға, Қазақстан мемлекетін нығайтып, өркендетуге бағытталған. Сіздерге маған көрсеткен жоғары сенімдеріңіз үшін тағы да алғысымды білдіріп, өзімнің барлық білім, қабілетімді алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге жұмсаймын деп сендіремін» деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Айта кетейік, Дариға Нұрсұлтанқызы бұған дейін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы болған. Ол 1963 жылғы 7 мамырда туған, қазақ, білімі жоғары. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Мамандығы – тарихшы, тарих және қоғамтану оқытушысы. Саясаттану ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты. «Парасат», II дәрежелі «Барыс», Француз мемлекетінің Әдебиет және өнер ордендерімен, «Нұр Отан» ХДП-ның «Белсенді қызметі үшін» медалімен, ҚР Конституциялық Кеңесінің «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалімен және мерекелік медальдармен марапатталған.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары қызметінен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалған.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ