Әлеуметтiк көмек заңды әрi әдiлеттi болуы тиiс

Наурыз 22 / 2019

 

Түркістан қаласында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Басқосуда облыс орталығын дамыту, өңірдегі көктемгі дала жұмыстарының барысы, сондай-ақ аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.

 

Жиында баяндама жасаған Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев қала аумағында жаңадан 10 гүлзар салынатынын айтты. Сондай-ақ, шаһарды көгалдандыру мақсатында 30 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылған.

Көктемгі дала жұмыстары бойынша атқарылған шаруалар туралы мәлімдеген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 823,3 мың гектарға, яғни өткен жылдағыдан 9,8 мың гектарға артық орналастыру жоспарланып отырғандығын айтты.

Облыс әкімі жерді игеру бойынша аудандағы жұмыстарды сынға алды. Әсіресе, Арыс, Бәйдібек, Сарыағаш аудандарында жер игеру төмен деңгейде. Аудан басшыларына аталған саладағы жұмысты реттемесе қатаң шара көрілмек. Сондай-ақ, өңір басшысы субсидияларды уақтылы алу әкімдердің тікелей жауапкершілігі екенін де ескертті.

Сонымен қатар, жиында өңірдегі аз қамтамасыз етілген және көп балалы аналарды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев облыста жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқандығын жеткізді.

«Облыста жалпы 86,6 мың көп балалы отбасы бар. Бұл республикалық көрсеткіштің 25 пайызын құрайды. Олардың ішінде 16,5 мың отбасы аз қамтылған отбасылар қатарында. Республикада 571,6 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алса, оның 34,2 пайызы – Түркістан облысының тұрғындары. Еліміз бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 28 млрд. теңге тағайындалса, оның 15,7 млрд. теңгесі (56%) біздің облыстың үлесінде. Сондай-ақ, өңірде өткен жылы 29 627 адам жұмыспен қамтылып, 26 508 адам тұрақты жұмыс тапты. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш» деді Мұхит Отаршиев.

Облыста атаулы әлеуметтік көмекті тиімді пайдалану үшін шартты ақшалай көмектің біржолғы төлеміне басымдық берілуде. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде әзірленген 15 кіші бизнес жобаны іске асыру нәтижесінде 26 459 отбасы мал шаруашылығында, 4243 отбасы қызмет көрсету саласында кәсібін дамытуда.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың балаларына ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төлеу бойынша сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетілген. Бұл үшін аудан, қалаларда Е-халық ақпарат жүйесі енгізілуде.

Жиынды қорытқан облыс әкімі әлеуметтік көмек рәсімін оңтайландыруға бағытталған Е-халық ақпарат жүйесін енгізу бойынша мерзімінен кешігіп жатқан аудан, қала басшыларына жұмысты жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, облыстағы аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмекті үлестіру жұмыстары заңды әрі әділетті жүруі тиістігін ескертті.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ