Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Көп қабатты тұрғын үйлер жөндеуден өтедi

Наурыз 22 / 2019

 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы жұмыс сапарымен Кентау қаласына барды. Онда бірқатар маңызды нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

 

Алдымен облыс басшысы индустриалды аймаққа аялдады. Бүгінде онда жалпы құны 3 879,4 млн. теңге болатын 6 жоба жұмыс жүзеге асырылуда.

Индустриалды аймақ жұмысын 2015 жылы бастаған. Нысанның жер көлемі 25 гектарды құрайды. Индустриалды аймақты электр қуатымен қамтамасыз етіп, су құбырларын жүргізу ісі жолға қойылған. Кәріз жүйесі мен байланыс орнату мәселесі де шешімін тапқан.

Айта кетейік, Кентау қаласында 2019-2020 жылдары құрылыс, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларына қатысты қосымша 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Сондай-ақ, өңір басшысы «Кентау сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болды. Аталған мекеменің негізі 1952 жылы қаланған.

2011 жылы қайта құрылған кәсіпорын қаладағы 334 көп қабатты тұрғын үй, 2121 жеке үй, 374 коммерциялық нысан, 102 бюджеттік мекемені жылумен қамтумен айналысады.

Жылу энергиясын өндіретін мекеме 6 қазандық, 2 турбогенератор, 4 қайта сору қондырғысымен қамтылған. Онда 395 адам жұмыс істейді. Жалпы, қаладағы магистральды жылу құбыры 38,2 шақырымды, ішкі орамдық жылу құбыры 116,8 шақырымды құрайды.

Мекеменің жай-күйімен танысып шыққан облыс әкімі келер жылы Кентау қаласындағы жылу құбырлары мен қондырғыларына толығымен жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Осыған байланысты тиісті мамандарға сараптамалық жұмыстардың нәтижесін нақтылауды тапсырды.

Одан бөлек, облыс әкімі Кентау қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарының да жай-күйін көрді. Жалпы, Кентау қаласында 358 көп қабатты тұрғын үй бар. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында бүгінгі күнге дейін 512 769 мың теңгеге 35 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Қалған 305 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. 2019-2021 жылдары күрделі жөндеуден өткізілуі тиіс ғимараттардың жоспары дайындалып, бекітілген.

Өңір басшысы іссапар соңында «Ащысай Су» МКК кәріз су тазалау стансасының жұмысын көрді.

1984 жылы іске қосылған мекеме кәріз суларын механикалық және табиғи жолмен тазалайды. 48 гектар аумақта кәріз суын тазалауға арналған решеткалар, тұндырмаларды тазалайтын қондырғылар, құмұстағыш, тұндыру алаңдары орнатылған. Қаладағы кәріз су жүйелерінің жалпы ұзындығы 97 шақырымды құрайды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ