Руханият 0 пікір 3358 лайк

Бақытты болуға бәрi де құқылы

Наурыз 22 / 2019

 

Шығыс халықтары үшін шоқтығы биік мереке – Наурыз жаңару мен жасарудың, мейірім мен қамқорлықтың символы саналады. Әуелден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ қоғамы үшін бұл қағиданың құндылығы да осында болса керек. Тастанды бала дегенді білмеген текті халық кешегі аумалы-төкпелі кезеңде біраз ауыртпалықты бастан кешірді. Жетімдер үйі ашылып, ата-анасыз қалған бүлдіршіндер сол жерден пана тапты. Еліміз еңсе тіктеп, оң-солымыз түгелдене бастағанда бұл сала да заман талабына сай жаңартылып, жетілдіріліп келеді.

 

Жастар жылының ашылу рәсімінде Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Біздің қазақта баласын жетімдер үйіне беру деген болған емес. Жетімдер үйіндегі балаларды асырап алу керек. Ол – адамға да, Аллаға да жағатын нәрсе» деген болатын.

Елбасы тапсырмасынан кейін еліміздегі жетімдер үйі жаңа форматқа көшіп, бөбектер, балалар, аналар үйі болып қайта құрылуда. Түркістан облысына қарайтын Шымкент қаласындағы мамандандырылған бөбектер үйі де бүгінде заман талабына сай жетілдіріліп, «Үйдегідей» жобасы бойынша жұмыс істей бастады. Мекеме басшысы Ғалымжан Айнабековтың айтуынша, бұл жоба жүзеге асырылғалы бері балаларға да біршама жақсы болып қалған. Жоба бойынша бірнеше өзгерістер енгізілді. Балалар жас ерекшелігіне қарай топтастырылды. Яғни бір топтың балалары үлкен-кішісіне қарамай бірге жүріп, бірге тұрған соң бір-біріне бауыр болып кетеді. Сондай-ақ, бала асырап аламын деушілерге де жағдай жасалған. Ішкі тәртіпке сай арнайы органдардан құжат ресімдеп болған соң, асырап алушы мен бала бірер күн бірге болып, бір-біріне әбден үйреніседі. Бұл баланың бөтен ортаға тез бейімделіп кетуіне көмектеседі.

Бөбектер үйі сексен орынға арналған. Бүгінде онда төрт жасқа дейінгі алпысқа жуық бала тәрбиеленуде. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар да бар. Оларды да қоғамнан оқшауламай, бірге тәрбиелеу жұмыстары қолға алынған. Нәтижесінде көптеген жеткіншектер өздерін еркін сезініп, өмірге деген құлшыныстары артып келеді екен.

Бала төрт жасқа толғаннан соң кейінгі сатыдағы «Балалар үйіне» жайғастырылып, онда кәмелет жасқа толғанға дейін тәрбие алады. Шымкенттегі №3 балалар үйінің директоры Қырмызы Қожамжарова мұндағы алпыс балаға жеткілікті жағдай жасалғанын айтады. Бірақ, мемлекет қанша жерден қамқорлық жасап, үлде мен бүлдеге орап қойса да олардың жұдырықтай жүректері бәрібір ата-ананың аялы алақанын, отбасы жылуын аңсамай тұрмайды. Елбасы да осы мәселеге жете мән беріп, алдағы уақытта бала асырап алушылардың санын арттырып, уақыт өте келе жетімдер үйі дегенді мүлдем жою керек екеніне жиі тоқталып жүр.

Иә, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Менімен жетімге қамқорлық етуші адам жәннатта мына екі саусақ тәрізді жақын боламыз» деп сұқ және ортаңғы саусағын көрсеткен екен. Бұл – Алланың қош көрген адал ісі екендігін аңғартса керек.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ