Руханият 0 пікір 3356 лайк

Салтын сүйген халқын сүйеді

Наурыз 22 / 2019

 

Қазақ – салт-дәстүрге бай халық. Бай дәстүріміздің көбін білеміз десек те білмейтініміз, білсек те ұмыта бастаған салттарымыз қаншама?! Ал, оларды жаңғырту бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр.

 

Бұл орайда бізге Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы адастырмас темірқазық бола алады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу керектігі, бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарау абырой әпермейтіндігін Президент осы дүниесінде өте тамаша баяндаған. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуына әрбір қазақ жауапты болуы тиіс.

Қазіргідей ғылым мен технология қарыштап дамыған заманда, темірді қамырша илеп, ағаштан түйін түйген, теріні түрлендіріп, киізді кестелеген дана бабаларымыздың өмірлік ұстанымына айналған салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары бізге темірқазықтай жол көрсетіп отырары ақиқат. Алайда, бүгінгі күні салт-дәстүрлеріміздің басым бөлігінің Наурыз мерекесінде ғана көрініс табатыны ащы шындық. Жалпы, Наурыз мерекесінің ұйымдастырылуы жөнінде әртүрлі пікірлер айтылады. Бірақ, біз бүгін Ұлыстың ұлы күніндегі жастардың ойын-сауығы туралы сөз қозғамақпыз.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз» деп ел ертеңі жастарға үлкен сенім артты.

Яғни қай салада болмасын жастарға артылар жүктің жеңіл болмасы аян. Наурыз мерекесін ұлықтау барысында ұлттық құндылықтардың мерейін көтеріп, мәртебесін биіктетіп, жастардың дәстүрге қызығушылығын арттыру қажет. Наурыз мерекесіне жастарды белсенді қатыстыру үшін «Ұйқыашар» және «Селтеткізер» дәстүрлерін жан-жақты насихаттап, негізгі мазмұнын сақтай отырып бүгінгі күнге лайықтау қажет деп ойлаймыз.

Наурыздың алғашқы таңын қарсы алу ерте замандардан бері ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың теңесуімен астастырылады. Сондықтан да барлық ел осы түнді ұйықтамай отырып қарсы алып, арайлап атқан аппақ таңды, шуағын шаша бой көтерген алтын күнді алғашқылардың бірі болып көруді жақсылыққа жорыған. Осы бір көңілді де көрікті түнде жас жігіттер ұнатқан қыздарына сөз салып, болашақ жарын табуға асығады. Қыздар бозбаланы көңілі хош көрсе, жас малдың, кейбір өңірлерде қыстан қалған соғым етіне уыз қосып, дәмдеп «Ұйқыашар» тағамын пісірген.

«Селтеткізерін» сүр еттей сақтаған сайыпқыран ұяң сұлудың «Ұйқыашарынан» дәмелі. Ұлт ұғымында ғасырлар бойы сақталған бұл игі дәстүрдің астарында атан түйеге жүк болар мән-мағына жатыр. Ару тарапынан көрсетілген осындай қошеметке жігіттің бей-жай көңіл-күй танытуы мүмкін емес. Сондықтан олар да қарап қалмай «Селтеткізер» деген ниетпен әлгі аруға айна, тарақ, иіссу, алқа-сырға, шолпы-шашбау, тағы басқа қыз қызығатын дүниелерді сыйлайды.

Айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік пен сұлулықтың, иіссу – бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жадырап жайнай түсудің белгісі болып саналған. Осылайша, күн мен түннің теңелген шағында жігіт пен қыздың жүректері де табысып, болашақ үлкен отбасын құруға алғашқы қадам жасалады.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің профессоры, ұлағатты ұстазымыз Н.Камалованың «Қазақтың мәнін жоймас құндылығы», «Мәдени-тынығу жұмысының ұлттық дәстүрлері» еңбектерін негізге ала отырып, Шымкент қаласындағы Молда Мұса атындағы №5 жалпы орта мектебінде өткізілген Наурыз мерекесінде «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» дәстүрін жаңғыртып, қыз бен жігіттер, ұлағатты ұстаздың шәкірті Ләйла Жұмабекқызы шығарған жыр шумақтарын арнай отырып өз сыйларын бір-біріне ұсынғаны бар. Сонда...

Жігіт:

Серіміз оңай жолды іздемеген,

Назым бар Наурызда сізге деген.

Соғым етін маған деп сақтадың ба,

«Ұйқыашарың» дайын ба бізге деген.

Қыз:

Арманың жоқ бақыт құс қолға қонса,

Мінезі адал, көркіне көңіл толса.

«Ұйқыашар» уыз қосып пісіргенмін,

«Селтеткізер» сіз жақтан дайын болса, – деп жауабын әдемі әзілмен әдіптеген еді.

Сонымен, бәріміз асыға күткен Наурыз мерекесі де келді. Ұлыстың ұлы күнінде, биылғы Жастар жылында заман өзгерсе де шынайы өміріміздің шашауы шықпаған бөлшегіндей ұлттық салт-дәстүрлерімізді еске салып, ұлттық мұраны қайта жаңғырту, жастардың дәстүрлерді көкейіне тоқып, саналарына сіңіріп алуына ықпал ету артық болмайды деп білеміз. Себебі, салтын сүйген әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетініне, еліне адал қызмет ететініне, тілінің, салт-дәстүрінің жанашыры болатынына бек сенеміз.

Майра ОРМОЛДАЕВА, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің, «Театр және эстрадалық шығармашылық» кафедрасының аға оқытушысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ