Сәукеленің де өз сәні бар

Наурыз 22 / 2019

 

Қыз ұзату тойларында көріп жүргеніміздей, той соңында ұзатылып бара жатқан қызға сәукеле кигізіп жатады. Жалпы, қалындыққа сәукеле кигізу – ұлтымыздың салт-дәстүрінде бар ғұрып. Әйелдің бас киімдерінің көшін осы сәукеле бастап тұр. Оның мәні мен маңызы жоғары екенін белгілі қоғам қайраткері, этнограф, қазақтың талай салт-дәстүрін жаңғыртқан, өскелең ұрпаққа аманаттап кеткен Өзбекәлі Жәнібековтің өз қолымен сәукеле тіккенінен-ақ білуге болады.

 

Сәукеле – үлкен талғампаздықпен, ұқыптылықпен тігілетін ұлттық киімдердің бірі. Ұзатылар қыздың бас киімі ретінде арналып тігілетін сәукелені кезінде күмістен ойылған ою-өрнекпен әшекейлеген. Иә, бір күндік бас киімнің өзіне қазақ үлкен мән берген. Ақ босаға аттар кездегі қыз баласының ата-анасының үйіндегі күндерін қимай қоштасар сәтінің куәсіндей болар сәукелені кигізу рәсіміне құда-құдағилар шақырылып, шашу шашылады. Қариялар ақ батасын береді. Сәукелеге байғазы сұрау рәсімі де бар. Сәукелелі келіншекті көруге ынтызар ел ертесіне беташар тойға жиналған.

Ертеде апа-әжелеріміздің айтуынша, ертеректе биіктігі 50-70 сантиметрге дейін жететін сәукелелер де болған екен. Сәукеленің биіктігі мен тігілген матасы, қапталған күміс ою-өрнегіне қарап, ұзатылатын қыздың әкесінің бай-бақуаттылығына баға берілген.

Тәж, төбе, құлақбау, артқы бой бөліктерінен тұратын сәукелені асыл тастармен, маржанмен өрнектеп, алтын жіппен тіккен. Ісмерлер сәукелеге міндетті түрде жұқа ақ матадан ұзын желек іледі. Қалыңдықтың көйлегінің етегімен бірдей болатын ақ желек адалдықтың, пәктіктің, ибалықтың белгісі деп қабылданған.

Жалпы, мәдениет ағартушылары мен этнограф ғалымдар «Сәукеле» сөзі «сау келеді» деген мағынаны береді дейді. Сәукеле қалыңдықтың шыққан тегін, әкесінің мал-мүлкінің қаншалықты екенінен ғана емес, босаға аттаған еліне аман-есен жетті, ибалығын сақтап келді дегенді де білдіреді екен.

 

Сәукелеге қатысты атаулар

Басжақсы – сәукеленің әшекей бұйымдарының жалпы атауы. Сәукеленің әшекей заттары көп әрі олар қымбатқа түсетіндіктен күйеу жағы қалыңмалдан тыс сәукеленің құнын төлеген. Ол төлем сәукеле әшекейлерінің атауымен басжақсы деп айтылған.

Шытақ – сәукеленің қозасы (шар сияқты металл әшекейі).

Бергек – желекті ұстап тұратын әшекейлі қатырғы.

Жырға – сәукеленің моншағы, шұбыртпасы, салпыншағы.

Зере – іші қуыс, ұзын келген, сәукелемен бірге киілетін баскиім. «Сәукеледей әдемі, сұңғақ болып өссін» деген ниетпен қазақ қызына Зере деген есім берген.

Бетмоншақ – сәукеленің екі жағына, маңдайына салбырата қадап қоятын бірнеше қатар төгілмелі моншақ. Оның екі түрі болады. Бірі – бірыңғай ірілі-ұсақты моншақтардан түзілсе, екіншісі – матадан тігіліп, моншақтар мата бетіне орналастырылады. Екеуінің де арасында күміс қозалар қадалады. Бетмоншақ белге дейін, тіпті одан да төмен түсіп тұрған. Бетмоншақ жас келіннің ұялшақ жүзін жартылай жасырып, бетін бүркемелеп тұрады. Сондықтан «ұялып тұр» деудің орнына «бет моншағы үзіліп тұр» деген.

Жақмоншақ – сәукеле, бөрік, бергек, кимешек сияқты әйелдер баскиімдерінің екі жақ самайлығына және маңдайының алдыңғы жиегіне қасқа түсіре, тізбелі шоқ жасап шілтерлеп тағылатын әшекей. Жақмоншақты зергерлер алтын, күміс қозаларын жібек жіптерге тізіп, асыл тастармен бұршақтап, үзбелеп жасайды.

Үкіаяқ – жоғары жағына асыл тас орнатып, төменгі жағын күміспен күптеп, баскиімге, бесікке тағатын әшекей. Ертеде үкі киелі құс саналып, оның аяғын, қауырсынын тұмар орнына тұтынған. Үкіаяқ сырға, шаштеңгелермен бірге сәукеленің де құрамдас бөлшегі ретінде қолданылады.

Дайындаған Ж.ШАЛАБАЕВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ