Руханият 0 пікір 3354 лайк

Білгенге маржан

Наурыз 22 / 2019

 

Есік көрсету

Есік көрсету, есікашар – жаңа түскен келінді күйеу жігіттің туған-туысқандары мен дос-жарандарының өз үйлерімен таныстыру мақсатымен қонаққа шақыру рәсімі.

 

Ақсарбас атау

Ақсарбас атау – қауіп-қатерге ұшырағанында «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл-аймағын шақырып құдайы берген. Ақсарбасқа шалынатын мал: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союға тиіс.

 

Асату

Асату – дастарқан басында ет жеп отырғандардың арасындағы жасы үлкені қолымен қонақтарға, жас балаларға ет асатады.

 

Ерулік беру

Ерулік беру – ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, бауырларының бірі туған-туыстарына жапсарлас келіп қонса, көрші-қолаң немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Осылайша қазақтар танысын, танымасын бір-бірін бөтенсімей, өз ортасына тарта білген.

 

Аунату – қазақ үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған.

 

Аяғына жығылу – кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тиісті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. Аяғына жығылу – әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі.

 

Байғазы беру – үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады.

 

Босаға майлау – жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.

 

Енші беру – ата-анасы баласы отбасылы болғаннан кейін «енді өз күндерін өздері көре алады» деген сенімге келіп, отау тігіп, бөлек шығарады. Сонда малынан – мал, мүлкінен мүлік бөліп береді, ыдыс-аяқ сыйлайды. Оған келіннің төркінінен келген дүниесі қосылып, жас жұбайлар жеке шаңырақ болып шыға келеді. Мұны енші беру деп атайды. Ата-анасы қайтыс болса, олардың малы мен дүние-мүлкіне ие болып қалған ағасы інісіне еншібас беруге тиіс.

 

Жылу жинау – бір адам бақытсыздыққа ұшырағанында, үй мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-қолаңы, туған-туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді. Мұны олардың ортасынан бір адам ұйымдастырады.

 

Ж.ШАЛАБАЕВА.

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ