Руханият 0 пікір 3353 лайк

Сүлейлердiң сарқыты

Наурыз 22 / 2019

Лаура ТАСТАНБЕК, «OńtústikQazaqstan».

 

Қырдан қашқан қызыл түлкідей замана көші жалт бұрылып аунап түсті. Уақыт өзгерді. Өткен ғасырлардың рухани-мәдени қазынасы да желмен көшкен құмдай сусып барады. Әсіресе, жырау, жыршылардың өнерін жаңғыртушылар бүгінде жоқтың қасы.

Ал, келестік Абылай Бөріханов — кешегі жыршылардың бүгінге жеткен сарқыты. Текті өнер оған атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған. Атасы Бөріхан қазақтың көне аспабы – шертерді шебер ойнайтын. Сәби Абылай әлденеге мазасызданып, жылай қалса, шертердің құлағын аузына тістете қояды екен. Аспаптан шыққан әуен сонда баланың құлағына құйыла сіңіп, аузынан суы аққан күйі атасының тізесінде жатып ұйықтап қалады екен. Сегізден асып, тоғызға келгенінде ән-күйге құмарлығын байқаған атасы домбыра жасатып береді. Қос ішекті аспапты тіпті басына жастап жататын ол әуелі ән, кейін Майлықожаның термелерін айта бастайды. Жетісайдағы мәдени-ағарту училищесін бітіріп, мәдениет қызметкері атанған маман отыз жылдан астам уақыттан бері өнерге адал қызмет етіп келеді.

Кешегі әулиелерден жеткен әуезелерді көп алдында орындау үшін, бір сөзбен айтқанда, жыршылық жолға түсу үшін енді ол өзіне ұстаз іздей бастады. Қаратаудағы жыр-терме орындаушылар мектебі кенжелеу дамығандықтан, Қарақалпақстанның Бесқаласындағы Өсербай жырауды 24 жасында арнайы іздеп барады. Өсербай Сәрсенбаев — бүкіл Орта Азия, Қазақстанға белгілі жырау, әйгілі Наурызбай жыраудың шәкірті. Қаламқас Орашова, Мұрат Каримов сияқты таланттар осы Наурызбай жыраудың шекпенінен шыққан. Өсербай жыраудан Абылай аға он алты түрлі мақам үйренеді. 1987 жылы алғаш рет «Қазақстан» телеарнасы «Терме» хабарына арнайы шақырып, жиырма минуттық бағдарлама арқылы өнерін елге танытты. Хабардың редакторы – белгілі өнер зерттеушісі, мәдениет жанашыры, ҚР мәдениет қайраткері Жарқын Шәкәрім болатын.

1990 жылы Наурызбай жырау Қарақалпақстаннан Алматыға көшіп келіп, консерваторияда сабақ беріп, шәкірттерге шеберлік сағатын өтіп жүреді. Наурызбай жырау ауыр кеселдің салдарынан саусақтары қырқылып, екі саусағымен ғана домбыра шерткен ерекше талант. Қазақ даласындағы түрлі жыраулар мектебін терең меңгерген оның өзіндік мектебі қалыптасқан. Осындай сұрапыл жырауларды тыңдап, көзін көрген, мақамын үйренген Абылай жыршы: «Жырау мен жыршыны шатастыруға болмайды, екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Жырау – суырыпсалма ақындық қабілеті бар, жыр, дастан, толғауларды замана көшіне қарай бейімдеп, кейде өз жанынан шығарып айтушы болса, жыршы – тек орындап, жырды елге таратушы. Бұрынғы заманда қазақтың той-томалақ, ас-жиыны жыршы-термешісіз өтпеген. Қазір толғау, дастандарды орындап отырсаң қариялардың өздері «әй, шырағым, бұдан қысқалауы жоқ па?» деп тоқтатады» дейді.

Атадан қалған текті өнер Бөріхановтар отбасында жалғасын тауып келеді. Өнер деп өмір сүрген жыршы перзенттерінің атын Біржан, Өсербай, Нұртуған деп жайдан жай қоймаған. Біржаны қолөнерші болса, ұстазының құрметіне есімін қойған Өсербайы облыстық филармонияда әнші, бірнеше байқаулардың жеңімпазы. Ал, Абылай жыршының үміті – домбырасын ұстаған кенжесі Нұртуғанда. «Әке – балаға сыншы» дегендей, Абылай жыршы оның қабілетін үш жасында-ақ байқаған. Көлік жүргізіп келе жатқанда дәстүрлі ән, термелерді әр кез тыңдайды. Бір күні құлақ салса, Нұртуған сол термелерді бірде-бір сөзінен жаңылмай қосыла орындап келеді. Әуенді жай ғана өшіріп, келесісін қойса, оған да қосыла кетеді. Құймақұлақтығын сезген әке көп ұзатпай домбыра жасатып, алғашқы ән-термелерді жаттатып, сахнаға жетеледі. Бүгінде жыршылар әулетінің дәстүрін жалғастырушы Нұртуған бірнеше додаларда топ жарып, көзге түсіп жүр. Баланы бәйге атындай баптаған әке өте сақ. Әзірге өзіндік ерекшелігін бойға сіңірмейінше өнер мектептеріне түсіруге асықпайды.

Халқымызда «Ұстаз – атаңнан ұлық» деген сөз бар. Әдетте, өнер иелері өзінің аспабын өзгеге сыйламақ тұрмақ, тіпті ұстатпайды да. Ал, Өсербай жырау Абылай жыршының өнеріне тәнті болғандығы шығар, шаппа сүйектен жасалған жинамалы домбырасын шәкіртіне сыйға тартыпты. Төрт-бес домбырасының ішінен жыраудың тартып жүрген аспабына ие болғанына Абылай жыршы өзін бақытты санайды.

Қоңыр үн, қоңыр мінез, қазақтың дәл өзіндей қарапайым жыршы ел ішінде жүр. Сүлейлердің сарқытындай келестік жыршыны көненің көмбесі жасырынған алтын сандық десе де болады. Ал, біз сол сандықты ішіндегі бүкіл рухани байлығымен келер ұрпаққа жеткізе аламыз ба? Бұл енді бүгінде сұрақтың үлкені болып тұр...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ