Руханият 0 пікір 0 лайк

Көкiректерi күмбiр-күмбiр күй сынды...

Наурыз 22 / 2019

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «OńtústikQazaqstan».

 

Өткен өмірінен өнегелі әңгіме айтып, әр әрекетінен ұлағат төгілетін қарияларды шын мәнінде де қазына десек жарасады. Ол кісілердің алдында бір сағат отырсаңыз жан сарайыңыз кеңіп сала береді.

Мақтаарал ауданы, Бескетік ауылында тұратын Кәймір Әкрамұлының есімі ел арасында шежіреші ретінде жиі айтылады. Бала кезден әкесінің жанында жүріп, жыр-толғауларды көп тыңдаған ол бертін келе өзі де шежіре жазуға бет бұрады. Бүгінде жасы сексенге таяған қазыналы қария әліге дейін қолынан қалам-қағазын тастамай тарих, шежіре жайлы естіген тың жаңалықтарын қойын дәптеріне түртіп жүреді. «Кешегі атеистік заманда өскен ұрпақ өзінің ата-тегіне онша мән бермеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін түп-тамырын іздейтіндер көбейді. Жиын-тойларда жастар жағы осы шежіре жағын сұрап жатады. Ондайда білмей қалсаң – қариялығыңа сын. Оның үстіне өзінің кім екенін білуге құмартқан балалардың да көңілін жыққым келмей, іздене бастадым. Жыр-толғаулар мен қисса-дастандарды жас кезімде көп тыңдадым. Мән беріп қарасаң, оның өзі тұнып тұрған тарих, жазылмай қалған шежіре екен. Қызығушылық оянып, зерттеуді жалғастыра бердім. Салыстыра жүріп, біраз жоба жасадым. Бүгінде көптеген жастар өздерінің ата-тегін осы арқылы біліп жүр» дейді шежіре жазуға ден қойған қазыналы қария.

Иә, бәрі де қызығушылықтан басталады. Жыр-толғау тыңдағанды тәуір көретін Кәймір ата көңілі түскенде домбыра тартып, күй төгеді. Әкрамның ұлында, тіпті, қолдан домбыра оятын да өнер бар. Киелі өнерді қастерлеп, күй тартатын замандастарына өз қолынан шыққан домбыраларын сыйға тартады. Осы әрекеті арқылы көңіл жақын адамдарын қуантып қана қоймай, бұрынғының байғазы, айттық, көрімдік сынды дәстүрлерін де жаңғыртып жүр.

Тарих, шежіре жайлы сөз қозғалғанда есімі еске түсетін қариялардың тағы бірі – шардаралық Әнапия Меңдешұлы. Ол кісі де бала кезінен қазақтың ауыз әдебиетін бойына сіңіріп, содан терген өнегелерін бүгінде өскелең ұрпақтың жүрегіне құйып келеді. Қозы Көрпеш–Баян сұлу, Қыз Жібек, Ақбөбек пен Қайып сынды лиро-эпостық жырлар мен Ер Тарғын, Қобыланды, Алпамыс батырларды жатқа айтқанда, жетпістің сегізіне келген қарияның есте сақтау қабілеті таң қалдырмай қоймайды.

Мырзашөл өңіріне аты мәлім Бекенбай Нәкуұлы ақсақалдың да жастарға айтары аз емес. «Қазақ ат әбзелдерін, әшекей-бұйымдарды тек сән үшін ғана пайдаланбаған. Мәселен, қыз-келіншектердің құлағындағы алтын, күміс сырға олардың бет-жүзінің тазалығы үшін тағылса, кәдуілгі білезік адам ағзасын түрлі дерттерден айықтырады. Сол сияқты мойындағы алтын алқа, күміс әшекей де болашақ ананы омырау безінен сақтайды. Ал, бүгінгі жастар сырты жылтыраған арзанқол нәрсені алданыш етеді» дейді Бекенбай көкеміз.

Иә, біздің қазақ «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деп бекер айтпайды. Өздерінің баталы сөзі, бәтуалы әңгімесімен елдің ынтымақ-бірлігін арттырып, жастардың таным-түйсігін оятып жүрген алдыңғы толқын ағалар әр ауылдан-ақ табылады. Ендеше, елде осындай аузы дуалы ақсақал да, көкірегі ояу зиялы да, қазыналы қария да көп болғай!..

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ