Көшет таңдағанда тамырына қараңыз

Наурыз 22 / 2019

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «OńtústikQazaqstan».

 

«Көктемнің әр күні жылға азық». Иә, көктемді асыға күткен диқандар қолға күрек, кетпендерін алды. Дәл қазір егістік басында дала жұмыстары қызып тұр. Сондай-ақ, өзіміз де ауламызға көшет егуді бастап кеттік. Алайда, көшетті қалай таңдауды бәріміз бірдей біле бермейміз. Оның бер жағында көшетті егу технологияларына да мән бере бермейтініміз анық. Осындайда маманның кеңесі ауадай қажет-ақ.

«Сарыағаш – жер сыйы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 17 жылдан бері көшет өсірумен шұғылданады. Оның басшысы, осы саланың қыр-сырын бір кісідей меңгерген маман Танабай Шынтасов жоғарыдағы мәселе бойынша алғашқы сауалымызға былайша жауап берді.

Дәл қазір көшет отырғызудың нағыз маусымы. Барлық түрін де еге берсе болады. Жердің температурасы да көтерілді. Ең бастысы, көшеттің жапырақтары оянбай тұрып егу қажеттігін өте мұқият есте ұстау керек. Осы талапты сақтағанда көшеттің өніп кетуіне толық мүмкіндік бар. Ал, жапырағы шығып кеткен көшеттің тамыры да дұрыс болмайды. Жалпы, бәрінен бұрын көшет таңдағанда оның тамырына назар аударыңыз. Көшет сатып алар кезде тамырын жайлап ашып көру қажет. Тамырдың сырты қоңыр, іші ақ түсті болуы тиіс. Егер ішкі тамырлары да қоңырланып кетсе оның өнімділігі төмен болады. Ал, еккен кезде қазылған шұқырдың тереңдігі 1 метрдей болып, диаметрі 60-70 сантиметрді құрауы тиіс. Түбіне топырақ тасталып, көшеттің будандастырылған тұсын жердің бетінен төмен түсіп кетпеуін қадағалау қажет. Яғни тамыр 35-40 см. жерге түсіп, ар жағындағы бос жер топырақпен толтырылады. Сіз ағаштың жақсы өсуіне осылайша жағдай жасайсыз. Ағаш бос топыраққа жайылып жақсы өседі. Одан соң ағашты отырғызып бетін толық жауып, топырақты аяқпен таптайды. Бірақ, оған қатты салмақ салуға болмайды. Кейін кемі 2-3 шелек су құю қажет. Тағы бір ескеретін жәйт, көшетті отырғызарда оның тамырын лайға малып (болтушка) алған жөн. Бұл тамырдың тез өсуіне жақсы. Сондай-ақ, көшет сатып алғаннан кейін оны 1 метрден кесіп тастаған жөн.

Жапырағы шықпаған көшетті алған дұрыс дедіңіз. Алайда, «мәңгілік жасыл» болып тұратын ағаштар да бар. Олардың жайы қалай болады?

Иә, ондай көшеттер тасымалданғанда желмен жайқалып келуі тиіс. Сонда ол тез тамыр байлайды. Кейбіреулердің көшетті отын сияқты машинаға артып алып бара жатқанын байқаймын. Ондай көшеттердің тамыры өліп қалады. Тамыры өлген көшет өнуші ме еді?! Негізінен көшеттің тамыры ылғал күйінде жеткізілуі тиіс. Яғни тамыр кеуіп кетпеуі керек. Үйге әкелген соң да отырғызылғанға дейін суға салып қойған жөн.

Ал, кез келген көшет біздің өңірді жерсіне ме?

Өте орынды сұрақ. Жалпы, бізде аудандастырылған деген термин бар. Ол мемлекеттік регистрден өткен, жан-жақты тексерілген деген сөз. Облыстағы тұқым шаруашылығын зерттейтін инспекторлар әбден зерттеп, барлық жағынан осы біздің өңірге жерсінеді, өнімі жоғары болады деп қорытынды шығарып, біз сияқты тұқымбақпен айналысатын шаруаларға рұқсат береді. Демек, кез келген ағашты алып отырғыза салуға болмайды. Оның қай өңірден, қандай климаттан келгенін білмейсіз. Сол үшін өзіміздің облыстағы тұқымбақтардағы аудандастырылған көшеттен ексеңіз, барынша сенімдірек болады. Тек рұқсат етілген элиталық көшет өндіруші шаруашылықтар бар. Сенімді жерден көшет алудың тағы бір тиімділігі онда кепілдік болады. Демек, ертең ол ағаш көгеріп, дамымаса сатып алған тұқымбаққа шағым жасауыңызға болады. Бізде әрбір алушының тізімі және оның қолы қойылған құжат бар. Қазіргі таңда Алматы, Қызылорда және өзіміздің облыстың бағбандары шаруашылықтың басынан келіп көшет алып кетіп жатыр. Осы жерде айта кететін нәрсе, үлкен шаруашылықтар бізден бірнеше гектарлап дарақ алатын болса, мемлекет тарапынан оларға 50 пайыздық субсидия, яғни қайтарымсыз ақша беретінін атап өткім келеді. Мәселен, 400 теңгеден алынған көшеттің 200 теңгесі қайтарылып беріледі. Біз биыл жемістің барлық түрін, оның ішінде жаңғақ тектес көшеттер де бар, өндіруге рұқсат алдық. Олардың қатарында грек жаңғағы, бадам, фисташка, фундук және тау пістесі де бар. Дүниеде 3 сауапты іс бар екен. Шөл далада қазған құдық, салынған көпір және жол бойына егілген ағаш. Сондықтан ағаш егудің үлкен сауапты іс екенін естен шығармағанымыз жөн.

Қалай болғанда да, «атадан мал қалғанша тал қалсын», «ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» деген қазақтың әдемі тәмсілдері бекер айтылмаса керек-ті. Ендеше, алдағы демалыс күндерімізді тиімді пайдаланайық.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ