Ұлттық спорт ұлықталса, ұтамыз

Наурыз 22 / 2019

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «OńtústikQazaqstan».

 

Кейде бүгінгінің балаларын мақтағанда алдымызға жан салмаймыз. «Осылардың білмейтіні жердің астында» деп төбеге көтереміз. Осындайда ғұлама бабамыз әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі еске түседі. Бүгінгі қозғап отырған тақырыбымыз да сол тәрбиенің төңірегінен алшақ кетпесе керек...

«Ұлттық ойындар ұмыт бола бастады» деген әңгіме әрдайым-әрдайым айтылып қалады. Осы тақырыпты зерттеу барысында жастар арасында арнайы сауалнама жүргізіп көрген едік. Нәтижесін өзіңіз де сезіп тұрған боларсыз. Сауалнамаға қатысқан 14 пен 29 жас аралығындағылардың жартысынан көбі ұлттық ойындардан хабары жоқ екен. Аттарын айтып беруді сұрағанымызда «Көкпар», «Тоғызқұмалақ» пен «Арқан тартыстан» өзге спорт түрлерінің мүлдем ұмыт бола бастағанын аңғардық.

Этнограф ғалымдардың айтуынша, бізге жеткен ұлттық ойындардың негізі біздің заманымызға дейінгі бірінші мың жылдықта қалыптасқан екен. Тәрбие туралы бекер айтқан жоқпыз. Ұлттық ойындардың өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтінін жоққа шығара алмаймыз. Ұлттық спортты санасына сіңіріп өскен баладан елін, жерін шынайы сүйетін, салт-дәстүрін ұлықтайтын азаматтың өсіп шығатыны екі бастан белгілі. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, компьютерге тесіліп, дене қимылынан ада қалған баланың денсаулығы мен асық атып, ләңгі теуіп жүрген баланың денсаулығын салыстыруға келмейді. Бұл жерде «біз баламызды осы екеуінің қайсысына үйір қылып жүрміз?» деген сауал қылаң береді.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша қазақтың ұлттық ойындарының саны

100-ге жетіп жығылады екен. Халқымыздың өмірінде елеулі рөлге ие болған, бүгінде ұмыт бола бастаған осындай ұлттық спорт түрлерінің бірнешеуіне тоқтала кетсек. Сонымен...

 

Жамбы ату

Ежелде жамбы атудың бірнеше түрі болған. Солардың ішінде көп тараған түрі – тайтұяқ (көлемі тай тұяғындай) жамбыны ату. Мұнда жамбы ату жарысы көлемі 300 метрге дейін келетін жазық алаңда өтеді. Мәреден 100 метр қашықтықта орналасқан биіктігі 3-4 метр келетін бағанаға көлемі тайдың тұяғындай жамбы орналастырылады. Жамбыны спортшы ат үстінде шауып келе жатып көздейді. Егер атының басын тежеп көздесе ұпай есептелмейді. Жарысқа қатысушы шабандоздар жеребеде алған кезегімен, төрешінің «Алға!» деп берген бұйрығы бойынша, арнайы жасалған жолмен шаба жөнеледі. Шауып келе жатып сол қапталындағы жамбыны тұсынан өте бере садақпен нысанаға алып атады. Оғының дарығанына, дарымағанына қарамай сол шапқан бойы мәре сызығынан өтеді. Нысана бекітілген діңгектен құлап түссе оқ тиген болып саналып, спортшыға ұпай есептеледі. Нысана мен ат шабатын сызықтың арасы 35-45 метр шамасында болады. Жарыс кезінде әрбір спортшыға қанша рет мүмкіндік берілетіндігі алдын ала шешіліп қойылады және барлық спортшыға бірдей мүмкіндік жасалады. Жамбы атудың тайтұяқтан басқа айқабақ, мылтықпен ату түрлері немесе қатар-қатар қойылған бірнеше нысананы ату түрлері де болған.

 

Теңге ілу

Үміткер аттың жылдамдығын баяулатпастан төменге тез иіліп сол және оң жағынан орамалмен оралған теңгені көтеріп, артына тастап отыруы керек. Әрбір сәтсіз талпыныстың орнына айып уақыты белгіленеді. Теңгені көп ілген жеңімпаз атанады. Теңге ілу алаңының ұзындығы – 120 метр. Теңгені іліп алуға дейінгі ұзындық – 30 метр. Теңге саны бесеу болады. Теңгелердің ара қашықтығы 10 метрден. Теңге ілушілер теңгені орнынан іліп, лақтырып тастауы керек. Жарысқа бекітілген ережеге сай спортшының уақыты, ілген теңгесінің санына бөліп, қорытындысы шығарылады.

 

Аударыспақ

Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатыса алады. Аударыспақ салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтық категорияны енгізудің мақсаты – қатысушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Жарыс ережеге сәйкес 60, 70, 80, 90, 90+ келі салмақ дәрежелері бойынша өткізіледі. Аударыспақшылардың қызыл және көк түсті белбеулері болуы қажет. Аударыспақ шеңберінің аумағы 30 метр. Белдесу уақыты 5 минут. Аударыспақшының ер тоқымында, жүгенінде, өмілдірік, құйысқанында спортшыға зақым келтіретін үшкір заттар, темір әшекейлер, ер тоқымының алдыңғы, артқы қасында, үзеңгісінде дәнекерленген қосалқы бөлшектер болмауы тиіс. Аударыспақта негізгі рөлді ат пен палуан жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды.

 

Бұл спорт түрлерінен байқағанымыз, ұлттық ойындар адамды шапшаңдыққа, ептілікке үйретеді. Ұлттық спорт түрлері жаугершілік заманда сарбаздардың жауынгерлік қабілетін шыңдауға мол мүмкіндік берген. Жауынгерлер ат үстінде айқасу, садақ ату, нысанаға дөп тигізу, шапшаң шешім қабылдауды ұлттық спорт түрлері арқылы үйренген. Компьютер мен теледидарға телмірген, ой-өрісі шектеулі бүгінгі кейбір балалардың ми тамырларының кеңейіп, көру қабілетінің жақсаруына асық ойынының көмектесетінін мамандар әлдеқашан дәлелдеген.

Сонымен, балаңыз компьютерге тәуелділіктен арылсын десеңіз бір мезгіл асық ойнатыңыз. Пәлен сағат планшетке телміргеннен гөрі жарты сағат ләңгі тепсе, бойдағы қаны жүгіреді. Бала ұлттық спортқа осылай-осылай келеді. Ал, ұлттық спорттың дәмін бір татқан баладан жоғарыда айттық, жақсы жауынгер, шынайы патриот шығады. Ендеше, не тұрыс!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ