Дуадақ

Наурыз 22 / 2019

Сайрам – Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жануарлар бөлімі мамандарының айтуынша, биылғы жыл құсы дуадақ болып табылады. Ол Қазақстанның жазиралы жазық даласын мекендейді. Құстың үлкендігіне байланысты еліміздің кейбір өңірлерінде оны «тоқтыбалақ» деп те атайды. Өйткені, дуадақ жыл құстарының ең ірісі саналады.

 

Дуадақтар тырна тектестер тобына жатады. Себебі, оның шығу тегі тырналарға ұқсас болып келеді. Кейбір биолог ғалымдар дуадақтарды тырнатектес құстардың жеке тұқымдасы деп қарастырады. Қазіргі кезде дүние жүзіне дуадақтардың 24 түрі тараған. Бұрын Қазақстанда да дуадақ көп кездесетін. ХХ ғасырдың елуінші жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде олардың саны күрт азайып кетті.

Қазақстанда бұл құстың 3 түрі кездеседі: 1. Дуадақ (дрофа – Оtistarda).

2. Жорға дуадақ (дрофа красотка – Сһіаmydotisundulate). 3. Безгелдек (стрепет – Оtistetrax). Қазір дуадақтың осы үш түрі де қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олар Қорғалжын, Наурызым, Үстірт қорықтарында кездеседі. Сирек құстарды атуға қатаң тыйым салынып, заңмен қорғалуда.

Жиекдуадақ (жорға дуадақ) Қазақстанның оңтүстік жартысындағы шөл және шөлейт далада мекендейді. Тіршілік әрекеті кәдімгі дуадаққа ұқсас. Аталмыш құстың ерекшелігі – денесі шағындау, мойнында қара жолағы бар. Құмды жерлердің жиегін ала көп кездесетіндіктен, бұл құс жиек деп те аталады. Дуадақтардың ең кішкене түрі – безгелдек, оның денесінің мөлшері тауықтай. Ол өте шапшаң жүгіріп, лезде көзден таса болатындықтан жұрт оны безгелдек деп атап кеткен. Оны Қазақстанның батыс аймақтарынан ұшыратуға болады. Бұл – өте сақ құс.

Дуадақтар өсімдіктердің тамырымен, сабағымен, кейде құрттармен, ұсақ жәндіктермен, тіпті, ұсақ омыртқалы жануарлармен де қоректенеді. Елімізде дуадақтар санының азаюына оны заңсыз аулау және олар тіршілік ететін табиғи ортаның тарылуы да әсер етті. Әсіресе, тың және тыңайған жерлерді бей-берекет жырту еліміздің флора мен фаунасына орасан зор залал әкелді. Сондықтан да дуадақтардың саны азайып және таралу аймағы кемігендіктен дуадақ халықаралық табиғат қорғау одағының және 2010 жылы Қазақстанның Қызыл кітабына тіркеліп, қорғауға алынған.

Жыл құсы – дуадақ көктемде ұшып келеді. Ал, қазан, қараша айларында жылы жаққа ұшып кетіп, Тәжікстан мен Түркіменстанда қыстайды.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ