Мұны бiле жүрiңiз

Наурыз 19 / 2019

 

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, 2017 жылдан 2020 жылға дейінгі су тасқыны қаупінің алдын алу және жою бойынша жол картасы жасалған. Соған сәйкес бүгінгі күнге дейін 174 қорғаныс бөгеті салынып, 119 гидротехникалық құрылыс нысаны мен 64 көпір жөнделген. Су басуды болдырмау үшін биылдың өзінде жалпы алғанда 8,8 млн. текше метрден астам қар шығарылып, 10 мың тонна отын, 256 мың тонна инертті материал, 1 млн. қап және 10 тонна жарылғыш зат әзірленді.

ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі қазақстандық банкир Жомарт Ертаев Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды деп хабарлады. Айта кетейік, өткен жылдың наурыз айында халықаралық іздеу жарияланған.
Ж.Ертаевқа 2011–2017 жылдар аралығында қызметін пайдаланып, өзге тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы «BANK RBK» АҚ-ның 144 млрд. теңгесін жымқырды деген айып тағылуда.

Компосты ең алғаш қытайлар осыдан 5 мың жыл бұрын моңғолдарға қарсы жорыққа шыққанда пайдаланған екен.

Стратегиялық бастамалар орталығының директоры Бақытжан Саркеев «Қазақстанда параның орташа көлемі 3 есеге артқан» дейді. Ол мұны
2018 жылы жемқорлыққа қатысты жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйеніп анықтағанын айтады. Ал, сауалнама Қазақстанның 14 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы 4100 бизнес субъектісінен алынған жауаптар негізінде түзілген.

1 жылда – 31557600 секунд бар.

Биылғы оқу жылы бекітілген кестеге сәйкес 32-34 аптаны қамтиды, оның арасында оқушылар үш рет каникулға шығады. Ал, мектепке дейінгі балалар үшін үшінші тоқсанда қосымша бір апталық демалыс енгізілді.
Көктемгі каникул 21 наурыздан 2 сәуірге дейін болады.

Әлемде ең қымбат сауда маркалары: Budweiser, Marlboro, Coca-Cola.

Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қазақ эстрадасында тек қана қыздардан құралған алғашқы өнер ұжымы – «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің 50 жылдығына арналған кеш өтті. «Аңызға айналған «Айгүл» атты шығармашылық кешке ансамбльдің әр жылдардағы құрамы, есімі елге танымал өнер жұлдыздары мен мәдениет майталмандары қатысты. «Айгүл» ансамблі 1969 жылы 8 наурызда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының студенттерінен құралған болатын.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Татарстан Республикасындағы мемлекеттік «Қазан Кремлі» қорық-музейінің «Манеж» көрме залында 15 наурыздан – 15 сәуірге дейін «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ұйымдастыруда. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылады.

Қодастың сүті қызғылт болады.

Самарқанда Ауғанстанның қатысуымен «Үндістан – Орталық Азия» диалогы шеңберінде Қазақстан Республикасы, Ауғанстан Ислам Республикасы, Үндістан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түркіменстан және Өзбекстан Республикасы сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуі өтті.

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Софияда бір көшеге «Астана» атауы берілді. Көшенің салтанатты ашылу рәсіміне Болгария сыртқы істер министрлігінің өкілдері, «Қазақстанмен достық үшін» парламенттік тобының депутаттары, София қаласы мэрінің орынбасары Дончо Барбалов, София облысының мэрі Илиан Тодоров, қалалық мәслихат кеңесшісі Симеон Славчев, футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының жаттықтырушысы Станимир Стоилов, бокстан әлем чемпионы Кубрат Пулев қатысты. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Болгариядағы дипломатиялық миссиясының басшысы Теміртай Ізбастин Астана қаласының даму тарихы туралы жан-жақты айтып берді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ