Экономика 0 пікір 3332 лайк

Түлкiбаста түйе өсiрген азамат

Наурыз 19 / 2019

 

Табиғаты тамылжыған, суы бал татитын Күмісбастаудың төл перзенті Мұхтаралы Ыбрайымов ағамыздың кәсіпкерлігінен бөлек бір басында бірнеше қоғамдық жұмысы бар: ауданның төбе биі, аудандық медиаторлар кеңесінің төрағасы және «Мейірім» қайырымдылық қоғамдық қорының президенті. Ағамыздың жоспарлаған жұмыстары сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде көрініп жатады.

 

Тұрар Рысқұловтың көрнекті, үлкен ескерткіші тоғыз жолдың торабында орналасқан. Ескерткіш орналасқан жерді ауданның кіндігі десек те болады. М.Ыбрайымов осы әйгілі ескерткіштің жанынан 1 гектар жер алып, саябақ ашуды бастап та кетті. 2 миллион теңге жұмсап, ескерткіштің айналасын қоршатты. Үш жерге құбыр орнатып, су келтіріп қойды. Мұнда егілген тал-дарақ таяуда бүршік жарады. Шыршалардың 60 пайызы жетілген. Ескерткіш басында 80 адамға құдайы тамақ беріп, көптің бата-тілегімен ісін бастады. «Мен осы маңға көрнекті белгі орнатып, бау-бақша егіп, маңайды гүлге орап, жастар, жалпы халық серуендейтіндей демалыс орнын ашсам деп отырмын. Белгінің жобасын сыздырып, орналасатын жерді белгіледім. Сәтін салса осы ісімді келер ұрпаққа мұра ретінде қалдырмақпын» дейді ол.

Мұхтаралы ағаның отызшақты жылқысы, он бес түйесі және қора толы сиыры, қойы бар. «Шөл және шөлейтті жерге бейімделген түйені Алатаудың баурайында тұрақтайды деп ешкім ойламады. Осындағы кейбір шаруалар «түйе бұл маңды жерсінбейді, өліп қалады» деді. Оларға атам Ыбрайымның, әкем Мәмбеттің де бай кісілер болғанын, атамыздың малын өкімет кәмпескелеп, әкем екеуін соттап жібергенін айттым. Кейін атамызды түрмеден босатыпты. Әкем болса 5 жыл Сібірде түрмеде жатып, ақталып шыққан. Кеңес Одағының азаматы деген құжат алып, елге оралған. Атамның 500 жылқысы, 23 түйесі, 1000 қой, жүзге жуық сиыры болған дегенімде бәрі шу етіп «өтірігіңе береке берсін, біздің Түлкібаста түйе өсуші ме еді?» деп күлісті. Сөзіме сенбеді. Аталарымның түйе өсіргенін дәлелдеу үшін өзім де түйе өсіруге бел будым. Сөйттім де (бұдан 6 жыл бұрын) Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Чапаев ауылынан 3 боталы түйе, 1 бура сатып әкелдім. «Сортаң жерге бейімделіп, жантақ, жусан жеп өскен жануар біздің жерімізді жерсіне қояр ма екен?» деп алаңдаушылар аз болмады. Керісінше, біздің шүйгін шөбімізді жеген түйелер тез семіріп, жүндері жылтырап шыға келді. Ақсу-Жабағылы баурайында өсімдіктердің 1700 түрі өседі. Оның ішінде емдік шөптер көп. Сол шөптерді жеген малдың сүті де, еті де пайдалы емес пе?! Түйе өнімдері тау баурайында табиғи қасиетінен, ерекшелігінен айрылып қалады дегенге де келіспеймін. Керісінше, сүті мен етінің емдік қасиеті арта түседі. Сонау Мәскеуден профессорлар тапсырыс беріп, 10 литр түйе сүтін емдік мақсатта алдырды. Ауыл-аймақтың өзінде түйе сүтіне, шұбатына сұраныс көп. Түйе сүті – сырқат атаулының бәріне ем. Ал, сау адамды қуаттандырады. Бір сырқат кісінің түйе сүтін 40 күн бойы үзбей ішіп, жазылып кеткенін көргендер аз емес. Түйелерді қыста қолда ұстап, жазда бидай орымға дейін жайлауға жібереміз. Арасында бота-тайлақтарымыз сүндет тойға шығып, табыс табады. Кейде перзентханаға апалар келіндеріміз жеңіл босансын деген ырыммен түйенің жүнін алып кетіп жатады. Түйенің жүнін шұлық, жемпір тоқу үшін сұрайтындар да бар. Түйе жүнінен тігілген көрпелер жеңіл де жұмсақ болады. Інгеннің әрқайсысы 3 литрден сүт береді. Олар екі жыл сауғызады. Әйелім мен келінім түйе сауып, сүтін ұйытады. Шұбат жасаудың қымыз ашытқандай бейнеті көп емес. Бие саууға 2 жұмысшымыз көмектеседі. Үйдегі шаруашылықтарыма балам мен келінімді үйретіп жүрмін. Жұбайым Алтыншаш екеуміз балаларымыздан балдай тәтті 15 немере сүйіп отырмыз» деп ол ағынан жарылды.

Бүгінде М.Ыбрайымовтар отбасы қымыз баптаудың да хас шебері. Олар былтыр Бәйдібек ауданында өткен облыстық «Қымызмұрындық» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алып, сыйға құлынды бие алды. Ауданға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай әкім болып тұрған тұста өткен «Қымыз-саба» фестивалінде де бас жүлдені жеңіп алып, бір жылқыны қанжығаларына байлаған еді.

Мұхтаралының туған ауылы үшін жасаған игілікті істері де көп. Мысалы, «Мәмбет ата» мешітін салдырып, маңайын абаттандырды. Көпшілік құдайы тамаққа жиылғанда отыратын төбесі жабық алаң жасатты. Мешіт жанынан медресе салдырды. Спорт алаңын ашып, соғыстан оралмаған 80 азаматқа арнап, ескерткіш-тақта орнатқызды. Былтыр 500 мың теңгеге киіз үй жасатыпты. «Киіз үйді мектептің қарауына өткізіп, қажетсінген адамдарға пайдалануға тегін беруін тапсырдым» дейді М.Мәмбетұлы.

Осындай туған ауылын түлетуге атсалысып жүрген азамат «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Түлкібас ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.

Мұхтаралы Мәмбетұлы қоғам белсендісі ретінде де мектептерде жасөспірімдермен кездесіп, тәрбиелік мәні зор әңгімелер айтып отыруды ұмытпайды. Еңбекқор азаматты ауылдастары мақтан тұтады.

Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ