Экономика 0 пікір 3331 лайк

Трактор тiркемелерi Мақтааралда шығады

Наурыз 19 / 2019

 

Мақтаарал ауданында жылына 70 тіркеме шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Зауыттың ашылу салтанатына еліміздің әр өңірінен келген ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары мен көршілес аудандардың кәсіпкерлері, шаруалары қатысты.

 

Жиынға қатысушылар заманауи үлгідегі жаңа тіркемелердің жасалуы мен құрастырылу цехтарын аралап көрді. Мемлекеттен қайтарымсыз 225 миллион теңге грант жеңіп алған Нұрлан Нұрбеков аграрлы аймаққа қажетті тіркемелерді шаруаларға тиімді бағада шығаруды көздеп отыр.

«Еліміз бойынша қазіргі қолданыста жүрген тракторлардың 65 пайызының, комбайндардың 46 пайызының пайдалану мерзімі 17 жылдан асқан. Сондай-ақ, тракторлардың 15 пайызы қазірдің өзінде істен шықса, 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндар және басқа да қосалқы техникалардың жағдайы да осындай. Ал, ескі техникаларды пайдалану шығынды көбейтеді және егінді толық жинап алуға мүмкіндік бермейді. Осы олқылықтарды жою үшін мемлекетіміз тарапынан техника жасаушы отандық кәсіпорындарды қолдау шаралары белгіленді. Ауыл шаруашылығы техникаларын арзандатып сату үшін субсидия беріліп, қосымша құн салығы бойынша жеңілдіктер жасалады. Міне, мемлекет тарапынан берілген осындай көмектің арқасында ауданымызда трактордың тіркемелерін шығаратын шағын зауытты іске қосып отырмыз» деді аудан әкімі Бақыт Асанов.

Бүгінде шағын зауытта 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда 8 тоннадан аса жүк сиятын трактор тіркемелері құрастырылады. Қазірдің өзінде кәсіпорын 10 трактор тіркемесіне тапсырыс алыпты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қажетті соқа мен тырмаға, басқа да техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер шығарылмақ.

Зауыт басшысының айтуынша, алдағы уақытта тағы он адамды жұмысқа қабылдап, тіркемелер санын арттыру жоспарланып отыр. Шағын зауыт ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуден өткізіп, ескілерін қайта қалпына келтіре де алады.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ