Қос мемлекеттiң ынтымақтастығы артады

Наурыз 16 / 2019

 

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті.

 

Қазақстан Президенті дәстүрлі қонақжайлылық көрсеткені үшін тақ мұрагеріне ризашылық білдіріп, Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындары Таяу Шығыс елдерінің ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінде алғаш рет өтіп отырғанына тоқталды.

– Бұл маңызды спорт шарасы мүмкіндігі шектеулі спортшыларға өздерінің мықты рухы мен жеңіске деген ерік-жігерін танытуға жол ашады. Жарысқа Қазақстан командасы да қатысады. Елдеріңіздің басшылығы Қазақстан өткізетін халықаралық іс-шаралардың бәріне үнемі қатысып келеді. Сондықтан, сіздерге достық қолдау көрсету мақсатымен осы ойындардың салтанатты ашылу рәсіміне қатысуға келдім, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өткен жыл екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін жемісті болғанын атап өтті.

Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Біріккен Араб Әмірліктеріне шақыруын қабыл алғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, конфессияаралық келісім мен әлемде диалог орнату ісіндегі Қазақстанның рөліне ерекше тоқталды.

– Биыл біз еліміздің негізін қалаған тұлғаның 100 жылдығын салтанатты түрде атап өттік. Сіз шейх Заидті 25 жылдан астам уақыттан бері білесіз. Ол Сізді өте құрметтейтін және әлемдік деңгейдегі басшы ретінде танитын. Біз сіздерді үлгі тұтып, 2019 жылды толеранттылық жылы деп жарияладық. Соның аясында Әмірліктер көпұлтты, мәдениетаралық және дінаралық орталыққа айналуды көздейді. Осыған байланысты биылғы ақпан айында Рим папасы Францисктің Біріккен Араб Әмірліктеріне тарихи сапары болды, – деді шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян.

* * *

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласындағы көрікті жерлерінің бірі – шейх Заид мешітін аралап көріп, осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның рухына тағзым етті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев мешіт ғимаратының архитектуралық ерекшелігімен танысып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

* * *

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында «Zayed Sports City» стадионында өткен Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Биылғы 14-21 наурыз аралығында Абу-Даби қаласында өтетін Арнайы Олимпиада ойындары – Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінің тарихындағы алғашқы спорт сайысы. Бұл шараға әлемнің 170-тен астам елінен спорттың 24 түрі бойынша сайысқа түсетін 7500-ден аса спортшы қатысуда. Қазақстаннан үстел теннисі, теннис, дзюдо, суда жүзу, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол, шағын футбол, гольф, бочче, гимнастика, боулинг, роликпен жүгіру және бадминтон сияқты спорттың 15 түрі бойынша 67 спортшы жарысқа түседі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ