Руханият 0 пікір 3312 лайк

Наурыз «Көрiсу» күнiмен басталды

Наурыз 16 / 2019

 

Түркістанда Наурыз мерекесі «Көрісу» күнімен басталды. Қ.А.Ясауи кесенесінің маңындағы Арбат алаңына жиналған көпшілік бір бірімен көрісіп, мерекенің көркін қыздырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық ішкі саясат басқармасы бірлесе ұйымдастырған шараға 1000-ға жуық өнерпаз қатысып, «Алтын дәуір», «Көрісу», «Қауышу» көріністерін сахналап, түрлі би композициялары бойынша өнер көрсетіп, әсем әндер орындады. «Жастық-көктем» атты 300 адамнан құралған флешмоб биі де көпшілік назарына ұсынылды.

 

Салтанатты жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы меңгерушісінің міндетін атқарушы М.Камеденова «Көрісу» күнінің маңыздылығын түсіндіріп өтті.

– Алты ай қыста мал-жанның қамымен бір-бірінен қол үзіп қалған халық бұл күні туған-туысын, жақын-жуығын іздеп барып, көрісетін болған. Ауыл тұрғындары ерте тұрып, жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Яғни көктемге аман-сау жеткен халықтың тілек айтып, бір-бірімен қауышатын күні. Бүгінде бұл мерекені бүкіл еліміз тойлауда. Сондай-ақ, негізгі мақсат – араздасып, бір-бірімен араласпай кеткен жақын адамдарды татуластыруға, табыстыруға бағытталған. Тіпті, әртүрлі себептерге байланысты жанжалдасып, бет көріспей кеткендер де бұл күні көрісіп, қол алысуға міндетті. Ежелден келе жатқан салттың талабы осындай, – дейді ол.

Ал, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек көпшілікті әз Наурыз мерекесімен құттықтап, «Биылғы жылы жаңадан құрылған облыста алғаш рет Наурыз мерекесін атап өтіп отырмыз. Наурыз мерекесі 9 күнге жоспарланып, оның әр күні тағлымды шараларға толы болады. Мереке құтты болсын» деген тілегін жеткізді.

Іс-шара концерттік бағдарламалармен жалғасты.

Осы күні тақырып аясында облысымыздың барлық аудан, қалаларында Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің және жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шаралар өткізілді.

Шара аясында түрлі этнос өкілдері ұлттық тағамдарын ұсынды. Кітапханаларда кітап көрмелері, музейлерде мәні жоғары жиындар ұйымдастырылды.

Қ.УӘЛИ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ