Арнайы беттер 0 пікір 0 лайк

Бiзге орасан зор мiндеттер жүктелген

Наурыз 16 / 2019

 

Шымкент қаласындағы М. Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде студенттердің жаңа технологияларды жетік меңгеруіне барынша көңіл бөлінген. Техникалық, экономикалық, гуманитарлық бағыттағы мамандықтарда соңғы үлгідегі оқу құралдары жиі пайдаланылады. Сонымен қатар, ескірген техникалар ауыстырылуда.

 

Қазіргі таңда оқу орнында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру мақсатында компьютер сыныптары ашылып жатыр. Бүгінге дейін 300-ге жуық жаңа компьютер сатып алынып, олардың барлығы интернет желісіне қосылды. 25 интерактивті тақта бар. Жатақханалардағы және кітапханалардағы оқу залдарында интернет-сыныптар іске қосылды. Айта кетейік, білім ошағында студенттердің ағылшын тілін тереңдетіп оқуына да басымдық берілген.

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деген болатын. Қандай мемлекет болса да, ол алға қойған межесін білімімен ғана бағындыра алады. Сондықтан бұл бағытта да кәсіби мамандар даярлайтын арнаулы орта оқу орындарына орасан зор міндеттер жүктелген. Мемлекетіміздегі үздік 10 колледждің қатарына енген М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі ол міндеттерді абыроймен орындап, бұдан да үлкен жетістіктерге жететініне сеніміміз мол.

А.ҚАЛЫБЕКОВА, М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының оқытушысы. Шымкент қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ