Рухани жаңғыру 0 пікір 3308 лайк

Тарихқа тағзым, ұрпаққа аманат!

Наурыз 16 / 2019

 

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев отандық телеарналардың біріндегі сұхбатында сөз арасында «Телеулер қайда?» деп сұрап қалды. Жауап қатқан ешкім болмады. Сол жолы «Жойылып кеткен бір тайпа, ру болды ғой» деп ойлаған едім. Сөйтсем, тіпті, олай болмай шықты.

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізі сол кезде-ақ қаланған сияқты. Жуырда Қызылордада «Телеу баба мәдени орталығы» қоғамдық қоры ашылатын болды деген хабарды естіген соң арнайы бардым. Іс-шараға қатысқаннан кейін Елбасының тереңдігіне таң қалдым. «Отан отбасынан басталады» демекші, ел болудың өзі де қазақтың көне ру-тайпаларынан, олардың ерлігі мен бірлігінен құралады екен ғой деген ойға келдім. Қазіргі телеулер ежелгі «телегуздердің» генеологиялық жалғасы екен. Ежелден 5400 жылдық тарихы бар телегуз ұрпақтарының жер бетінен жойылып кетпей, күні бүгінге дейін өмір сүріп отырғанына көзіміз жетті. Ежелгі телегуздер «Ақ табан шұбырынды, Алқа көл сұлама» зардабынан жан-жаққа тарыдай шашылып кетіпті. Қытай архивтерін қопарған жазушы Қойшығара Салғарин де бұл мәселемен дендей айналысқан екен. Кезінде ежелгі телегуздердің шығыстағы Сары өзеннен бастап, батыстағы Атлант мұхитына дейін билік жүргізгенін бүгінгі ұрпақ біле бермейді. 1726 жылғы жоңғарлармен болған шайқаста асқан ерлігімен көзге түскен «тебінгісі терме алтын» Тайлақ батыр, айбыны асқақ Қасқарау батыр осы телеуден тараған тұлғалар екен. Кентау қаласында Қасқарау батырдың шөбересі тұрады. Ал, есімі аңызға айналған Телеу бабаның зираты Түркістан облысындағы Төлеби ауданында болып шықты.

Міне, біз білмейтін ұлы даланың бір қыры! Жаңадан ашылған қор тарихқа тағзым, ұрпаққа аманат жолында тындырымды тірліктер атқарады деп сенеміз.

О.БЕКБОЛАТОВ, ақын.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ